20-08-18 |
7600 рет қаралған
Құрбандыққа арналған малды қалай сойған дұрыс?.
Құрбандыққа арналған малды қалай сойған дұрыс?

Құрбандыққа шалынатын мал ғана емес, жалпы отбасында тұтынып жүрген ет тағамдарымыздың адал екендігін қадағалау барша мұсылман баласы үшін маңызды.

Ендеше, мал бауыздау әдебін білесіз бе?

Құрбандыққа әуелі қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар ғана жарамды. Ал жылқы малы құрбандыққа жарамсыз. Жылқы малы жайлы құран аяттарында айтылмағандығы үшін ғана Қамбар ата түлігін құрбандыққа шалмаған. Ал қой мен ешкі кемінде бір жасар болуы керек. Ірі, қоңды болса алты айдан асқан қозы да жарамды деп шала беруге болады. Ал сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толған болуы керек.

Пайғамбарымыз құрбандық жайлы “Құрбандық ретінде шалған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай тұрып Алла тағаланың құзырына ерекше жоғары дәрежеге жетеді” деп құрбандыққа шалынатын малдың барлық мүшесінің сау болуын қадағалаған.

Бірақ бүгінгі күнде айт намазынан кейін құрбандық шалуға асыққан жұрт қазақтың, шариғаттың мал бауыздау әдебін ескермей жататыны бар. Малды арнайы қасапшыға бауыздату үшін сүйрелеп апарып, етін ғана алып, қалған мүшесін қалдырып кете беру әдетке айналған. Жалғыз қасапшы құрбандық малын жіпке тізгендей етіп, бірінен соң бірін жатқызып, бауыздап жатқанын да талай көрдік. Жаңағы жалғыз пышақ соңғы малды бауыздап қайта оралғанша алғаш бауыздалған малдың қырылдап әлі жаны шықпай жататынына көзіміз де, жанымыз да үйір боп барады.

Білмесеңіз айтайын, Қазақ құрбандық малын өзге түліктің көзінше бауыздамаған. Тіпті, союға арналған пышақтың өзін малдың көзінше қайрамаған. Малды қинамау үшін пышақтың өткірлігін сан мәрте саусақпен басып тексеріп отыратын. Мал соя білмес адамға пышақ ұстатпаған. Қолы жеңіл Кәнігі қасапшылар Біссімілләсін айтып, пышақпен тамағынан орған кезде терісімен қоса кеңірдек және екі күре тамырын бірдей кесіп өтетін. Күре тамырдан қан сарқылғанша тастап кетпей күтіп отыру – Алла тағала жаратқан құрбандық малына деген құрмет. Мал сойылып жатқанда, оның жаны шыққанша ешкім тіс жарып сөйлемеген. Ал мал сойылатын жердің тазалығы – міндет.

Ал құрбандық шалуды парыз деп білетін біз “малды бауыздаған уақытта жақсылап бауыздаңдар. Кімде-кім мал сойса, пышағын жақсылап қайрасын және тезірек бауыздап малдың рахатына қауыштырсын” дейтін пайғамбар сөзінің өзін ескермейміз.

Осындай талаптарды орындамау – шариғатқа ғана емес, адамдық қасиетке де үлкен сын. Жыл он екі ай тұтынып жүрген ет тағамдарымыздың қалай бауыздалып, қайдан келіп жатқанынан хабарсызбыз. Алда жалда мынау қала іргесіндегі мал бауыздап, қала тұрғындарына ет тарататын орталықтарға бара қалсаңыз не бір сұмдық жағдайдың куәгері болар едіңіз. Басынан балғамен ұрып, денесіне электр тоғын жіберіп сойылып жатқан төрт түлікті интернеттен көріп жүрсек те, дастарқанға ет болып тартылған соң оның төркініне көз жұма қараймыз.Тым құрығанда, алла ризашылығы үшін деп сойылған құрбандығыңыздың адалдығын қадағалауды ұмытпаңыз.

Дереккөз: zhasalash.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.