19-02-24 |
1580 рет қаралған
Сайлау және БАҚ.
Сайлау және БАҚ

Кез келген сайлаудың басты тірегі – бұқаралық ақпарат құралдары. БАҚ өкілдерінің қатысуынсыз ешбір сайлау өз деңгейінде өтпейді. Себебі, сайлау дегеннің өзі үгіт, ақпарат, сөз-сайыс. Ал оны журналистердей кәсіби, жоғары деңгейде жүзеге асыру мүмкін емес.

БАҚ-тың саяси додадағы қызметі «Сайлау туралы» Қазақстан Республикасы заңының арнайы тарауында дәйектелген. «Сайлау алдындағы үгіт» деп аталатын 5-тарауда дәйектелгендей, үгіттің негізгі салмағы ақпарат құралдарының үлесіне тиеді. Себебі, саяси үгіттің заңда көрсетілген төрт тармағының бәрі БАҚ-пен байланысты.  Мәселен бірінші тармақта саяси үгітті бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен жүргізудің құқықтық тегі көрсетілсе, үшінші тармақта үгітті баспа, дыбыс-бейне және өзге де үгiт материалдарын шығару, таратумен жүргізудің тетіктері дәйектелген. Төртінші тармақ онлайн платформаларға берілген. Осы үш тармақтың қай-қайсысының да сапалы орындалуы, сайлаушылардың жүрегіне жетуі журналистердің шеберлігіне тікелей байланысты.

Ал енді сайлау үгіттерінің екінші тармағы саяси дода алдындағы жария iс-шараларды, кездесулердi, сайлау алдындағы жария пікір таластар мен пiкiр алысуларды, шерулердi, кандидаттардың сайлаушылармен кездесуін өткізуді көздегенімен, мұны да түптеп келгенде БАҚ өкілдерінің көмегінсіз сапалы атқару мүмкін емес. Себебі, бүгінгідей ақпараттық заманда жоғарыдағыдай шараларды тыңғылықты ұйымдастырып, нғұрлым көп адамды қамту үшін БАҚ бетінде алдын ала хабарлама беріп, халықты жиі-жиі құлақтандырып қоймай, осы іс-шаралардың нәтижесімен де дер кезінде бөлісіп, ол туралы көпшілікке толыққанды мәлімет ұсыну журналистердің атсалысуымен жүзеге асатынын ескергеніміз жөн.

Дегенмен, жариялық пен үміткерлер арасындағы тең мүмкіндікті қамтамасыз ету принципі талап ететін бір қағида бар. Ол – БАҚ бетінде жарық көрген, таратылған хабарлар таза ақпараттық сипатта болып, онда үміткерлердің ешқайсысына басымдық берілмеуі, ешбірінің құқығын таптап, абыройына күмән келтірмеуі тиіс. Сайлау кезінде материалдар халықты ақпараттандыруға бағытталып, насихаттық, қолдаушылық сипатынан арылуы керек.

Соңғы жылдары журналистер арасында сайлауға үміткер ретінде тіркеліп, саяси додада бағын сынайтындар қатары көбейіп кеткені рас. Бұл енді қазіргідей зайырлы мемлекетте ақпарат өкілдерінің халыққа неғұрлым жақын екенін, танымалдығының зор екенін көрсетеді. Әрине, санаулы тәуелсіз журналист болмаса, додаға қатысуға ниетті тілшілердің дені өзі қызмет ететін беделді БАҚ-қа арқа сүйейтіні түсінікті. Алайда, «Сайлау туралы» заңда бұл мәселе де назардан тыс қалмаған. 5-тараудың 6-бабында дәйектелгендей, кандидат ретінде тiркелген журналистер қызмет ететін бұқаралық ақпарат құралдарының насихатқа араласуға, жанама артықшылық беруге құқығы жоқ.

Сайлаудың әділ, таза өтуіне әрбір БАҚ, өз кәсібін сыйлайтын әрбір журналист белсене атсалысуы керек. Ақпарат өкілдерінің өзі ұсынған ақпараттың миллиондаған пікірді өзгертуге пәрменді екенін жадынан шығармағаны абзал. Мұны «Сайлау туралы» заң да құқықтық тұрғыдан бекіткен.

Айталық, арнайы тараудың 7-бөлімінде көрсетілгендей, БАҚ ең әуелі өз принципіне адал болып, сайлау науқанын объективтi жазып, көпшілікке ұсынуы тиіс. Өзінің ішкі пайымына, жеке басының қызығушылығына сай журналистің сайлауға қатысып отырған кандидаттың немесе саяси партияның ар-намысына, қадiр-қасиетiне және iскерлiк беделiне  нұқсан келтiретiн материал ұсынуға құқығы жоқ. Бұл кезеңде журналистің қолындағы ақпараттың анықтығына, дәлдігіне, сенімділігіне 100 пайыз көзі жеткенде ғана материалды жариялауы талап етіледі. Сондықтан, үгiт материалдарын дайндағанда әрбір фактіге сергек қарап, журналистің таразы басын тең ұстағаны аса маңызды.

Бұған дейін Қазақстанның саяси өмірінде орын алған сайлауларда БАҚ өкілдерінің атына талай сын айтылды. Дегенмен, жылдан жылға журналистердің де құқықтық сауаты өсіп, саяси додадағы кемшіліктер біртіндеп азайып келеді. Себебі, заңда үміткерлердің ар-намысын, қадiр-қасиетін және iскерлiк беделін қорғау басты орында екенін кез келген журналист қазір түсінеді. Егер жарық көрген материалда үміткердің немесе саяси партияның беделін түсіретін, атына дақ келтіретін деректер орын алған жағдайда, баспа басылымдары ең жақын нөмірінде сол көлемде, сол қаріппен терістеу материалын шығаруға тиіс. Дәл осындай талап радио-телехабарларға да қойылады. Олар да эфир өткен уақытта, дәл сондай мерзім шеңберінде, көпке созбай терістеу хабарын тыңдарман мен көрерменге ұсынуы шарт. Тағы бір ескерерлігі, редакцияның кінәсінен орын алғандықтан мұндай терістеу материалдары тегiн жариялануы міндетті. Журналистің теріске шығару материалының көлемі алдыңғы ұсынылған хабардың көлемінен екі есе және одан үлкен болмауын да ескеру керек.

Шын мәнінде ақпарат кеңістігінде өзіндік орнын бағалайтын, редакцияның іскерлік беделіне көлеңке түсірмеуді көздейтін журналистер жалған рейтингтің соңына түспейді. Өзіне ұпай жинап, танымалдығын арттыру үшін лас деректерді, лайықсыз әдістерді материалында қолданбайды. Жалпы, журналист өзі көпшілікке ұсынған ақпараттың шынайылығына жауапты екенін ұғынғаны жөн. Кейде асығыстық, жауапсыздықтың соңы саяси додаға қатысушыларға қатысты лайықсыз ақпараттың жарық көруіне жол ашып жатады. Әрине, мұндай қателіктен кейін терістеудің берілетіні түсінікті. Алайда, көп адамдар бірініш ақпараттың шынайылығына сенеді. Әлі күнге дейін бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған ақпарат шынайы, онда жалған деректің болуы мүмкін емес деп шүбәсіз сенетіндер баршылық. Мұндай адамдардың санасында саяси дода қатысушылары алғашқы ақпараттағы кемшілігімен сақталады. Сонымен бірге, бүгінгідей толассыз ақпараттар таратылып жатқан заманда азаматтардың бір тақырыпты соңына дейін бақылап, жүйелі түрде қадағалап отыруы өте сирек кездеседі. Соған орай алғашқы таратылған ақпараттың анықтығына аса мән беру керек.

Жақтастарын көбейту мақсатында түрлі ақпараттық, саяси үгіт тәсілін таңдайтындардың барын әр сайлауда байқауға болады. Сайлау кезінде науқанға орай жасалған баспа материалдарын әзірлеуге, жалаушалар мен ақпараттық  парақтарды тегін таратуға рұқсат етіледі. Десек те, журналистердің көмегіне сүйене отырып, сайлаушыларға тегiн немесе жеңiлдiкпен тауарлар сатуға, лотереялар ойнатуға, қайырымдылық акцияларын өткiзуге, ақша төлеуге уәде етуге заңмен тыйым салынады. Қайырымдылық деген игі істің артында үміткерлердің ұпай жинасам деген жымысқы ойы жасырын тұрмауы керек. Мұндай тетіктің заңсыз екенін журналистер де біліп, үміткерлер қайырымдылық шарасын өткізгенде бұл жөнсіз әдіс екенін ескергендері абзал.

Сайлау науқаны кезінде ең көп қаралатын, ең көп қызығушылық тудыратын әдістің бірі – сауалнама. Мұнда көпшілікке бір сауал қойып, жауаптары ұсынылатындықтан, көпшілік дауысқа қарап кейбір азаматтардың үтһміткерлерге қатысты пікірі өзгеруі мүмкін. Сондықтан, онлайн платформаларда дәл осы тетікті қолдануға тырысатындар баршылық. Алайда, «Сайлау туралы» заңда сауалнама жүргізуге белгілі бір шектеу қойылған. Бүгінде сауалнама жүргізумен арнайы аккредитациядан өткен қоғамдық бірлестік, үкіметтік емес ұйымдар айналысады. Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдары, онлайн-платформалар сайлауға байланысты қоғамдық пікірді білу мақсатында сауалнама жүргізгенде тек сұрақ қоюмен шектелмей, сауал жүргiзген заңды тұлғаларды, сауал жүргізуге тапсырыс берген немесе ақысын төлеген тараптарды анық көрсетуі тиіс. Бұған қоса, оқырманға журналистің сауал жүргiзген уақыты, ақпарат жинау әдiсi, сұрақтың нақты тұжырымы, сауал салынғандардың саны мен сауал салу нәтижелері анық ұсынылуы маңызды. Тағы бір қаперде болатыны, сайлау күнi дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте қоғамдық пiкiрге сауал салуды жүргізуге тыйым салынады.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.