27-02-25 |
420 рет қаралған
Сіз кімсіз, Андрей мырза? «Ескі және жаңа Қазақстанның» олигархы не тындырды?.
Сіз кімсіз, Андрей мырза? «Ескі және жаңа Қазақстанның» олигархы не тындырды?

Тура бір жыл бұрын басы дауға қалған «АрселорМиттал Теміртау» комбинатын (қазіргі атауы Qarmet) отандық инвестор, «Аллюр» компаниялар тобының басшысы Андрей Лаврентьев сатып алған болатын. Әрине, қоғамда отандық көліктердің айтарлықтай бөлігін шығаратын кәсіпкерге металлургия комбинаты мен шахталар не үшін керек деген сауал туындағаны жасырын емес. Бұл тұста кәсіпкердің орнына білдей салалық министрдің өзі Қанат Шарлапаев жауап беруге асығып, «Қарағанды комбинатында көлікке арналған болат, темір өндірісін жолға қою жоспары» барын мәлімдеген еді. Бірақ құзырлы министрлік неліктен металлургия саласында ешқандай да тәжірибесі жоқ инвестордың таңдалғанын түсіндірген де жоқ. Қазірше Лаврентьевтің бір жылда бұл салада не бітіргені белгісіз. Ал кезінде Ұлттық қордан қыруар қаржы алған отандық автоөндіріс басшылығы бұл нарықта не тындырды екен? Ұлттық қордың қаржысы қайда жұмсалды?

Бұл мәселе аса өзекті. Себебіжақында елімізде аталған қордан бөлінген қаржының жұмсалуын қадағалайтын мониторинг комиссиясының өз жұмысын қайта жандандыратыны белгілі болды. Естеріңізге сала кетсек, 2014 жылы президенттің тапсырмасымен құрылған комиссия бертін келе Жоғарғы аудиторлық палатаның құрамында жұмыс істеген болатын. Ұзаққа созылған үзілістен кейін палата басшысы Әлихан Смайылов комиссияның бірінші отырысында бірнеше мәселеге ерекше тоқталды. Ең алдымен, кезінде Ұлттық қордан экономиканы  қолдауға жеңілдікпен берілген қаражатты тексеру керек дейді. Бұдан бөлек тексеріс аясында қордың қаржысын тиімдірек салаларға бұрып әрі бөлінген қаржының қайтарылуын қадағалау мақсаты да тұр. Отандық Shishkin.like телеграмм арнасы Ұлттық қордан бөлінген қаржының қайда кеткенін зерттей келе, күмәнді тұстарды да анықтаған еді. Арнаның жазуынша, 2021 жылы Ұлттық қордан «KamaTyresKZ» ЖШС-нің қаржыландырылуына 40 млрд теңге бөлінген екен. Ал бұл кәсіпорын «Татнефть» компаниясы, «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «Allur Tyres» ЖШС-нің бірлескен жобасы саналады. Айтпақшы, соңғы аты аталған серіктестік кәсіпкер, Форбс журналының елулігіне кіретін олигарх Андрей Лаврентьевке тиісілі.

Қазақтың күйеубаласы…

Андрей Лаврентьев туралы интернетте мәлімет аз. Биыл 46 жасқа толатын олигарх Алматыда туған. Екіағайынды. Туған ағасы Александр да автоөндіріс саласында жұмыс істейді, «Агромашхолдинг kz» АҚ-ның негізін қалаушылардың бірі саналады. Әкесі инженер, әскери шені де бар, ал анасы экономист мамандығын бітірген. Кәсіпкердің отбасылық жағдайына келсек, қазір ол – көпбалалы әке, 6 баланы тәрбиелеп отыр. Ал жары Гаухар Ықсанова, кеңестік заманда Қазақстанның түрлі-түсті металлургия саласына жауапты болған Ахмет Әділовтың немересі. «Азаттық» дерегіне сенсек, кәсіпкер өзінің автобизнесін әйелінің туған ағасы Ғафур Ихсан мен көкесі Нұрлан Әділовпен бірге бастаған көрінеді.     

Ең қызығы, кәсіпкер Allur компаниясын құрғанда, небары 24 жаста болған. Содан болар гугл іздеу желісінде олигархтың атын терсеңіз, ең алдымен «Лаврентьевте осыншама ақша қайдан шықты», «оның артында кім тұр» деген сауалдар атып шығады. Шындап келгенде, кәсіпкердің Ресейге қашып, Қазақстанда іздеуге жарияланған бұрынғы әріптесі, «Бипэк Авто» басшысы А.Балушкин ресейлік БАҚ-тарға, оның ішінде Lenta.ru сайтына берген сұхбатында Лаврентьевті «мемлекеттік қолдау мен қаржыға байланған монополист» деп атайды. Айтпақшы, ресейлік кәсіпкер Балушкинге 230 млрд астам қаржыны қолды қылды деп сырттай айып тағылған. Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Балушкин Чехияда ұсталды, енді Қазақстанға экстрадицияланады деген ақпарат тараған болатын. Бірақ бұл іс те аяқсыз қалған сияқты.      

Айтпақшы, бұрын Андрей Лаврентьевті экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан шаралардан жиі байқауға болатын. Сөзге шорқақ болып көрінгенімен кәсіпкер экс-президент бастамаларын қолдап қана қоймай, реті келсе мақтап, тіпті Nur Otan партиясының саяси кеңесіне дейін кірген. Қазір ребрендингтен өткен Amanat партиясының мүшесі. Отандық ақпарат құралдары 2012 жылы индустриализация аясында Лаврентьевтің Назарбаевқа отандық Nomad көлігін таныстырғанын жазады. Бірақ «Қазақстанда жасалған» деп мақтанышпен айтатын жоба жалғасын таппаған сияқты. Себебі баяғыда елімізде дәл осылай тұсауы кесілген «Тұлпар» көлігіндей Nomad көлігінің де орындалмаған жобаға айналғаны оның авто нарықта жоқтығынан да байқалады. Есесіне басқа шетелдік көлік маркалары құрастырыла бастады. Атап айтсақ, Аllur компаниясы – әлемге әйгілі Chevrolet, Kia, JAC, тіпті, ресейлік Lada автобрендінің серіктесі, дистрибютері мен ресми өндірушісі боп отыр.  

Утилалымның лоббисті…

2016 жылдан бастап Қазақстанда Өндірушілер мен импортерлардың кеңейтілген міндеттемелер қағидасы іске қосылып, утилизациялық алым енгізілді. Бұл тұста Лаврентьев «Утилизациялық алым жаңа көліктердің сатылуына жол ашады» деп сеніммен журналистерге сұхбат беріп жатты. Бұл арада «утилалым автокөліктердің қымбаттауына әкеп соқпайды, көлік бағасы 2015 жылғы бағада қалады» депті, «Қазақпаратқа» берген ескі сұхбатында. Шындап келгенде, утилалым көлік бағасын 2-3 есеге дейін қымбаттатып жібергені ешкімге де жасырын емес. Тіпті, елімізде утилалымға қарсы 50 мыңнан астам адам қол қойған петиция да жарияланды. Қаралы Қаңтардан кейін утилалым көлемі біршама азайтылса да, мәселе түбегейлі шешілмеді. Айтпақшы, Қазақстанда аталған «салық түрі» халықаралық санкциялардың құрсауында қалған Ресей мен Беларустан да жоғары. Көрші Қырғызстанда утилалым атымен жоқ.

Өткен жылы Әлия Назарбаеваға тиісілі болған Қарағандыдағы ескі көліктерді утилизациялайтын зауыт Андрей Лаврентьев иелік ететін Qarmet компаниясына сатылды. Qarmet зауытты 4,1 млрд теңгеге сатып алған. Жалпы зауыттың қуаты жылына 50 мыңға дейін автокөлікті утилизациялауға жетеді. Бір айта кетерлігі, өз заманында Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ашқан зауыт сот шешімімен бірнеше жыл бойы жұмыс істемеген. Бұл туралы депутаттық сауал да жолданған болатын. 2022 жылдың қаңтарында ӨКМ операторының кей басшылары мен Экология вице-министрі 13 млрд теңге жымқырды деп айыпталып, қамауға алынды. «Екі жылға жұмысы тоқтаған зауыт ескі көліктерді қайта қабылдап, металды қайта өңдеумен айналыса бастайды» деп отандық БАҚ-тар сүйіншілей бастады. Бірақ АЕК-ке байланған утилалым көлемі биыл тағы өсті. Яғни, үкіметтің экологиялық талаптарға сәйкес отандық автопаркті жаңалау жоспары арманға айналып барады. Отандық автоөндірісті көтеруге арналған жеңілдетілген автонесие мен лизинг беру де қордаланған мәселені түбегейлі шешпей тұр. Сарапшылар «Қазақстанда жасалған, құрастырылған» деген көліктердің бағасы тым қымбат дейді. Ал сырттан көлік әкелуге қолдан жасалған утилалымның құны кедергі.

Үкімет пен жекелеген депутаттар «біз отандық автоөндірісті қорғауымыз керек» деп белгілі бір лоббиді қолдаса да, шындап келгенде, қоғамды автоөндіріс пен утилизацияның бір қолға шоғырланғаны алаңдатпай қоймайды. Утилизациялық алымның басты қарсыласы Санжар Боқаев оның көлемін 150 мың теңгеге дейін түсіру керек деп есептейді. Оның есептеуінше, утилалым 200 мың теңгеге дейін түссе, жылына 350 мың көлікті жаңартып алуға болады. Бірақ қоғамдық бастамаларға Лаврентьевтің сынмен қарайтыны оның сұхбаттарынан-ақ байқалады. 

Ш.ӘЛІМ   

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.