Мемлекет үшін азаматтардың өмірі мен денсаулығын, құқығын қамтамасыз ету аса маңызды. Ол үшін күштік құрылымдардың жұмысын бір жүйеге келтіріп, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жоспарлар құру, полицияны қауіпсіздікті қамтамасыз ететін мықты құрылымға айналдыру өте өзекті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай әзірленіп жатқан «Қоғаммен серіктестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасы» жоғарыдағы талаптар мен міндеттерді сапалы атқаруға ықпал етеді деген сенім бар. Бұл тұжырымдаманы дайындауға Ішкі істер министрлігі тыңғылықты дайындалды. Бес жылға жоспарланған маңызды стратегиялық құжатта көптеген мәселелерді шешудің нақты жолдары дәйектелген.
Ең алдымен тұжырымдамада қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі өзара іс-қимылдың алгоритмі құрылып отыр. Яғни, бұл жерде қоғамдағы құқық бұзушылықтың алдын алу міндеті тек құзырлы органдарға жүктелмей, қауіпсіздікті сақтау ісіне азаматтық қоғамды тартудың тетігі жасалған. Бұл жерде негізгі, шешуші рөлді Үкіметтік емес ұйымдар атқаратынына назар аудару керек. Сонымен қатар, бүгінгі күнге дейін елеусіз жұмыс жүргізіп келген дағдарыс орталықтарының желісі кеңейтілмек. Өркениетті елдерде дағдарыс орталықтарына жүктелер жауаптылық жоғары. Бұл орталықтар көп мемлекетте қиын жағдайға тап болған адамдарға кешенді көмек берумен айналысады. Ал біздің елімізде дағдарыс орталықтары шарасыз жандарға құқықтық кеңес беріп, уақытша паналату функциясын ғана атқарып келгені мәлім. Ендігі жерде дағдарыс орталықтарына мемлекет тарапынан жіті көңіл бөлініп, барынша кең көлемде қаржылық қолдау көрсетіліп, азаматтардың осы бір жерден құқықтық, әлеуметтік, психологиялық, қаржылық көмек алуына, кәсіп меңгеріп, жұмыс табуына жол ашылмақ. Бұл шарасыз жандарды өмірге ұмтылдыруға, қиыс қадамға бармауына көмектеседі. Материалдық қиындық көріп, моральдық соққыға шыдай алмаған жандардың қазір өзін қойып, балаларымен бірге суицидтік әрекет жасауы көбейді. Дағдарыс орталықтары осы мәселені шешуге, отбасылық құндылықтарды дәріптеп, әр адамның тұлға ретінде қалыптасуына жол ашпақ. Орталық азаматтардың өзіне деген сенімін нығайтып, қиындықпен өз бетінше күресуіне дағдыландырады деп күтілуде. Тек ол үшін дағдарыс орталықтарының жұмысын насихаттау маңызды.
Статистика отбасы-тұрмыстық жағдайдағы қылмыстарды көбінесе азаматтардың мас күйінде жасайтынын көрсетіп отыр. Соған орай, тұжырымдамада ішімдік, наша, психотроптық заттардың таралымына тыйым салуды көздейтін бастамалар енгізілмек. Әсіресе, алкоголь өнімдерін сату орындарын шектеу, оған қарсы жарнаманы енгізу бойынша қылмыстың алдын алу жүйесі құрылады. Жалпы, тұжырымдамада бұл мәселеге айрықша көңіл бөлініп отыр. Өйткені, бұрын ауыр қылмыстардың көпшілігі арақтың кесірінен орын алса, енді есірткі өнімдерін сатып алу үшін, психотроптық тауарларды тұтыну үшін жастардың қандай тәуекелге болсын баратынын уақыт көрсетті. Демек, жастар қылмысының алдын алу арақ, есірткі тасымалына, саудасына тыйым салумен тамырлас. Сонымен қатар, кейінгі уақытта лудомания етек алып барады. Бұл да қылмыстың көбеюінің бір себебі. Өйткені, құмар ойынға қызыққан жастардың алаяқтыққа баруы, ұрлық жасауы, қылмысқа ұрынуы қалыпты жағдай. Араққа, нашаға құмарлықты емдеудің әдіс-тәсілі бар. Ал ойынқұмарлардың емі әзірге тоық табылмай тұр. Оған тыйым салудың төте жолы – құмар ойындардың жарнамасына, құмар ойындарды ойнатуға заңдық тұрғыдан шектеу қоюды қажет етеді.
Қазіргі таңда қоғамда белең алған қылмыстың бірі – интернет алаяқтық. Бұл қылмысқа қылбұрау салудың құқықтық көзі де тұжырымдамада шешімін тапқан. Шыны керек, жаңа технологияның дамуы, интернет тұтынушыларының күн санап өсуі алаяқтардың осы ортаға бейімделуіне әсер етті. Бұрын тамыр-таныстарын ортаға салып ақшасын иемденудің тәсілін меңгерген қылмыскерлер қазір ирнетте онлайн сауда жасаушы ретінде талай жанды тақырға отырғызған. Өкінішке орай, арзан үй, арзан тауар, бағасы төмен қызмет туралы жарнаманы көзі шалғандар елп етіп бар қауіпсіздікті ұмытады. Алаяқтардың көздегені де осы. Олар тұтынушының көңіл аударғанын байқаса қайта-қайта хабарласып, дегбірін алып, барынша қызықтырып, ақшаны аудартып алуға тырысады. Ал ақша қолдарына тигеннен кейін телефонға жауап бермей, жоғалып кетеді. Бұл кезде шетелдегі шоттарға аударылған қаржыны полицияның анықтап, қайтартуы да қиын. Сондай-ақ өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді иемдену арқылы бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу, полиция қызметкерімін деп қорқытып, туыстарын құтқаруға ақша сұрау деректері де жиілеп кетті. Мұндай операциялардың бәрінде қылмысты ұйымдастырушылар шетелде және онлайн режиме процесті басқарады. Сондықтан қылмысты дер кезінде ашу қиындық туғызады, ізін суытпай ашу көрсеткіші төмен. Соған орай тұжырымдама азаматтардың интернет алаяқтыққа қарсы сауатын арттыру, осы саладағы қылмыстарды ашумен айналысатын полиция қызметкерлерінің біліктілігін көтеру мәселесі шешімін таппақ.
Тұжырымдамада ұрлық, тонау, мал ұрлығы секілді қылмыстардың алдын алу бойынша іс-шаралар бір жүйеге келтірілген. Бұдан бөлек, тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайтуды мақсат ететін жоспарлар сауатты түзілген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биылдан бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейді. Себебі отбасылық құнжылықтардың төмендеп, ана мен балалардың отбасында зорлық көруі ешбір ақтауды қажет етпейтін сорақы жағдай. Сондықтан, тұжырымдама заңдағы өзгерістерді тәжірибеде сапалы қолданып, халықтың құқықтық сауатын көтеруге, заңның өзгерістері мен толықтыруларын жан-жақты түсіндіруге бағытталып отыр.
Білім ордаларындағы тәртіп пен қауіпсіздік те – басты назар. Тұжырымдама шеңберінде қоғамдық орындарда, мектептерде, сауда-ойын-сауық орталықтарында шұғыл шақыру жүйелері – «Дабыл батырмасы» орнатылмақ. Мұндай сигнал дереу жедел басқару орталығына немесе полицияның жақын маңдағы кезекші бөліміне түсетіндіктен, балаларға қарсы қылмыстың алдын алуда бұл жаңашылдықтың көмегі көп.
Тұжырымдадағы ең басты міндет – ХХІ ғасырдың жаңа, ашық, кәсіби және құзыретті полициясын құруға бағытталған. Бұл міндет халыққа жақын, ел талабына сай қызмет ететін, жұмысын ашық, жария түрде жүзеге асыратын құрылым қалыптастыруды көздейді.
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024