Қазақтарды басқару туралы кітап сатылымнан алынып тасталды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы AmalBooks баспасының негізін қалаушы, баспагер Бақытжан Бұқарбай инстаграм-парақшасында айтты. Оның сөзінше, «Как управлять казахами?» кітабы бүкіл сату нүктесінен алынып тасталған.
Құрметті қазақ елі, бүгін таңғы 9:00-ден 12:00-ге дейін «Компос» жанармай бекеттеріне барып, өзім жеке сол жерде болдым. Видеоны көріп келген жанашыр ағайындарымыз, бауырларымыз, ағаларымыз бар, әрқайсысымен жеке-жеке осы уақыт аралығында кездесіп, мақсат-мүдделерін түсіндіріп, жеткізіп айттым. Бірақ кітап шығаратын баспагер болған соң біз кері байланыспен де жұмыс істеуіміз керек және ешқашан біз өзімізді халықтан биік қойған жоқпыз. Сонда келушілердің пікірін, кері байланысын тыңдап отырсақ, оларға ұнамағаны мұқаба болып тұр. Бірден кітаптың мазмұнын түсінбей қаласың дейді. «Мына жазылған, сен айтып отырған нәрселер дұрыс та шығар, бірақ мына мұқаба соны ашпайды, сондықтан осындай реакциямыз болып жатыр» деп айтты. Сондықтан біз бүгін бүкіл сату нүктелерінен бұл кітапты түгел алып тастадық. Қазір ешбір жерде бұл кітап сатылымда жоқ, – деді баспагер.
Еске салайық, «Қазақтарды қалай басқару керек?» атты кітап желіде дау тудырған болатын.
Кітап дүкен сөрелерінде сатылып тұрғаны жайлы белгілі блогер, медиа продюсер Нұрқожа Ерсайын айтты.
«Достар, мынау не енді? Қараңыздаршы. Тура Алматының төрінде «Как управлять казахами?» деген кітапты қойып қойыпты. Кітаптың қысқаша тарихын айтып берейін. Бұл бәріне белгілі кітап. Иван Кириллов деген оңбаған кісі 1734 жылы шығарған, яғни қазақтар жоңғарлардың әсерінен құлдырап, Ресейге қосыла бастаған кезде Иван Кириллов деген адам осы кітапты жазып шыққан. Мұны сыртының өзінде жазып қойған. Қазақ пен қырғыз руларын бір-бірінен бөлу, ажырату арқылы оларды бағындырып, оларды тізе бүктіріп, Ресейге бағындырудың тікелей нұсқаулығы. Сол кітап енді сатылып жатыр. Суретінде де бір хан орыс офицерлерінің алдында бас иіп, бағынып жатыр», – дейді блогер.
Дизайнер, сәулетші Елзат Мұқашевтің сөзінше, кітапты сөреден көрген адамдар оны суретке түсіріп, мазақ еткендей болған.
«Осыны сатуға рұқсат берген адамның намысы бар ма деген сұрақ туады», – дейді Мұқашев.
Нұрқожа Ерсайынның сөзінше, кітап туристер көп тоқтайтын жанармай құю бекетінің дүкенінде сатылып тұрған.