26-02-24 |
4920 рет қаралған
Сайлау – елді өзгеріске жетелейтін өзгерістер бастамасы.
Сайлау – елді өзгеріске жетелейтін өзгерістер бастамасы

Қазақстан 1991 жылы Тәуелсіз ел атанған тұстан бастап егеменді ел ретінде сайлау жүйесін ұйымдастыра бастады. Сайлау – еліміздің алдағы жылдардағы саяси өмірін айқындайтын маңызды оқиға. Біздің елде осы уақытқа дейін Президент, Парламент, Мәжіліс депуттаттарының сайлаулары және соңғы жылдарда жергілікті жердегі округ әкімдерінің сайлауы және Референдумдар өткізіліп келеді.

 Қазақстан Республикасының  1995 жылғы Сайлау туралы заңы қабылданған уақыттан бастап, бірнеше рет өзгеріске ұшырап, толықтырулар мен өзгертулер енгізілді. Бұл өзгерістер Қазақстан халқының еркін дауыс беру мүмкіндігін, сайлауға баршаның теңдей құқықпен қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған қадам болды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасалды,  әкімдерді сайлау институты енгізілді, әкімге сайлану кандидатурасына қойылатын талаптар мен біліктіліктер анықталды. Әкімді сайлау институтының енгізілуі, халықтың мемлекеттік билікке деген көзқарасын өзгертіп, халықтың билікке сенімділігін арттырды. Халық елді мекен басшысы әкімді сайлауға қатысу арқылы, саяси жауапкершілігін сезінді. Сәйкесінше, сайланған әкімнің халыққа жақындығын, ауыл ішіндегі тұрмыстық мәселені шешуге ұмтылатынын дәлелдеді.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтар сайлауға, референдумға кедергісіз қатысып, өз конституциялық құқықтық жүзеге асыруға жағдай жасалды. Дауыс беруге арналған үй-жайды жабдықтау кезінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар болып табылатын сайлаушылардың кедергісіз кіруі және онда дауыс беруі үшін жағдайлар қамтамасыз етілді.

Өзім төрағалық ететін Алматы қаласы, Бостандық ауданының №259 сайлау учаскесі Президенттік сайлау, Парламенттік сайлау, және Референдумды абыроймен атқарып келеді. Сайлау учаскесі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Заң факультеті корпусында орналасқан. Учаске студенттер қалашығымен қоса алғанда мыңнан аса тұрғынға қызмет көрсетеді. Біздің сайлау учаскесі өте көңілді нотада жұмыс атқарады. Сайлаушылардың жылы шырайы мен саяси белсенділігін көргенде еріксіз көңілді отырасың. Сайлау учаскесінде 7 адам қызмет атқарады. Учаске төрағасы, орынбасары, хатшы және 4 комиссия мүшесі. Сайлау жұмысын жүргізу барысында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыру бойынша қажетті шаралар қабылдады, сайлаушыларды дауыс беру күнi, уақыты және орны туралы хабарландырды, дауыс беруге арналған үй-жай дайындады, кабиналар мен жәшiктердiң болуын қамтамасыз етті, сайлау күнi сайлау учаскесiнде дауыс берiлуiн ұйымдастырды және өзге де заңда белгіленген өкілеттіктерді жүзеге асырды.

Еліміз қазір саяси сахнада өзіндік орны бар мемлекет. Ал мемлекеттікті одан әрі нығайтып, Көшбасшы ел болуымыз үшін үлкен өзгерістер атқарылуы керек. Өзгерісті жасаушы ол мықты Басшы, мықты Үкімет болуы қажет. Ал мықтыларды саяси дода сайлауда анықтай аламыз. Әрбір азамат сайлауды жай оқиға емес, еліміздің дамуына қарай жетелейтін маңызды қадам ретінде санаса елдің дамуына қосқан үлесі болар еді. Сайлау – ел мен оның азаматтары үшін маңызды оқиға. Әрбір сайлау нәтижелеріне байланысты Қазақстанның саяси басымдықтары мен даму бағыты өзгеруі, саяси шешімдер қабылданып, үлкен бетбұрыс болуы мүмкін.

Осылайша, Қазақстандағы сайлау елдің саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Олар азаматтарға өз еріктерін білдіруге және өз өкілдерін таңдауға мүмкіндік береді. Қазақстанның демократиялық дамуын қамтамасыз ету үшін сайлаудың адал және ашық өтуі маңызды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.