26-03-24 |
13570 рет қаралған
Қазақстандағы қазақ тілі: Орысша білмесең, кезекте тұрма!.
Қазақстандағы қазақ тілі: Орысша білмесең, кезекте тұрма!

Бүгінде қазақ тілінде қызмет көрсету құқығын талап ететін азаматтар қатары көбейгенімен, арнайы мекемелер мен басшылық орындарда тіл жағдайы көңіл көншітпей тұр. Бұны көз көріп, құлақ естіп жүр. Мәселен, тіл жанашыры Толқын Мұхтарханова осы жағдаймен көптен бері күресіп келеді. Осы орайда ол қазақ тілінің құқығын шектеген “Miele” ЖШС және «Мечта» компаниясын азаматтық сотта жеңіп шықты. Тіл майданындағы тартысты жағдай туралы толығырақ Dalanews.kz агенттігі жазды.

Көпбалалы ананың айтуынша, тіл үшін күрес бір жыл бұрын бастау алған. Бұған дейін де әділдікті ту еткен азаматтың тіл құқығын талап етуіне бірнеше жағдай әсер еткен.

“Негізі өзім әділдікті тура әрі қорықпай айтатын адаммын. Әділетсіздікті көргенде, қол қусырып, үнсіз қалу – қанымда жоқ. Сондықтан шындықты тура айтқаннан, көп жағдайда адамдарға ұнамай қаламын. Жалпы тіл үшін күреске барудың бірнеше себебі бар. Бірінші – балаларымның болашағына деген алаңдаушылық. Бір күні балам бір ғимараттағы жазуды көріп, “Анашым, “ехет” деген не деп сұрады?”. Сөйтсем төбеде шығу деген жазуды тек ағылшынша жазып қойған екен. “Exit” деген сөзді “eхет” деп оқып жүр екен. Мен осы кезде балам өз елінде ана тілін үйреніп жүріп, өз елінің ғимаратынан түсінбейтін сөзді оқып тұрғанына қарап, қатты намыстандым.

Екінші себеп – дүкенде орын алған жағдай еді.  Кезекте тұрғанда сатушы бір кісіге: “Я вас не понимаю. Говорите на русском, либо уходите с очереди” деді. Маған сол кезде: “Мен өз елімде тұрамын, бірақ неге қазақ тіліміз қорғалмаған” деген ой келді. Сөйтіп заңды adilet.kz-тен қарай бастадым. Мемлекеттік тілімізді қорғайтын заңдар көп екен. Бірақ біз оны біле бермейді екенбіз. Егер мен сол жерде заңды білгенімде, сатушыны орнына қояр едім” , – дейді Толқын ханым.

Осылайша заңмен толыққанды танысып шыққаннан кейін, ол бұл оқиғаны бір Конституциямен қорғап шығуға болатынын түсінеді. Алайда заң тұрғысынан көптеген мүмкіндік қарастырылғанымен, адамдар көп жағдайда одан бейхабар болатынын жеткізді.

“Біздің Ата Заңымыз Конституциямызда не дейді? Әркім Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, адамдар құқықтарын, бостандықтарын, абырой мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті. Бұл жерде өз құқығымызды білмегендіктен, тілімізді қорғай алмай жүрміз.

Ары қарай тіл туралы заңға тоқталып өтсем. Мұнда тұтынушыларды қорғайтын заң мен кәсіпкерлік кодекс те бар. Тіпті жарнамадағы маңдайшаларға да арнайы заң қарастырылған. Осылардың бәрін оқып, мен өзімнің құқығымды білетін болдым”, – дейді.

Осы тұста Толқын ханым Қазақстанда тұрмыстық техникаға қажетті тауарларды ұсынатын “Miele” компаниясымен тіл мәселесіне байланысты келеңсіз жағдай қалай өрбігенін түсіндірді. Айтуынша, бұл іс сотқа дейін барған.

“Біз отбасымызбен жаңа қоныс алдық. Сол жерге өңдеу жұмыстарын жасап жүрдік. Осылайша жаз айында алдын ала “Мечта” дүкеніне барып, “Miele” компаниясының кір жуғыш машинасы мен кептіретін құрылғысын сатып алдық. Пәтеріміздің өңдеу жұмысы аяқталып, күз айында жаңа қонысымызға көшіп келдік.

Заттарымызды “Miele” компаниясынан алдыртып, орнаттық. Содан көпбалалы болған соң, бірінші қажет нәрсе кір машина болды. Соны орнатып, қолдана бастадық. Алайда мен нұсқаулықтан қазақша мәтін таба алмадым. Әрбір алған затымызда, қазақша нұсқаулығы мүлдем болмады. Содан мен “Miele” компаниясына хабарласып, олардан қазақша нұсқаулықты сұрадым. Олар бізге уақыт керек деп жауап қатты. Содан мен жақсы деп өз талабымды сот арқылы шешетінімді айттым”, – дейді Толқын ханым.

Ал аталмыш компания қазақша нұсқаулықты арада екі апта өткеннен кейін жіберген. Сонымен қатар арызданушы компанияның сайтына да назар аударған. Өкінішке қарай, бұл жақтан да қазақша ақпарат таба алмаған.

“Айта кететін жайт, “Miele” компаниясы бір ай немесе екі апта бұрын ашылған компания емес. Қазақстанда 15 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осынша жыл нарықта болып, қазақша нұсқасы болса, олар менің сол мезетте электронды поштама ақпарат жіберетін еді. Бірақ олар қоңырау шалғаннан кейін араға екі апта салып, электронды нұсқасын жіберді және пошта арқылы қолыма әкелді. “Мiele мен «Мечта» компанияларын тұтынушы ретінде “тұтынушы құқығым бұзылды деп” азаматтық сотқа бердім.Біріншіден, менің тұтынушы ретінде сұраған нұсқаулықтың және “Miele”  компаниясында қазақша ақпараттың жоқ екенін айттым. Сонымен қатар Miele компаниясының сайтында тілді таңдайтын кезде қазақша батырманың жоқ екенін де атап өттім. Сот процесінде олар “kz” деп қазақша батырманы енгізді. Бірақ қазақша деген батырманы бассаңыз, ақпарат жоқ. Солардың бәрін аудару керек деп талап қойдым және тұтынушы ретінде құқығымның бұзылғанын қостым”, – дейді тіл жанашыры.

Нәтижесінде ол “Miele” компаниясын сот барысында жеңіп шығады. Осылайша тұтынушы құқығын шектеген компаниядан арнайы өтемақы өндіріп алған.

“Менің бір танысым шаңсорғыш сатып алды. Ол жерде де тек орысша нұсқаулық болды. Мен оны дәлел ретінде қосқым келді. Алайда сот бір тұтынушы болғандықтан, оны бөлек тұтынушы ретінде жазсын деп айтты. Соттың шешімі бойынша, “Miele” компаниясын прокуратураға көрнекі ақпарат туралы 455-бап бойынша жіберуім керек болды. Сондай-ақ “Miele” компаниясы маған тұтынушы құқығым бұзылғаны үшін моральдық шығын ретінде 100.000 теңге төлейтін болды және төленген бажымды қайтаратын болды”, – дейді ол.

Арызданушы аталмыш компаниямен іс әлі аяқталмағанын және соңына дейін күресетінін жеткізді.

“Мiele компаниясының сайтында тіл таңдау бұрышы болмайтын. Тек орысша тұратын. Сот барысында “kz” деп батырма енгізді. Бірақ ақпарат әлі де жоқ. Сондықтан менің келесі жұмысым прокуратураға арыз жазып, Miele компаниясының көрнекі ақпараттарының бәрін аударту”, – дейді.

Тіл жанашыры Қазақстанның әр нүктесі мен әрбір жерінен қазақша ақпарат алуға әр адамның толықтай құқығы бар екенін және дау-дамайсыз әрі ұрыс-керіске бой алдырмай мәселені заңды түрде шешуге болатынын айтады. Осы тұста ол кәсіпкерлер де заңмен бір мәрте танысып шықса деген өтінішін жеткізді.

“Көптеген кәсіпкерге айтарым бар. Ең бірінші олар тұтынушы құқығын қорғайтын заңды оқып, кәсіпкерлік кодексін қарап шықса деймін. Өйткені мен қазақ тіліндегі ақпаратты талап ететін кезде, сен ұрыс іздеп тұрсың, ұлтшылсың деп айтады. Мен өз кезегімде “Бұл жерде ешқандай принцип жоқ екенін, тек мен құқығымды заң жүзінде талап етіп тұрғанымды” айтамын”, – деп сөзін жалғады ол.  

Қазіргі таңда адамдардың өз құқығын қорғау қиын емес. Осы тұста тіл жанашары үйде отырып-ақ арызды онлай беруге мүмкіндіктер қарастырылғанын атап өтті.

“Мемлекет басшысы халық үшін өз шағымдарын, арыздарын, талаптарын жеткізу үшін онлайн түрде амал жасап қойған. Мәселен, фотоға түсіресіз. Сосын өтініш пен электронды кілтіңіз болса, барлық мекемеге шағым жібере аласыз және шағымнан жауап алмасаңыз ары қарай сотқа бере аласыз. Еш қиындығы жоқ. Мен халық осы тәсілді түсінсе екен деймін және бей-жай қарамай, өз құқықтарын талап етсе, біз қоғам болып дами аламыз. Қазақ тілі – ана тілім. Жан дүнием және тарихым. Егер мен өз елімде тұрып, қазақ тілінде ақпарат ала алмасам, бұл менің тікелей Конституциялық құқығымды бұзғаны деп білемін. Сондықтан қазақ тілін бірге дамытайық”, – дейді ол.

Сондай-ақ ол тіл мәселесіне байланысты тағы бір маңызды тілегін тілге тиек етті.

“Менің тағы бір арманым –  мемлекеттік туралы заң шығып, сол заңды қадағалайтын бөлімше болса екен деймін. Өйткені мемлекеттік тіл тек тұтынушыға ғана емес, жалпы қазақ болып қалуымыздың маңызды бөлшегі” – деп сөзін қорытындылады.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.