arasha.kz

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға шет елдік студенттер белсене қатысуда

Бүгін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық Университетіндегі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің аудиториясында Шет елдік студенттер форумы өтті. Айтулы шара Орталық коммуникациялар қызметінің қолдауымен жүзеге асты.

Университет ректоры Ерлан Сыдықовтың айтуынша, қазіргі таңда осы жоғары оқу орнында бес жүзге жуық шет елдік студент білім алуда және әр-түрлі елдерден келген отызшақты профессор қызмет атқаруда. Шет мемлекеттерден келген оқытушылар мен білім алушылар жазғы демалыс айларында өз елдерінде Қазақ елін насихаттап, имиджін арттаруға ниетті.

«Жазғы  екі ай демалыс кезінде олар өз елдеріне барып, отандастарына Қазақстаннан алған жағымды әсерлерін жеткізіп, насихаттамақшы.  Әсіресе оларға айырықша әсер еткені – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы. Осында айтылған бағыттар оларға әсер еткендігі сондай, өздері де оны ары қарай дамытып, пайдаланбақшы. Соның ішінде бүгін ұсынылатыны – «1001 қадам» науқаны. Осы мақаланың төңірегіндегі өз ойларын, Қазақстанның жетістігін насихаттау мақсатында шет елдік студенттер күзге дейін мың бір қадам жасап келеміз деп міндеттеніп отыр. Осы орайда, мен Қазақстан ректорлар кеңесінің төрағасы ретінде, өз әріптестеріме осы форумды ары қарай іліп әкетуді, жалғастыруды ұсынып отырмын. Осылайша, егер бір жаздың ішінде он үш мыңнан астам Қазақстанда оқыған студент өз елдерінде біз туралы айтып келетін болса, біз одан тек ұтамыз. Ал Қазақстан туралы айтатын жақсы, жылы сөз жеткілікті», – деді Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры.

Форум барысында Францияның Лион қаласынан келіп, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ білім нәрімен сусындап жүрген Жереми Конверт атты студент «1001 қадам» науқаны жайында айта отырып, Қазақстанның киелі жерлері жайында жазылған кітаптарды өз еліндегі кітапханаларға таратуды жөн санайтындығын білдірді. Барлық материалдар #ruhkz # 1001 qadamenu хэштегі арқылы әлеуметтік желілерге жүктеледі. Сонай-ақ, француз ұлы Жереми қолына домбыра алып, құйқылжытып күй тартып, қазақ мәдениетіне деген сүйіспеншілігін дүйім жұртқа паш етті.

Бауырлас Түркия еліндегі Йылдырым Беязит Университетінен келген профессор, PhD докторы Сейіт Әли Авджу белсенді студент жастармен бірлесіп, Н.Ә. Назарбаевтің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын Біріккен ұлттар ұйымының орысшадан басқа бес ресми тіліне, яғни ағылшын, француз, испан, қытай және араб тілдеріне аударуды жөн көріпті.

Ерлан Батташұлы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының алты тілдегі нұсқасы басылған кітап халықаралық студенттерге таратылып берілетіндігін мәлімдеді.

«Жазғы демалысқа елдеріне кететін бес жүз студентіміздің қолына осы кітаптарды ұстатып жібереміз. Ал Қазақстан бойынша халықаралық он үш мың студентке де осыны әзірлеп отырмыз» – деді ректор.

Қытайлық Алтай өңірінен келген қандасымыз ЕҰУ магистранты Қанат  Қаһар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында шет елдік студенттер атынан «Біз латынша жазамыз, біз латынды қолдаймыз» деген ұсынысын ортаға қойып, қазақстандық барлық білім алушыларды осы бағдарламаны қолдауға шақырды. Сондай-ақ, ол да домбыра шертіп, өр Алтайдан әкелген әсем әнін шырқап берді.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық Университетіне Кореядан келіп білім алып жатқан PhD докторанты Ионг Мин Чу  корей тілінің де тағдыры қыл үстінде болғанын, бірақ ата-бабаларының табандылығының, тілі мен мәдениетін қорғауға жұмсаған күш-жігерінің арқасында корей ұлты өздерін сақтап қалғанын биязы қоңыр үнімен жатық қазақша айтып берді.

Мәнді де, мағыналы өткен форум барысында басқа да халықаралық білім алушылар мен оқытушылар және ел жанашырлары сөз сөйлеп, әр-түрлі ұсыныстар жасап, оз ойларын ортаға салды.

Exit mobile version