arasha.kz

Рәміздер халқымызды бір тудың астында біріктіріп, ортақ мұрат жолында ұйыстыруда – Ерлан Қошанов

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов  Қазақстан халқын Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады.

Мемлекеттік рәміздеріміз – еліміздің егемендігі мен біртұтастығының айшықты бейнесі, ажырамас белгісі. Ұлттық кодымыздың символдық көрінісі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұны «Жұртымыздың өзіне ғана тән ерекшелігі бар. Біз осы мәдени кодымызды сақтап, бабалар жолымен жүруіміз керек. Ұлттық бірегейлігіміз мемлекеттік рәміздерде айқын көрініс тапқан» деп нақты атап өтті.

Рәміздер тәуелсіздігіміздің бедерлі белгісі болумен қатар, ұлттық бірегейлігімізді қалыптастыруға, мемлекеттілігімізді нығайтуға оң әсерін тигізуде. Халқымызды бір тудың астында біріктіріп, ортақ мұрат жолында ұйыстыруда.

Терең тарихымыз бен елдік дәстүрлерімізден бастау алған осынау мемлекеттік нышандарымыз алдағы уақытта да ұлтымыздың рухын асқақтатып, отаншылдық сезімін ұштай түсетіні сөзсіз. Рәміздерді құрметтеу, оны мақтан тұту – әрбір азаматтың қастерлі парызы.

Елдігіміздің алтын күмбезі іспеттес мемлекеттік рәміздеріміздің мәртебесі арта берсін.

Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін.

Тәуелсіздігіміз мәңгілік болып, көк туымыз көгімізде желбірей берсін.

Exit mobile version