30-09-24 |
1140 рет қаралған
Қоғамдық бірлестік құру – мүміндігі шектеулі жандар үшін үлкен көмек.
Қоғамдық бірлестік құру – мүміндігі шектеулі жандар үшін үлкен көмек

Мемлекет пен қоғамның көмегі шынайы зәру топтың бірі – мүмкіндігі шектулі жандар. Денсаулығында кінәраты бар азаматтардың өзі армандағандай өмір сүрмек түгілі, жүріп-тұруы, өз бетінше тамақтануы қиын. Кейде төсекке байланған мүгедек жандарға қамқорлық жасаймын деп бар уақыты мен өмірін арнайтын адамдардың да арманы аяқасты болып жатады. Осындай мұқтаж жандарға барынша көмек беріп, қолдау көрсету – мемлекеттің негізгі міндетінің бірі.

«Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дейді дана қазақ. Сол айтпақшы, кейде жалғыз жарым тірлік кешіп жатқан мүмкіндігі шектеулі жандардың мұңы мен тілегі қажетті жерге жетпей жатады. Кейде құқықтық сауатының кемдігінен, оған қоса мүмкіндігінің аздығынан өзіне тиесілі жеңілдіктен қағылып қалатындар да аз емес. Осындайда мүмкіндігі шектеулі жандардың бірігіп әрекет етуі, өз мәселелерімен бірігіп күресуі оң нәтиже берері анық. Себебі олардың қиындығын, қасіретін өздерінен артық ешкім білмейді. Сондықтан, мүмкіндігі шектеулі жандардың бір ортаға бірігіп, «бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» принципін басшылыққа алғаны тиімді. Бұл әдіс нәтижелі болғандықтан да кейінгі жылдары мүмкіндігі шеутеулі жандардың басын біріктірген түрлі ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің қатары көбейген.

Мүгедектердің қоғамдық бірлестігін құрудың өзіндік тәртібі бар. Бұл жерде бір ескерерлігі, мүмкіндігі шектеулі жандардың мүгедектер ұйымын құруға қатысуы міндетті емес. Мүгедектердің қоғамдық ұйымын құру үшін әділет органдарында тіркеу, қызметкерлерді жалдау, тізілімге қосу шаралары жүзеге асырылады.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың мүддесін қорғау мақсатында құрылған мұндай ұйым, қоғамдық бірлестіктер коммерциялық мақсатты көздемейді. Мұндай бірлестікті заңды тіркеу үшін: кем деген үш бастамашы тұлғаның жеке куәлігі, олардың міндетті түрде Қазақстан Республикасының азаматы болуы, осы бастамшылардың ешқайсында қандай да бір заңдық шектеудің жоқтығы назарға алынады.

Осыдан кейін бастамашылар ұйым не бірлестікке мүше болуға ынталылардың қолын жинайды. Бұл жерде ұйымға мүмкіндігі шектеулі жандардың мүддесін білдіретін, мақсатын айқындайтын бірегей атаудың берілуі аса маңызды. Сол үшін ұйымды тіркемес бұрын атауды айқындауға барынша күш салу керек. Сондай-ақ, ұйым атауы басқа атауларды қайталаған жағдайда құзырлы орган тіркеуден бас тартатынын қаперде ұстаған жөн.

Заңды мекен-жай беру туралы кепілдік хат дайындағанда ұйымның орталығы кеңсе де, пәтер де, үй де бола алатынын атап өткен абзал.

Осы ретте бірінші басшының кандидатурасын анықтау; құрылтай құжаттарын әзірлеу де маңызды қадамдардың бірі. Мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамдық ұйым немесе бірлестік құру бойынша өтініш жазған соң, мемлекеттік бажды төлеуі міндетті. Оның көлемі – 6.5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде. Осы құжаттар топтамасын толықтырған соң «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ арқылы өтінішті жолдауға болады.

Өтініш түскеннен кейінгі бес жұмыс күн ішінде құжаттарды саралаған Әділет министрлігі қоғамдық ұйымның немесе қоғамдық бірлестікті тіркеу туралы анықтама мен жарғыны береді. Бірақ, бұл мүмкіндігі шектеулі жандардың өтініші екен деп құжаттағы кемшіліктерге құзырлы орган көз жұма қарайды дегенді білдірмесе керек. Егер қандай да бір кемшіліктер анықталғанда Әділет министрлігі кемшіліктерді көрсете отырып, өтінішті кері қайтарады. Осы кем-кетікті түзеп, құжаттарды толықтырғаннан кейін өтінішті қайта жолдап, жауапты тағы да бес күн күту керек.

Ал қоғамдық ұйымның тіркелгені туралы жарғы мен анықтама берілген жағдайда мөр жасап, қажет болса банкте шот ашу, салық есептілігі үшін электрондық қолтаңбаға тапсырыс берген дұрыс.

Жалпы алғанда мүмкіндігі шектеулі жандардың бірлесіп жұмыс істеуіне, мемлекеттік тапсырыстар ұтып алуына ешқандай кедергі жоқ. Мемлекеттік мекемелерде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды вакансиямен қамтамасы ету үшін арнайы квота айқындалған. Ал мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс беріп, қамқорлығына алған жеке кәсіп иелеріне салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Соның арқасында бүгінде мемлекет қолдауын иеленген кемтар жандар көп. Айман Мұсатаева осындай қолдаудың игілігін сезініп отырған ананың бірі.

– Мен мүмкіндігі шектеулі қыз бағып отырған анамын. Қызым 11 жаста. Шыны керек, кемтар жанды бағып отырған отбасыларға мемлекеттің қолдауы өте жоғары. Тек өзіңнің бар екеніңді, неге мұқтаж екеніңді құзырлы органдарға айтып, жеткізіп отыру керек. Мәселен, менің қызыма қымбат дәрі-дәрмек керек. Дәрілерді жергілікті емханамыз ай сайын уақытында беріп тұрады. Қызымды мектеп мұғалімдері үйге келіп оқытып кетеді. Бұл да үлкен жанашырлықтың белгілі. Осы үйден оқитын қызымның құрал-жабдығы үшін жәрдемақыдан бөлек, тағы қосымша  ақшалай көмек беріледі. Сонымен қатар, биыл қаланың ортасынан үш бөлмелі үйді ең төмен пайызбен ипотекаға алдық. Әкімдік қызметкерлері алдымен бізді шақырып, «төменгі қабаттардан өздеріңізді ыңғайлы үйді таңдаңыздар! Сіздерден кейін басқа әлеуметтік қызметкер таңдау жасайды» дегенде тағы бір жылылыққа көңілім көтеріліп қалды. Бірнеше тұрғын үй орналасқан бұл аймаққа мектеп, балабақша, үйірме, парктер, балалардың ойын алаңдары жақын орналасқан. Осының бәрі мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын ескергендіктен жасалып отырғаны қуантады.

Мен қызымның мәселесімен мектепке, әкімдікке жиі барамын. Сондай байқағаным, үйінде мүмкіндігі шектеулі бала бағып отырған аналардың көпшілігі өзінің де, баласының да құқығын білмейді. Мемлекеттен беріліп жатқан артықшылықтар бойынша ізденбейді. Кейбірі кемтар баласына тұрақты күтім керек болған соң, үйден шыға алмайтынын айтады. Осындай аналардың басын біріктіріп әзірге ортақ чат ашып, өзім білетін ақпараттармен бөлісіп келемін. Мәселен, бізде әлеуметтік қызметкерлер өте белсенді жұмыс істейді. Кемтар баласы бар аналар сол жерге хабарласса, әлеуметтік қызметкерлер уақытша баланы қарап береді, үй шаруасына көмектеседі. Байқағаным, кейбір аналар мен айтпайынша мұндай жақсы көмектің барын бұрын білмеген. Міне, соған орай енді мүгедек баласы бар аналардың басын біріктіріп, қоғамдық ұйым құруды мақсат етіп отырмын. Сол мақсатта түрлі тренингтерге барып, мүмкіндігі шектеулі баласы бар ата-аналардың кәсіп меңгеруіне, тендерлер арқылы табыс табуына көмектесу ойым бар, – дейді Айман Мұсатаева.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.