22-02-24 |
560 рет қаралған
Сайлауда бақылаушы болудың тәртібі қандай?.
Сайлауда бақылаушы болудың тәртібі қандай?

Сайлаудың маңызы – ашықтығында, тазалығында, сапалы ұйымдастырылып, теңгерімнің сақталуында. Егер осы талаптардың орындалғанына қылаудай күмән туындаса, сайлаудың әділдігіне де сенім азаяды. Сондықтан, Қазақстан Республикасында сайлау ұйымдастырудың барлық тәртібі сақталады.

Сайлаудың қалай өткенін, саяси додада ортақ тәртіптің сақталғанын, үміткерлер мен сайлаушылар құқығының бұзылмауын, заңбұзушылықтардың орын алмағанын қадағалайтын бақылаушылар жұмысы да аса жауапты. Бақылаушылардың қырағылығы, әділдігі, белсендігі сайлаудың өз деңгейінде ұйымдастырылуының бірден-бір кепілі. Өзіне үлкен миссия арқалаған бақылаушының негізгі қызметі дауыс беру кезіндегі қоғамдық бақылауды қамтамасыз етуге, сайлау учаскесіндегі дауыс беру қорытындыларын белгілеу және азаматтардың сайлау құқықтарының сақталуын қадағалауға бағытталған.

Мұндай құзыретке саяси партиялар мен Қазақстанда ресми тіркелген коммерциялық емес ұйымдардың және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері ие бола алады. Ал бақылаушы болуға ниет еткен жеке адамдар өзі тіркелген партияның болмаса қоғамдық бірлестіктің атынан саяси доданы сырттай бақылау мүмкіндігіне ие болады. Елімізде қолданылып келе жатқан «Сайлау туралы» заңның 20-бабы 8-бөліміне сай, әрбір сайлау уескесіндегі жағдайды әр партиядан бір адам, сондай-ақ, коммерциялық емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер атынан бір-бір адам бақылайды.

Әрине, тәжірибе көрсетіп отырғандай, сайлау болар кезде бақылаушы болуға ниеттілер саны да өседі. Себебі, әр учаскедегі сайлаудың әділ өтуіне барлық тарап мүдделі. Соған орай, партиялар мен қоғамдық бірлестіктер кейде келісім бойынша, кейде ақылы түрде өз партиясындағы немесе бірлестіктегі өкілді сайлауда бақылаушы болуға ынталандырып жатады.

Жалпы, бақылаушы болу – азаматтардың саяси белсенділігін ғана арттырып қоймай, сонымен бірге, заңдарды оқып, танысуға, құқықтық сауаттылықты арттыруға ықпалды екенін айта кеткеніміз жөн. Кезінде Алматы облысы, Талғар ауданындағы сайлау учаскесінде бақылаушы болған Перизат Омарованың айтуынша, халықтың арасында әлі де болса сайлау мәдениеті қалыптаспаған. Сондықтан, сайлауды – әр адамның өз пікірін, ұсынысын білдіруге жол ашатын мереке ретінде қабылдату, осы бақытта насихат жұмыстарын барынша кең ауқымда жүргізу міндет.

– Аға буында сайлауға деген жауаптылық жоғары. Қарап отырсаңыз баяғы қарт адамдардың көпшілігі денсаулығының нашарлығына қарамастан сайлауға барып, өз дауысын беруді азаматтық борышы санайды. Учаскелерге көтеріңкі көңіл-күймен келіп, таңдауын жасап, тоқ көңілмен отбасына қайтып бара жатқан қарияларды көргенде олардың тиянақтылығына, жауаптылығына қайран қаласың. Керісінше, жастар жағы сайлауға қатысуға асықпайды. Сайлау – ерікті таңдау болғандықтан, саяси дода өтетінін біле тұра, учаскеге баруды жөн санамаған жастардың патриоттық, саяси сезімін қалай оятса болады деп ойға кетесің, – дейді Перизат Омарова.

Осы жағдайларды ескере отырып Талғардағы колледж шәкірттеріне сайлаудың маңызын, саяси додада бақылаушы болудың жауаптылығын түсіндіру мақсатында тәрбие сағаттарын өткізу дәстүрге айналған. Студенттермен басқосу барысында сайлауға үміткер ретінде, бақылаушы ретінде қатысудың ара жігі, ондағы ашықтық пен тазалықтың ролі туралы жан-жақты дәрістер оқытылады. Соның арқасында соңғы жылдары кәмелетке толмаған жастардың бақылаушы болсам, сайлауға барып, өз дауысымды берсем деген азаматтық ұстанымы қалыптасып келеді.

Жалпы, жастардың саяси партияға мүше болуы, партиялардың жетекшілігімен ізгілікті істерге қатысуы құптарлық. Бұл олардың тек өзі сүйетін мамандықтың шебері ғана болып қоймай, ел өміріне белсене қатысып, қоғамдағы күрмеуі қиын істерді көпшілікпен бірігіп шешуіне жол ашады. Осыған орай, жастардың партиялардың бағдарламаларымен, жоба-жоспарларымен танысып, таңдау жасауына да ұстаздар қауымы қол ұшын созғандары абзал.

Шын мәнінде мемлекет дамысын десек, мықты маман дайындауды ғана мақсат етпеуіміз керек. Педагогикалық мекемелердің барлығы ең алдымен елін сүйетін, халқын қадірлейтін, мемлекеттің болашағы үшін еңбек ететін жастарды қалыптастыруға күш салғаны дұрыс. Осы ретте адамзаттың ұстазы Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген тағылымы терең сөзі еріксіз еске түседі.

Қазір саяси партияларға жетекшілік етіп отырған, Парламентте халықтың мұңын жеткізіп, елдік мәселелерді шешуге атсалысып жүрген азаматтардың қандай оқу орнынан білім алып, қандай мамандықты меңгергеніне көпшілік аса көңіл аудара бермейді. Себебі, олар үшін мамандығын жақсы білетін адамнан гөрі, халыққа жаны ашитын, қоғамның дамуына шын ынталы азамат жақын. Сайлаулар арқылы осындай елін ойлайтын патриот жастардың шоғырын тәрбиелеуге мүмкіндік турады.

Осы ретте жастарға сайлау заңдылығын түсіндірудің, саяси додалардың маңызын ұғындырудың бірден-бір бастамасы бақылаушы болудан басталатынын ескерген жөн. Бақылаушы болған жастар сайлауға қатысып жатқан үміркерлердің өмір жолымен жақынырақ танысып, сайлаудағы бәсекелестік ұғымынан, ашықтық, жариялылық, тазалық принциптерінен жан-жақты хабар алады.  Жастар өте қағылез, байқағыш. Олардың бақылаушы ретінде сайлауға қатысуы шараның талапқа сай өтуіне, қандай да бір заңсыздықтардың орын алмауына кепіл болады. Бүгін бақылаушы ретінде тәжірибе жинақтаған жастардың ертең саяси додаларға батыл қатыса алатыны тағы белгілі. Сонымен бірге, бақылаушы болып сайлауды бастан-аяқ қадағалаған жастар болашақта өздері де мұндай шараларға қатысуды парызым деп түсінетін азаматтардың легін тоықтырады. Кейде сайлау болатын учаскелерге өз қалауымен барып, «мен де доданы бақылағым келеді» деп аяқасты шешім қабылдайтындар табылады. Шын мәнінде, саяси дода – кез келген бос жүрген, уақыты көп азамат барып қаьысып, бақылаушы бола салатын орын емес. Бақылаушы болу үшін алдын ала өтініш беріп, аккредитациядан өту маңызды. Ол үшін де Сайлау туралы заңда дәйектелгендей бірқатар құжаттарды тапсырып, ОРталық сайлау комиссиясының оң шешімін алу керек. Осындай маңызды құқықтық мәліметтерді жастар мектеп қабырғасында, құқықтану сабағында оқып, білсе құба-құп.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.