arasha.kz

Қоғамдық бірлестік құрудың тиімділігі неде?

Жыл сайын республика шеңберінде «Халық заңгері» деген керемет шараның өтетінін Қазақстан халқы жақсы біледі. Еліміздің түкпір-түкпірінде бір уақытта өтетін бұл акцияға мықты, беделді заңгерлер қатысып, халыққа тегін құқықтық кеңес береді, мәселесін оңтайлы шешуге барынша көмектеседі. Биыл Алматыда өткен осы шарада заңгерлерге жүгінген Қарлығаш Бостанова «мүмкіндігі шектеулі бала бағып отырған аналардың мәселесі ортақ, толғандыратын сұрақ бір. Бірақ әр ана әр жақта жүргендіктен, олардың мұңы діттеген жерге жете бермейді. Ортақ мәселені ұтымды шешу үшін не істегеніміз жөн» деген сауалын қойды. Осы ретте заңгерлер бір ауыздан мұндай аналарға қоғамдық бірлестік құрып, бір ұйымға топтасудың тиімділігін айтты. Қоғамдық бірлестік аналардың бәрін алаңдатқан мәселеге жалпы жұртшылықтың назарын аудартуға, мемлекеттік тапсырысқа қатысу арқылы қаржылай қолдауға ие болуға мүмкіндік береді.

Яғни, мүдделес адамдардың бір қоғамдық бірлестікке топтасып, мәселелерін бірігіп шешкені әлдеқайда тиімді. Ол үшін мұндай бірлестік құрудың жалпы тәртібін біліп, заңдық тұрғыдан құжаттарды реттеу керек. Мұндайда азаматтардың басты бағдар етері – «Қоғамдық бiрлестiктер туралы» заң болары анық. Бұл заң 1996 жылы 31 мамырда тәжірибеге енгізілген еді.

Қоғамдық бірлестік құрудың ең басты шарты – еріктілік. Мұндай ұйымды құруға, оған мүше болуға ешкімді мәжбүрлеуге болмайды. Екіншіден, бірлестіктер Конституцияға бағынып, ел заңдарына қайшы келмеуі міндет. Сәйкесінше террористік, экстремистік пиғылда құрылған қоғамдық бірлестіктердің ғұмыры қысқа. Сондай-ақ, әскери мақсатта қандай да бір бірлестікке құру да заңға қайшы. Азаматтардың денсаулығы мен адамгершілік негіздеріне қастандық жасайтын қоғамдық бірлестіктер құруға және олардың қызметіне, сондай-ақ тіркелмеген қоғамдық бірлестіктердің қызметіне жол берілмейді. Мұндай ұйымдар жабылып қана қоймай, басында тұрғандар заңды жауаптылыққа тартылатынын да ескергеніміз жөн.

Сонымен бірге, қоғамдық бірлестіктер коммерциялық мақсатта, пайда табу үшін құрылмайды. Мұндай бірлестіктің негізгі міндеті – мүдделес адамдардың басын біріктіре отырып, ел дамуына, әлеуметтік осал топтардың мәселесін шешуге атсалысу. Тағы бір ескере кетері – діни бірлестіктер де қоғамдық бірлестік ретінде жұмыс істей алмайды. Мемлекеттің қоғамдық бірлестіктер ісіне, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктердің мемлекет ісіне заңсыз араласуына қатаң тыйым салынған. Мемлекеттік органдардың өз құзырындағы міндеттерді қоғамдық бірлестіктергдің мойнына жүктеп қоюына да жол берілмейді. Жалпы алғанда мемлекет пен қоғамдық бірлестік ынтымақтаса жұмыс істеп, мәселелерді бірігіп шешкенде қоғамда ілгерілеу болары талассыз.

Қазіргі қалыптасып отырған жағдайдан байқап тұрғанымыздай біздің еліміздегі қоғамдық бірлестіктер көбінесе патриоттық, рухани-мәдени, әлеуметтік мәселелер төңірегінде топтасады.

Әрине, кез келген қоғамдық бірлестік жұмысы бір жүйеге түсіп, өз мақсатын орындауы үшін қаржының қажет екені белгілі. Бірлестіктер көбіне-көп өз мүшелерінің жарналарының есебінен, коммерциялық жобалар мен мемлекеттік тапсырыс арқылы қаржы тауып жатады. Алайда, бұл жерде қазақстандық бірлестіктерді шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың қаржыландыруына жол берілмейтінін ескеруіміз керек. Жалпы, қоғамдық бірлестіктің ақша қаражаты мен өзге де мүлкінің қалыптастырылу көздері, қоғамдық бірлестік пен оның құрылымдық бөлімшелерінің (филиалдары мен өкілдіктерінің) мүлікті басқару жөніндегі құқықтары жарғыдан анық, нақты көрсетілуі шарт.

Бұл талапты әсіресе ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналардың бірлестіктері қаперден шығармағаны жөн. Тағы бір ескерерлігі, қоғамдық бірлестіктердің жұмысын тоқтатуына көбінесе өзара сенімнің болмауы, бірлестік жұмысындағы ашықтық пен жариялылықтың ескерілмеуі түрткі болып жатады. Жалпы, ашықтықты сақтамау түрлі күмәнді көбейтіп қоймай, бірлестік мүшелері арасындағы алауыздықты туындатады. Мұндай кезде бірлестік жұмысының алға басуы мүмкін емес. Сондықтан әр қоғамдық бірлестік өз мүшелерінің еріктілігін, тең құқықтылығын, өзін-өзі басқаруын, қызметінің заңдылығын, есептілігін, жариялылығын қамтамасыз етіп, осы негізде жұмыс істеуі тиіс. Әсіресе, бірлестік қоржынындағы қаржының қалай басқарылғанын әр адам біліп, көз жеткізіп отырғаны дұрыс. Сонда ғана өзара сенім орнығады.

Осы жерде мүмкіндігі шектеулі бала бағып отырған аналардың мәселесіне жеке тоқталған дұрыс. Жалпы, қазіргідей ақпараттық заманда дімкәс бала тұрмақ, денсаулығы сау баланы тәрбиелеп, жеткізу оңай емес. Ал кемтар баласы бар аналардың қандай қиындық көретінін, қандай жағдайда өмір сүріп жатқанынан басына іс түскен жандар ғана жақсы білсе керек. Мұндай аналардың басын біріктіріп, қоғамдық бірлестік құрудың пайдасы орасан. Ең алдымен бұл тағдырлас аналардың басын қосуға, ортақ мәселелерін бірігіп талқылауына мүмкіндік береді. Екіншіден, қоғамдық бірлестік құрылған жағдайда аналардың өз ұсыныс, назын айтып, құзырлы органдарға жүгіруінің қажеттілігі болмайды. Тіпті, күнделікті күтімді қажет ететін баласы бар аналардың өз мселесін шешу үшін үнемі құзырлы органдарға баруға уақыты да, мүмкіндігі де болмайды. Ал қоғамдық бірлестік арқылы аналар өз сауалдарын жолдап, осы бойынша жұмыс істейтін адамның көмегімен өз түйткілдерін тез әрі тиімді реттеуге қол жеткізеді. Шын мәнінде қоғамдық бірлестіктер – осындай шарасыз жандардың үнін жеткізудің, мәселесін тез әрі сапалы шешудің төте жолы.

Осы ретте мұндай бірлестіктерге мүше бола алмайтын ксіп иелері де бар екенін ұмытпауымыз керек. Айталық, Қоғамдық бірлестік туралы заңына сәйкес, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы, судьялары, Жоғарғы Соттың судьялары, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшелері, сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, арнаулы мемлекеттік, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен жұмыскерлері, әскери қызметшілер кез келген қоғамдық бірлестікке мүше бола алмайды, қандай да бір саяси партияны қолдап әрекет етпейді. Бұл әрине кемтар баласы бар жоғарыдағы лауазым иелерінің басқа артықшылықты былай қойғанда, ақпараттық хабарлама алып тұруына да кедергі келтіретіні рас. Бірақ, заңдағы бұл тетік қоғамдық бірлестіктердегі теңдікті, заңдылықты, әділдікті сақтау мақсатында енгізілгенін ескергеніміз жөн.

Exit mobile version