Бұған дейін әлемжеліде «ауылшаруашылығына арналған жер Қытай сайттарында саудаланып жатыр» деген ақпарат тараған еді.
Желі белсендісі Ерлан Мазан Қытайдың жер жалдау сайттарында осы ақпаратты көзі шалып қалғанын жазған.
«Ойда жоқта Қытайдағы Жер жалдау сайтына тап болып, таң қалдым. Әлгі Жер кодексі арқылы шетелдіктерге жалға берілмейтін болып шешілген ауылшаруашылық мақсатындағы қазақтың жері сол жерде арзан бағамен ашық саудаға салынып жатыр. Бұл енді барып тұрған бассыздық қой!», — деп ашуға булыққан еді желі белсендісі.
Аталған жайт жұрттың назарына ілігіп, қазақтілді ортада қызу талқыға түсті. «Бұл сайтқа жарнаманы кім салды?» деген сауал кешелі бері әлемжелідегі қауымға маза бермей келген-ді.
Артынша осы жөнінде комитет төрағасы Мұрат Теміржанов желідегі жұртқа жауап қатып, аталған ақпараттың жалған екенін мәлімдеді.
«Жер кодексінің 24-бабының талаптарына сәйкес, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары, халықаралық ұйымдар, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтар, сондай-ақ қандастар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жеке меншік немесе жер пайдалану құқығымен иелене алмайды, яғни ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн шетелдіктерге беруге қатаң тыйым салынғанын атап өтеміз.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некеде тұрған (ерлі-зайыпты) Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке меншікке және жер пайдалану құқығымен беруге жол берілмейді.
Әлеуметтік желіде жарияланған Қытай елінің сайтындағы Қазақстан аумағындағы жерлердің сатылатындығы туралы ақпарат жалған екендігін мәлімдейміз», — деп хабарлады комитеті басшысы.
Мұрат Теміржановтің атап өткеніндей аталған заң нормаларын бұзу деректері анықталған жағдайда оларға жол берген субъектілер заңнама талаптарына сәйкес жауапқа тартылады. Бұл мәселе Ауыл шаруашылығы министрлігінің тұрақты бақылауында.
Айта кетелік, атышулы жазбаға пікір білдірген танымал саясаткер Мұхтар Тайжан да өз сөзінде заңға сүйенген болатын. «Заңда бұндай мүмкіндік жоқ» деді Жер кодексінің 24-ші бабын тілге тиек еткен саясаткер.