Біздің азаматтық қоғамның белсенділігі уақыт өткен сайын артып келеді. Осыдан бес жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда халықтың құқықтық сауаты да өскен. Соған сай көпшілігі талапшыл. Алайда, өркениетті елдердегідей пікірді жедел, ашық, төте жеткізу деңгейіне әлі жете қойған жоқпыз. Себебі, менталитетімізден болар, айналадағы кемшіліктерге, бастамаларға қатысты айтатын өзіндік ойы, ұсынысы болған күннің өзінде азаматтардың оны құзырлы орындарға жеткізу жағы кемшін. Пікірлер көбінесе жақын жандармен сөйлесу кезінде, асүйдегі әңгіме барысында айтылып, сол күйі қалады. Өзара пікірлес, ниеттес жандардың бір ортада бас қосып, талап қоюы сирек. Тіпті мұндай қадамға баруды көпшілігі ойламайды да. Ал дамыған елдерде қоғамдық бірлестіктер құрып, өзі өмір сүріп жатқан ортаның мәселесіне араласу қалыпты үрдіске айналған.
Әрине, өркениетті ел болу, оның бір мүшесіне айналу бір күнде орындалатын мәселе емес. Ол үшін уақыт, тәжірибе, түйсік керек. Соңғы жылдардағы азаматтық қоғамның беталысын зерттеген сарапшылар Қазақстандағы қоғамдық бірлестіктердің жұмысы жандана бастағанын алға тартады. Бұған шетелде оқып келген, өркениетті елдердің өмір сүру дағдысына зерттеу жасаған азаматтардың әсер еткені анық. Оның үстіне, қоғамдық бірлестіктер құрудың тәртібі мен талабы да айтарлықтай күрделі емес. Тек соны көпшіліктің назарына жеткізе білу маңызды. Өйткені, жеке шығып қарсылық таныту арқылы кемшілікті түзеу қиын. Ал көп болып бірлесіп әрекет ету арқылы игілікті істерге бастамашы болуға болады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, көпшіліктің кеңесімен дәйектелген пікір қашан да маңызды, бағалы.
«Қазақстан Республикасындағы қоғамдық бірлестіктер туралы» заң 1996 жылдың 31 мамырында қабылданған болатын. Осы заңның талаптарына сәйкес, азаматтардың саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени құқықтары мен бостандықтарын қорғап, іске асыру мақсатында қоғамдық ірлестіктер құруға жол беріледі. Сонымен бірге, қоршаған ортаны қорғау, ғылыми, техникалық шығармашылықты дамытуға да бірлестіктер жұмысын бағыттауға болады. Спорттық-сауықтыру шараларын, мәдени-ағарту жұмыстарын тұрақты ұйымдастыру да бірлестіктер құзырындағы міндеттің бірі. Қайырымдылық шараларын ұйымдастыру, тарихи, мәдени мұраларды қорғап, жастар тәрбиесін нығайту үшін де арнайы қоғамдық бірлестіктер құруға рұқсат берілген. Бұған қоса, қоғамдық бірлестіктің бағытын халықаралық байланыстарды нығайтуға, шетелмен ғылыми-танымдық байланысты жандандыруға бейімдеуге рұқсат етіледі.
Десек те, қоғамдық бірлестік құру еріккеннің ермегі емес. Көп болып атқарылатын бұл жұмысқа құзырлы орындар ерекше назар аударып, үлкен әлеуметтік күш ретінде бағалайтындықтан, қоғамдық бірлестік құру барысында тыйым салынатын шектеулердің де бар екенін қаперден шығармауымыз керек. Жоғарыдағы заңның 5-бабына сәйкес, лаңкестік мақсатта құрылған, әскери қарсылыққа жұмылдыратын, шетелдіктер қаржыландырып, қолдау көрсететін қоғамдық бірлестіктердің құрылуына қатаң тыйым салынады. Сонымен бірге азаматтар заңды түрде тіркелмеген қоғамдық бірлестіктер атынан жұмыс жүргізуге болмайтынын да жадынан шығармауы тиіс.
Қоғамдық бірлестіктер құруға қатысты Қазақстан заңдары қатал дей алмаймыз. Мәселен, бірінше кезекте ол үшін оннан кем емес адамнан тұратын ынталы топ съезд немесе конференция өткізіп, онда бірлестің жарғысы, басқарушы құрам жасақталады. Бірлестіктер заңды түрде тіркелген сәттен өз жұмысын бастай береді. Және жарғыда бірлестіктің бүкіл жұмысы туралы мәлімет жазылатындықтан, азаматтардың олармен танысуына, қолдау көрсетуіне мүмкіндік мол.
Әділет министрлігі мұндай ұйымдарды тіркеу кезінде құжаттардың толықтығына жіті назар аударады. Өйткені, бірлестік тіркеліп кеткен соң оларды қайта тексеру, құжаттар сұрату қиын. Соған орай құзырлы орын алдымен ынталы топтың бірлестік құруға өз келісімін бергенін біліп, анықталар толықтай сараптамадан өтеді.
Карантин кезінде әсіресе еріктілердің жұмысын үйлестірген қоғамдық бірлестіктер ерекше жұмыс атқарды. Соның арқасында көмекке мұқтаж, қолдауға зәру отбасыларға қамқорлық жасалды. Мұның өзі халықтың құқықтық сауатының ғана емес, азаматтық ұстанымының биіктегінен көрсетеді.
Руслан Мәлікұлы