arasha.kz

Референдум – халықтың ортақ пікірін анықтаудың өлшемі

Дамыған, зайырлы мемлекеттерде республика халқының пікірін біліп, ортақ мәселеге орай бір тоқтамға келу мақсатында ұйымдастырылатын референдумдардың маңызы зор. Осы тұрғыдан алғанда референдум – ел билігіндегілердің халықпен санасатынын, көпшіліктің пікіріне құлақ аса отырып әрекет жасайтынын көрсететін басты өлшем. Бұдан бөлек, кез келген референдум ел тұрғындарының өзіне деген сенімін нығайтып, мемлекеттегі маңызды мәселелерді шешуде өз пікірінің бағалы екенін айғақтайтын шара. Референдум әр азаматтың шынайы сеніміне ие болып, әділ өткенде ғана құнды. Міне, сондықтан да Қазақстанда өтетін әрбір референдумның дұрыс ұйымдастырылуына, сапалы өтуіне ерекше мән беріледі. Азаматтардың күмәнін тударатын, сеніміне селкеу түсіретін тетіктерді жоюға, кемшіліктің алдын алуға барынша мән беріледі. Ең бастысы, әрбір референдум Қазақстан Республикасында 1995 жылғы 2 қарашада қабылданған «Республикалық референдум туралы» заңының шеңберінен шықпауы тиіс.

Мұндағы бір маңызды шарт – референдум тек мемлекеттің дамуы, халықтың болашағы үшін аса өзекті мәселелер мен шешілуі тиіс түйткілдерге негізделуі керек. Елдің ертеңіне, тұрғындардың тағдырына қатысты мәселелер ғана республикалық таңдаудың тақырыбына айналғаны орынды. Өйткені, республика халқының басын біріктіретін ауқымды референдумды ұйымдастыру мемлекет қазынасынан қомақты қаржының бөлінуін қажет етеді. Мұндай ауқымды шараны өз деңгейінде өткізу үшін барлық аймақта білікті мамандарды топтастырып, референдумның бүкіл талаптарын берік ұстану керек.

Референдум негізінен Қазақстан Республикасы Конституциясының, конституциялық заңдарының, мемлекет өмiрiнiң өзге де неғұрлым маңызды мәселелерiне арналған шешiмдердiң жобалары бойынша бүкiлхалықтық дауыс беруге бағытталады.

          «Республикликалық референдум туралы» заңның 3-бебінде дәйектелгендей, бүкіл халықтық талқыға шығаруға жол берілмейтін мәселелер де бар. Айталық, азаматтардың конституциялық құқығы мен бостандығының бұзылуына әкелiп соғатын; мемлекеттің тәуелсіздігін, Республиканың бiртұтастығыы мен аумақтық тұтастығына сына қағатын, республиканың әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы мен шекараларының бүлінуіне ықпал ететін; сот әдiлдiгi мен қорғаныс, ұлттық қауiпсiздiк және қоғамдық тәртiптi қорғауға қайшы келетін, республиканың халықаралық шарттарынан туындайтын мiндеттемелерді орындау мәселесi референдум талқысына салынбайды. Мұндай тақырыптарды көпшілік талқысына салуға болмайды.

Референдум өткiзудегі басты принцип – азаматтар талқыға өз ықтиярымен қатысып, өз қалауын ашық бiлдiруi керек. Жариялылық қағидасын басшылыққа алатындықтан, азаматтарға ешкімнің ықпал етпеуіне, дауыс беру құқығын толық пайдалануына кепілдік берілетінін де ұмытпағанымыз жөн. 

Референдумға тек сот өз шешімімен iс-әрекетке қабiлетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың қатысуға құқығы жоқ. Ал басқа тұлғалар жынысына, жасына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне қарамастан, он сегіз жасқа толған сәттен бастап референдумға қатысып, өз қалауын білдіре алады.

Мемлекеттің дамуы үшін маңызы зор шараның түпкі мақсаты – талқыға салынған мәселеге орай дұрыс, көпшілік көңілінен шығатын шешімнің қабылдануына негіз жасау. Сондықтан, референдумға жұртшылықтың тегіс сенуі, әрі бұл шараға бір кісідей белсенді қатысуы өзекті. «Кеңесіп жасалған істе кемшілік болмайды» дейді бабаларымыз. Сол айтпақшы, көпшілікпен кеңесе отырып, барша тұрғынның пікірін біле отырып жинақталған жауаптың қателіктің алдын алары шүбәсіз.

Референдумға қандай мәселенің шығарылатыны туралы ұсыныс айту кез келгеннің құзырына берілмеген. Маңызды тақырыпты көпшілік талқысына шығару құзыретіне ең алдымен Ел Президенті ие. Одан кейін мұндай мүмкіндік Қазақстан Парламентіне берілген. Халық қалаулылары ел өмірі үшін өзекті мәселені Паралмент қабырғасында талқылаған соң, ұсыныспен Президентке жүгінеді. Президент жөн деп тапқан жағдайда сұрақ референдумға шығарылады. Сондай-ақ, бастамашылық көтеру құзыреті  Қазақстан Республикасының Үкiметiнде берілгенін айта кетуіміз керек. Мұнда да Үкімет заңдағы өз мүмкіндігін пайдалана отырып, референдум тағайындау туралы бастамашылықпен ел Президентiне тілек бiлдiредi.

Осы жерде бастамашылық жасау тек құзырлы органдарға ғана берілген бе деген заңды сауалдың туындайтыны анық. Заңда бұл мәселе де ескерусіз қалмаған. Халықтың пікірін бірінші орынға қойып, «Тыңдайтын мемлекет» қалыптастыру жолында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқан біздің елімізде азаматтардың да ел ертеңіне әсер ететін тұғырлы мәселені көпшілік талқысына салуға толық құқығы бар. Тек ол үшін сан жағынан Республиканың барлық облыстарын, астанасы мен республикалық маңызы бар қалаларын тең мөлшерде бiлдiретiн екi жүз мыңнан аса азамат  республикалық референдум тағайындау туралы бастамашылықпен Республика Президентiне тiлек бiлдiруі керек. Яғни, өз үнін билікке жеткізуді мақсат еткен азаматтар алдымен әр өңірдегі тұрғындардың пікірін біліп, мәселені оң шешуді көздей отырып, мүдделес жандар екі жүзден асқан кезде, Президентке өз тілектерін жолдай алады. Қазақстан Республикасының референдум өткізудегі тәжірибесі мол. Бүгінгі күнге дейін ел тұрғындары да референдумдардың қалай өтететінін, ондағы өздерінің рөлдерін толық түсіне бастады. Тек бұған дейін мұндай талқылар Президент, Үкімет бастамашылығымен жүзеге асты. Ал, құқықтық, зайырлы мемлекеттің әрі қарай өркендеуіндегі өзінің орнын түсінген азаматтардың алдағы уақытта Президентке бастамашылықпен жүгінуіне ешқандай кедергі жоқ. Бұған халықтың құқықтық сауаты толық жетеді.

Exit mobile version