arasha.kz

Референдум: сауалнама жүргізуге кімнің құзыры бар?

Сайлау, референдум кезінде әлеуметтік сауалнама жүргізуге ниетті орталықтардың көбейетіні рас. Бірақ, мұндай сауалнама талапқа сай жүргізілуі үшін тек белгілі бір рұқсат етілген орталықтарға жүктеліп, мамандар жасаған қорытынды ғана ресми мәлімет ретінде пайдаланылуы керек. Мәселен қазір референдумға байланысты әлеуметтің ауанын «СОЦИС-А» кешенді әлеуметтік зерттеулер институты анықтап отыр. 

2024 жылғы 11-12 қыркүйекте телефон арқылы сауалнама жүргізген институт зерттеушілері азаматтарға бірқатар сауалдар қойған. Шара еліміздегі заңнама  нормаларын сақтай отырып жүргізілгенін атап өткен жөн. Әрі мұндағы сауалдар Орталық сайлау комиссиясында бекітілген. Әр өңірдегі, әр жастағы, әр салада еңбек етіп, оқып жүрген ер азаматтар мен қыз-келіншектер қатысқан бұл сауалнама 1000 адамның пікірі жинақталған. Сауалнамада қатысушыларға «Сіз АЭС құрылысы бойынша өткізілгелі жатқан референдумға қатысасыз ба? Қазақстанда АЭС салу туралы қандай ақпарат сізді қызықтырады? Сіз Қазақстанда АЭС салумен келісесіз бе?» деген сұрақтар қойылды.

          Нәтиже көрсеткендей, өз пікірін білдіргендердің 35,6 пайызы референдумға міндетті түрде баратынын жеткізген. 20,2 пайызы мүмкіндігінде мұндай маңызды шарадан қалмауға тырысатынын алға тартты. Осылайша, сауалнамаға қатысқан әрбір екінші адам референдумға қатысуға дайын екенін көрсетті. Ал азаматтардың 12,2 пайызы референдумға дауыс беруге бармайтынын айтса, 16,6 пайызы әлі нақты шешім қабылдамағанын жеткізген.

Сауалнамаға қатысқандардың 13,6 пайызы өзінің референдумға қатысты ешқандай жаңалықты естімегенін, әлі де ойланатынын айтса, 1,8 пайызы бұл сұраққа жауап беруге қиналатынын алға тартқан. Осыдан көріп тұрғанымыздай мемлекет үшін маңызды мәселеге елдің бәрі соншалықты жауапты қарай бермейді. АЭС туралы ештеңе білмейтіндердің болуы сөзіміздің дәлелі. Сондықтан, референдумды түсіндіру, азаматтардың сауатын көтеру, мәселенің маңызын түсіндіру бойынша атқарылатын жұмыстар тоқтамауы керек.

          «Қазақстанда атом электр станциясының құрылысы туралы қандай ақпарат сізді қызықтырады?» деген сауалға да жауап әртүрлі. АЭС-тің қауіпсіздігіне, азаматтардың денсаулығына әсеріне байланысты ақпараттар қызығушылық танытатындар 59,5 пайызды межелеп отыр. Мұндай қызығушылықтың не себепті жоғары болатыны түсінікті. Бұл негізінен атам электр станциясындағы апаттар туралы ақпараттың көбеюіне, тәуекелдерге байланысты болжамдарға орай туындап отыр. Ғаламторды пайдаланатын азаматтардың осы тұста атомнан келетін пайдадан гөрі, атаомды қолданудың қаупі туралы деректерді көбірек іздеп, қарағаны сондықтан.

          Дегенмен, таразы басын тең ұстап АЭС-те қауіпсіздікті қамтамасыз етудің нақты шаралары туралы ақпаратты іздегендердің де көп болғанын айта кету керек. Зерттеу орталығының мәліметінше сауалнамаға қатысқандардың 43,1 пайызы  «апаттардың алдын алу жөніндегі қауіпсіздік шаралары» туралы ақпаратқа қызығушылық танытқан. «Радиоактивті қалдықтарды тиімді пайдалану» мәселесіне алаңдаған 24,9 пайыз болса; АЭС-ті салатын компания мен станция жұмысын үйлестіретін мамандардың кадрлық әлеуеті ойландыратын 16 пайызға жетіп отыр. Бұл жерде бір азаматтың бірнеше нұсқаны таңдағанын ескеруіміз керек.

          Ал енді негізгі сауал «Сіз Қазақстанда атом электр станциясының құрылысын салумен келісесіз бе?» дегенге қатысушылардың 60,4 пайызы құптап дауыс беріп отыр.  Сауалнамаға қатысқандардың 30,1 пайызы АЭС салу идеясын қолдамайды. Сондай-ақ әрбір оныншы адам (9,5%) атом электр станциясының құрылысына қатысты сұраққа жауап беруде қиналады. Бұл әрине, Президент жолдауынан кейін, АЭС салу туралы бастама көпшілік салынған бір апта ішінде жүргізілген сауалнаманың нәтижесі.

Міне, содан бері еліміздегі барлық бұқаралық ақпарат құралдары АЭС салудың тиімділігі мен кемшілігін жан-жақты жазып, көрсетіп келеді. Бүгінге дейін осы атом электр станциясына қатысты мәселені зерделеп жүрген физика, химия саласының майталмандарынан сөйлемей, өз пікірін айтпай қалғандары аз. Бұл тақырыпқа азаматтық қоғам да белсенді қатысуда. Әлеуметтік желідегі барша жұрттың талдайтыны, пікір жарыстыратыны – АЭС мәселесі. Таластан ақиқат туады дейді даналар. Сондықтан, мұндай талқылар енді қолға алынғалы отырған ауқымды жобаның тиімді тұстарын ғана емес, кем-кетігін, қауіпсіздік тетіктерін де ашық көрсетіп беруімен құнды. АЭС идеясының басында тұрғандар көпшіліктің пікірін, не нәрсеге алаңдайтынын сараптап, осы мәселелерді шешу бойынша жұмыстар жүргізуі аса маңызды.

          «Халыққа қарсы тұру, ағысқа қарсы жүзу» деген тағылымды сөз бар қазақта. Расында, құқықтық, зайырлы мемлекетте халықтың қалауы басты орында тұруы керек. Бірақ, кейде осы халықты адастыру, көпшіліктің көңіл-күйіне теріс әсер ету, сол арқылы өзіне ұпай жинау мақсатында негізсіз ақпарат таратып, заңға қайшы әрекет жасайтындар да бар. Айталық, сайлау кезінде әлеуметтік сауалнама жүргізуге барлық ресурсы бар, айналасына мықты әлеуметтанушы, психолог, экономист мамандарды топтастырған орталықтарға арнайы рұқсат беріледі. Мұндай рұқсат алмағандардың сауалнама жүргізуі заңға қайшы. Осыны біле тұра қоғам белсендісі Абзал Достияров референдумға байланысты сауалнама жүргізген. Осы талапты бұзғаны үшін оған сот шешімімен 55 мың теңге айыппұл салынды. Бұдан бөлек, Қазақстанда референдумға байланысты сауалнама жүргізу шарттарын бұзғаны үшін 6 жеке және 2 заңды тұлғаға әкімшілік іс қозғалған.

ҚР Бас прокурорының орынбасары Жандос Өміралиевтің айтуынша, негізі сауалнаманы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген, қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу бойынша кемінде 5 жыл тәжірибесі бар заңды тұлғалар жүргізе алады. Заңды тіркелгеннің өзінде, мұндай орталықтар сауалнама жүргізетіні туралы тиісті құжаттардың көшірмелерін бере отырып, референдумның орталық комиссиясын жазбаша түрде алдын ала хабардар етуі, содан кейін ғана сауалнаманы жүргізуі керек. Тағы бір ескерерлігі, сауалнама нәтижелерін дауыс беру күніне дейін 5 күн ішінде және дауыс беру күні жариялауға болмайды. Сондай-ақ референдум өтіп жатқан күні дауыс беру пунктінде қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу де заңсыз. Бұл тәртіпке бағынбағандарға ӘҚБтК-нің 120-бабын бұзғаны үшін (сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сұрау салу шарттарын бұзу) айыппұл қарастырылған. Оның көлемі жеке тұлғалар үшін 15 АЕК; заңды тұлғалар үшін 30 АЕК мөлшерінде.

Exit mobile version