Биыл наурыз айының басында парламентте жас ғалымдардың докторлық дәрежесін ала алмай жүргені жайлы айтылды. Сенат депутаты Қайрат Тастекеевтің мәлімдеуінше, кейінгі 10 жылда 10 мыңнан астам азамат PhD оқуына түскен. Бірақ оның небары жартысына жуығы ғылыми дәрежесін қорғай алған.
7 наурызда Сенат отырысында Тастекеев депутаттық сауалын PhD ғалымдардың мәселесіне бағыттады. Сөзінше, 2011-2022 жылдар аралығында 10276 азамат докторантурада оқыған. Бірақ оның небары 4497-сі ғылыми дәрежесін алған. Депутаттың айтуынша, бұған докторанттарға “онлайн ғылыми журналдарға зерттеу мақаласын жариялау қажет” дейтін талап түрткі болған.
2011 жылдан бері ғылымға келуді мақсат еткен азаматтардың 93,5 пайызының PhD оқуы мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады.
Қазақстан ғалымдары PhD дәрежесін алу үшін әлемдегі өзге де зерттеушілер секілді Scopus деп аталатын ғылыми журналдарға шығуға тиіс.
Депутаттық сауалда келтірілген мәліметке сәйкес, бүгінде Қазақстанда 5966 жас ғалым PhD дәрежесін алу үшін оқып жатыр. Олардың арасында оқуын тәмамдап, бірақ диссертациясын қорғауға жіберілмей жатқандар бар. Себебі Scopus индексіне ағылшын тілінде зерттеуін жариялап үлгермеген.
Ғылым және жоғары білім министрлігі әзірге депутаттық сауалға ресми жауап бермеді. MNU Newsroom тілшісі Сенат өкілі Тастекеевке сауалдың қаралу барысы туралы білу үшін хабарласты. Бірақ әзірге жауап алу мүмкін болмады.
MNU-дің Assistant профессоры Алма Сайлауқызының пікірінше, Scopus базасында зерттеулерді қабылдау процесі күрделенген. Одан бөлек, оған кететін қаражат та аз емес екен.
«Scopus базасында материал жариялауда қиындық бар, өйткені Scopus, Тhomson Reuters секілді ықпалы жоғары журналдар тізімі үнемі құбылып отырады. Біріншіден, докторанттардың мақаласын шығаруда тұрақсыздық бар. Екіншіден, гумантиралық бағыттағы журналдарға таңдау көп емес», – дейді Сайлауқызы.
Алма Сайлауқызы мұнда тіл шектеуі де бар деп есептейді. Сөзінше, халықаралық журналдар зерттеу жұмыстарын тек ағылшын тілінде қабылдайды. Ал ғалымдар үшін бұл да белгілі бір деңгейде қиындық тудырады.
«Біздің гуманитарлық ғалымдардың әлеуеті мықты болғанмен, ғылыми ағылшыны жеткілікті жақсы деңгейде емес, аудармаға келгенде оның құны түсіп кетеді де, ғылыми мақаласы сапасыз деңгейде болып қалады», – дейді ол.
Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Математика және математикалық модельдеу институтының бас директоры Махмұд Садыбеков кейінгі жылдары PhD ғалымдарының азайғанын, оған үміткерлердің дайындығының төмен екенін айтады.
«Мәселе Scopus халықаралық базасында мақала жариялауда емес. Мәселе докторанттардың төмен деңгейдегі дайындығында болып отыр. Сондықтан олар халықаралық рейтингі жоғары журналдарда бір мақаланы да жариялай алмайды. Олардың ғылыми деңгейі өте төмен. Сондықтан олар диссертация қорғай алмайды. Бізге ондай әлсіз PhD керек емес», – дейді Садыбеков.
Ал Қазақ Ұлттық университетінің журналистика мамандығының профессоры Олжас Жолдыбай ғылымға кездейсоқ дайындықсыз келгендердің көп екенін тілге тиек етті.
«Сапасыз мақала жазатындарға келсек, олар екі түрлі болып келеді. Олардың бірі – мамандықты дұрыс таңдамағандар. Екіншісі – жұмысты жаңадан бастап, өз мамандығын әлі толық меңгере алмай жүрген жастар. Докторантурада оқығанымен, сапасыз мақала жазатындар бұл салаға кездейсоқ келгендер деп есептеймін. Ондайлар өз мамандығын меңгеруде салғырттық танытады, ізденбейді», – дейді ол.
Депутат сауалында халықаралық журналдарға шығатын қазақстандық ғалымдардың мақалалары азайғаны туралы да сөз болады. Мысалы, 2018 жылы 4323 зерттеу жарияланса, 2022 жылы бұл жылдық көрсеткіш 3853 мақалаға төмендеген.
Ал беделді ғылыми журналдар талабы жоғары болғандықтан, ықпалы бар, бірақ табысқа негізделген онлайн ресурстарға да жүгіну көрсеткіші де арта бастаған. Мысалы, 2018-2022 жылдары сондай «predator journal» дейтін ресурстарға шыққан 2644 зерттеу мақаласы кейін жарамсыз деп танылған.
MNU Newsroom бұл мәселеге қатысты Ғылым және жоғары білім министрлігіне хабарласты. Бірақ әзірге жауап ала алмады.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің саясаттану кафедрасының 2-курс докторанты Мұрат Қайырбеков PhD дәрежесін алуға талап күшейгенін айтады. Сөзінше, соның есебінен ғалымдар диссертациясын қорғай алмай жүр.
«Біздің елде мақаланы жазу талабын күшейтті. Оны дұрыс деп есептеймін. Мақала жазатын адамдар көп, алайда оның көбісі сапасыз. Көбісі жай ғана шолу жазады», – дейді докторант.
SDU докторанты Ғазиза Сапарбекқызының айтуынша, талап күшейгелі халықаралық базалардағы журналдарға мақала шығаруды кәсіпке айналдырған пысықай делдалдар бұрынғыдан да көбейе түскен.
“Әрі мұнда ғылыми жұмыстың сапасы емес, төлеген ақшасы басты рөл ойнайды», – деді ол Азаттық радиосына берген пікірінде.