30-05-20 |
7610 рет қаралған
Қазақстанның табиғат байлығын 49 жылға жалға алған жеке компанияның артында кім тұр?.
Қазақстанның табиғат байлығын 49 жылға жалға алған жеке компанияның артында кім тұр?

Қазақстанның ұлттық табиғи байлығы саналатын “Іле–Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне” қарайтын Алмарасан, Үлкен Алматы көлі, Ассы үстірті, Есік және Солдат шатқалдары және тағы басқа ұлттық паркке қарайтын табиғат байлықтары “КУЛТАУ И К” ЖШС 49 жылға жекенменшікке жалға берілгені туралы бұған дейін жазған едік. Ол әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. Осы мәселеге орай журналисттер: Бағдат Асылбек, Елнұр Алимова «Рас айтамын» telegram каналында шағын зерттеу жасап, жариялаған екен. Сол шағын зерттеуді жариялап отырмыз.

****

Іле Алатауы ұлттық паркінің 32,6 гектар жері жеке компанияға ұзақмерзімді пайдалануға өтіп кетті деген хабар қоғамда қызу талқыланып жатыр.
Тендерді жалғыз қатысушы болған «Култау и К» ЖШС ұтып алған. Жекемешік компанияға Үлкен Алматы көлі, Асы, Алма-Арасан, Түрген, Есік шатқалдары мен Маралсай, Бутаковка мен тағы басқа 35 шақты жер 49 жылға пайдалануға берілді. Тендер шарты бойынша, компания онда экологиялық туризмді дамытып, туристік кешендер, кемпинг, визит-орталықтар салуы тиіс.
Тендерге жалғыз өзі қатысып, Іле Алатауындағы ең айшықты жерлерді пайдалануға алған бұл неғылған жекеменшік компания, оның артында кім тұр?
«Култау и К» компаниясы 2004 жылы тіркелген, Esentai Tower бизнес-орталығында орналасқан. 2010 жылдан бері бюджетке 6 110 461 теңге, ал 2015 жылдан бері бюджетке небәрі 1 миллион теңге салық төлеген.
«Култау и К» ЖШС-ның директоры әрі иесі – Гужавин Александр Олегович. Ол сондай-ақ дәл «Култау и К» компаниясы орналасқан мекенжайда тіркелген «Ас-Алтын» атты ЖШС-ға жетекшілік етеді. Ақпарат құралдары оның «МАСАТО» құрылыс-инвестициялық компаниясы мен онымен аттас универсам және «СТС Стоун Груп» ЖШС-да үлесі екенін жазған.
Гужавин «Chimbulak Development» ЖШС-ның бас директоры болған кезінде «Мемсараптама» республикалық мекемесіне хат жолдап, Азиада алдында техникалық күрделі мәселелерді тез арада қарап бергеніне алғыс білдірген. Ол сондай-ақ Capital Partners девелоперлік компанияның бас директоры болған. Ал бұл компанияның мажоритарлы иесі, Forbes Kazakhstan рейтингісі бойынша ең ықпалды 50 бизнесменнің тізіміне кіретін 54 жастағы Сержан Жұмашев.
Жұмашев пен Гужавинді байланыстыратын жайттар мұнымен бітпейді. Жұмашевтің Capital Partners компаниясының аты «Көкжайлау» таң-шаңғы курортының құрылысына қатысты дауда шыққан. Курорт құрылысын Capital Partners тобына кіретін «Көкжайлау тау-шаңғы курорты» ЖШС салады деп жоспарланған. Осы компания Көкжайлау курортының құрылысына қатты мүдделі болғанын ақпарат құралдары көп жазды. Ал Гужавин кезінде «Көкжайлау тау-шаңғы курорты» компаниясын басқарған. Capital Partners сондай-ақ Шымбұлақ курортына иелік етіп, басқарады.
Қызығы, Гужавин мен Жұмашевтің де есімдері офшордағы компанияға иелік ететіндерді әшкере еткен «Панама құжаттарында» жарияланған.
«Панама құжаттарына» сәйкес, Александр Гужавин Сингапурда тіркелген «KODY ASIA PTE.LTD компаниясының директоры. Құжаттарға қарағанда, офшор компания 2005 жылдың 25 ақпанында тіркелген. Гужавин осы компанияның негізі салынған күннен бастап оның директоры қызметін атқарады. Kody Asia компаниясына Британ Вергин аралдарында тіркелген Kody Universal LTD офшор компаниясы мен Ng Mui Hong есімді азамат иелік етеді. Гужавиннен басқа компанияның тағы үш директоры бар.
Ал Сержан Жұмашев Британ Вергин аралдарының юрисдикциясындағы Capital Airwings Delta компаниясының бенефициары, яғни иесі. Capital Airwings Delta компанисының акционері – Британ Виргин аралдарында тіркелген Stealth Finance LTD атты өзге офшор компаниясы.
Сержан Жұмашев сондай-ақ Сейшель аралдарының юрисдикциясындағы Madison Equittes Trading компаниясының бенефициары. Бұл компанияның акционері – Түркияда тіркелген The Bearer компаниясы.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.