Мемлекет істерін басқаруда азаматтардың бақылауы аса маңызды. Азаматтық қоғамның пәрменділігінің арқасында мемлекеттік органдар жұмысындағы ашықтық пен тазалықты сақтауға, әділдікті бұрмалауға жол бермеуге мүмкіндік туады. Ал осы азаматтардың қоғамдық бақылау жасау қадамдары заңды, нгізді болуы үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Қоғамдық бақылау туралы» заң қолданысқа енгізілген болатын.
Бұл заң дайындық барысында үлкен қызығушылық тудырды. Әсіресе, Үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер, кәсіптік одақтар ұйымы қоғамдық бақылау жасауда заңдық қолдау берер құжаттың сапалы дайындалуына барынша атсалысты. Осы заңның дайындалуымен қоғамдық бақылау жасайтын құрылым, мекемелердің шеңбері кеңейді. Мәселен, бұл қатарға енді орталық және жергілікті мемлекеттік орган, мемлекеттік органдар болып табылмайтын, қызметі қоғамдық мүдделерге байланысты мемлекеттік мекемелер, квазимемлекеттік сектор субъектілері, дербес білім беру ұйымдары қоғамдық бақылау объектілерінің қатарына қосылды. Бұдан бөлек, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру құқығы немесе өкілеттігі кімдерге берілетіні нақтыланды. Азаматтық қоғамды ынталандыру мақсатында қолға алынған мұндай өзгеріс ел мүддесі үшін жүзеге асырылатын жобаларды сапалы іске асыруға, қоғамдық пікірді, мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен айқындығын қалыптастыруға көмектеседі.
Заңның өміршең болуы – халықтың көңілінен шыққанына, қалауын орындауына байланысты. Ол үшін қолданысқа енгізілетін заңның артықшылығы мен мүмкіндіктері қарапайым тілмен қалың жұртшылыққа түсіндірілуі керек. Соған орай Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан «Қоғамдық бақылау туралы» заңның негізгі новеллаларын түсіндіру бойынша кешенді жұмыстар жүргізілді. Қоғамдық кеңестердің мүшелеріне, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне арнап семинарлар ұйымдастырылды.
Әрине, заң тақыр жерден пайда болған жоқ. Оны дайындауға білікті заңгерлермен бірге, халықаралық сарапшылар қатысты. Құжат Президенттің қол қоюына ұсынылғанға дейін елуден аса жұмыс топтарының отырыстарында талқыға салынды. Осындай үлкен сүзгіден өткен демократияшыл заң 2023 жылдың 2 қазанында қабылданып, бүгінде кең көлемде қолданыста.
Заң қоғамға не берді? «Қоғамдық бақылау туралы» заңның қолданысқа енгізілуімен не өзгерді? Бұл сауалдарға түпкілікті жауап беру үшін заңның негізгі тетіктеріне үңіліп, құжаттың іс жүзінде қалай орындалып жатқанына шолу жасау керек.
Құжаттың 4-бабында дәйектелгендей, қоғамдық бақылаудың мақсаты Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекет істерін басқаруға қатысуын қамтамасыз етуге негізделген. Бұл өз кезегінде бірқатар міндеттердің белгіленуіне түрткі болып отыр. Соған сәйкес, қоғамдық бақылаудың міндеттері ретінде ең алдымен ел азаматтарын қоғамдық бақылау процесіне тартуға бағытталып отыр. Елдегі әрбір азамат мемлекеттегі өзгерістер мен жаңашылдықтарға бейжай қарамай, саналы түрде ондағы жетістіктерді нығайтып, кемшіліктерді жоюға атсалысқанда қоғамдық бақылау да мықты, пәрменді болады. Қоғамның бақылау мықты болса, мемлекеттік органдар да бір сәт босаңсымайды, білгенін жасамайды, халықпен, ортамен міндетті түрде санасады. Сондықтан, ел дамуына алаңдайтын азаматтар қатарының көбеюі мемлекет үшін маңызды.
Қоғамдық бақылау жүргізушілер көмегімен мемлекетшіл, елдік жобалардың сапалы іске асырылуын қамтамасыз ету; маңызды шешімдер қабылдаған кезде қоғамдық пікірдің ескерілуін; қоғамдық бақылау объектілері қызметінің айқындығы мен ашықтығын қамтамасыз ету; қоғамдық бақылау объектілері қызметінің тиімділігін арттыру секілді міндеттер белгіленген.
Осы жерде қоғамдық бақылауды жүзеге асыратын топтар мен азаматтарға белгілі бір шектеулердің қарастырылғанын да айта кеткеніміз жөн. Айталық, сотталған немесе алынбаған сотталығы бар адамдар, сондай-ақ
сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған адамдар қоғамды бақылау жасай алмайды. Сонымен қатар, он сегіз жасқа толмағандардың, медициналық көмек көрсететін ұйымдарда психикасының, мінез-құлқының бұзылуына байланысты есепте тұрған адамдардың қоғамдық бақылау жүргізуі шектелген.
Әсіресе, психикаға белсенді әсер ететін заттарды, есірткі, нашаны тұтынуға байланысты есепте тұрған адамдардың да қоғамдық бақылау тобына қосылуына рұқсат жоқ. Бұл қатарға сонымен бірге сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар, экстремистік және террористік қылмыстар жасағаны үшін бұрын қылмыстық жауаптылыққа тартылған адамдар да кіреді. Бұған қоса шетелдік қатысуы бар коммерциялық емес ұйымдар мен қызметіне Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тыйым салынған коммерциялық емес ұйымдар қоғамдық бақылау субъектілері бола алмайды.Мұның барлығы аңның 6-бабында жан-жақты қарастырылған. Осы бапта көрсетілгендей, қоғамдық бақылау тобының сандық құрамы бес адамнан аспауы керек.
Әрине, «Қоғамдық бақылау туралы» заңға сәйкес, азаматтардың өз пікірін айтып, елдік істерге қадағалау жасауына барлық мүмкіндік қарастырылған. Дегенмен, қоғамдық бақылау жасаушылар бір заңбұзушылықты көрсетеміз деп, өздері заңбұзудың обьектісіне айналмағаны жөн. Олардың әр қадамы тек заң шеңберінде орындалуы тиіс. Мәселен, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру кезінде бейне және фототүсірілім жасалатыны түсінікті. Бірақ ол Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын қатаң сақтай отырып жүргізілуі тиіс. Бақылаушылар мемлекеттік жұмыстың критерийлерін жеке адамның құпиясымен шатастырып алмауы керек.
Заңның 10-бабында қоғамдық талқылау өткізудің негіздері көрсетілген. Жалпы, мұндай талқылауларды қоғамдық бақылау топтарына жүктеу, азаматтарды біріктіретін, бір мақсатқа ұйытатын тетік ретінде қызмет етуі тиіс. Ал осы ерікті негізде жұмыс істейтін қоғамдық бақылаушыларды қаржылық қолдау мәселесі қалай шешілген? Баршамызға белгілі, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлағандарға мемлекет тарапынан қомақты сыйақы тағайнадалады. Бүгінге дейін жемқорлық ұяларын көрсетіп, сыйақы алғандар аз емес. Ал қоғамдық бақылауды материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық тұрғыдан қамтамасыз ету қоғамдық бақылау субъектілерінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.