arasha.kz

Рауан Кенжеханұлы: Орыс тілді мектептің түлегі қазақша еркін сөйлеуі шарт

Президент Қ.Тоқаев «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлын қабылдады. Президент оған мемлекеттік тілді дамыту бойынша бірқатар тапсырма берген.

«Мемлекет басшысы мына бағыттарда нақты да, нәтижелі жұмыс қажет деп тапсырды:
Біріншіден, «Қазақ тілі» қоғамын тілді дамыту мұратына тиімді қызмет ететін, қаржылай қауқарлы, ұйымдастырушылық әлеуеті зор, ірі де іргелі қоғамдық ұйымға айналдыру қажет. Ол үшін мемлекет, бизнес, қоғам және жеке тіл жанашырлары күш біріктіріп, жаңаша жұмыс істеуіміз керек. Соның бір тетігі – “QAZAQ TILI” эндаумент қоры.
Екіншіден, баланың тілін қазақша шығаруға қажет құралдардан бастап, әр адамның қазақ тілі аясында тұлға және маман болып қалыптасуына, еркін дамуына қажет мазмұн қоры керек. Атап айтсақ, әлемнің анимация жауһарлары, қазақ тіліндегі кинопрокат, классикалық және танымдық кино қоры жасалып, ұдайы жаңартылуы тиіс. Баспа ісі бағытында балалар әдебиеті, іскерлік әдебиет, ғылыми-танымдық әдебиет, академиялық оқулықтар бағыттары бойынша ауқымды және тұрақты жұмыс қажет.
Үшіншіден, білім беру жүйесіндегі қазақ тілі мен әдебиетін оқыту әдістемесі және құралдарын жетілдіру керек. Қазақ мектебінің түлегі қазақша еркін сөз саптап, сауатты да, көркем жазуды меңгеріп шығуы тиіс. Орыс тілді мектептің түлегі қазақша еркін сөйлесіп, ойын жеткізуге шамасы жетуі шарт. Ол үшін мектеп аясында «Оқу сауаты» және «Жазу мәдениеті» жобаларын іске асырамыз. Диктант, мазмұндама, шығарма жазу, сөйлем талдау бойынша ұлттық байқаулар мен жарыстар өткіземіз.
Төртіншіден, қазіргі IT технологияларды қазақ тілінің қызметіне қоя білуіміз қажет. Бұл бағытта ғаламдық алпауыттардың кең қолданыстағы платформаларын қазақшалау және өз мамандарымыздың қазақша мәтін тану, дыбыс тану, қазақша сөйлеу мен жазуға, жалпы қазақша жұмыс істеуге көмектесетін жүйелерін дамытуға жағдай жасау міндеті тұр», – деп жазады Рауан Кенжеханұлы.

 

Exit mobile version