Ақордада Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен жаңартылған Ұлттық комиссия құрамына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин жетекшілік етеді. Комиссия отырысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының іске асырылу қорытындылары, сонымен қатар жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарлары қаралды.
Жиынды ашқан Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин екі жыл ішінде қоғамдық және тарихи сананы жаңғыртуды мақсат еткен ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтті.
Латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиі бекітілді. «Туған жер» жобасы аясында меценаттар қаражатына 27 мектеп, 115 балабақша, 479 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны салынды.
Сонымен қатар, ел тарихында алғаш рет шет тілдерден экономика, әлеуметтану, саясаттану, психология және өзге де ғылым салалары бойынша әлемдегі 48 үздік оқулық қазақ тіліне аударылып, басып шығарылды. Елдің гуманитарлық білім қоры 2019 жылы тағы 30 кітаппен толықпақ. Сондай-ақ БҰҰ-ның негізгі 6 (ағылшын, француз, испан, араб, қытай, орыс) тілінде Қазақстан жазушылары мен ақындарының проза және поэзия антологиялары баспаға әзірленіп, осы жылы жарық көретін болады.