Республика күні ұлттық мереке қарсаңында ел жастары #RepublicDay мерекелік челленджін бастады.
Акцияның мақсаты – Республика күнін мерекелеу аясында жастар арасында ұлттық мерекенің мән-маңызын ашу және насихаттау, жастардың жеткен жетістіктері мен елдің дамуына қосудағы үлесін жариялау.
Акцияны Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы жастар кеңесінің мүшелері, Республикалық Жастар ұйымдарының көшбасшылары, әр түрлі салада жетістікке жеткен белсенді жастар қолдады.
«Жастар» ҒЗО директоры, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі Кеңес мүшесі Айсұлу Ерниязова, Қызылорда облысының Студенттік омбудсмені Қуандық Сабыржанұлы, «Жас сарбаз» қозғалысы алғашқылардың бірі болып #RepublicDay акциясы аясында өздерінің жетістіктерімен бөлісті.
Сонымен қатар, олар қазақстандықтарды ұлттық мерекемен құттықтап, ел жастарын онлайн акцияны қолдап, еңбек жолындағы қызықты деректермен бөлісуге шақырды.
#RepublicDay атты мерекелік челленджге барша қазақстандықтар мен жастар қатыса алады. Бұл үшін әлеуметтік желідегі парақшасында өзінің жетістіктерінің тарихы мен еңбек жолындағы қызықты деректерімен бөлісуі қажет. Мәтіндерді #RepublicDay арнайы хештэгімен жариялау ұсынылады.
Айта кетейік, 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Осы Декларацияның негізінде Қазақстан алғаш рет өзіндік дамудың егемен жолын таңдап, бірегей аумақтық субъект ретінде жарияланды.
Мемлекет басшысының бастамасымен Республика күні мәртебесі қайта қалпына келтіріліп, 25 қазан – ұлттық мереке ретінде бекітілді.
Arasha.kz
ФОТО: дереккөз