arasha.kz

Сайлауға қатысты сауатты арттырудың маңызы зор

Зайырлы мемлекетте өмір сүріп жатқан әрбір азамат өзінің сайлау және сайлану құқығы бар екенін жақсы біледі. Жаңа Қазақстан, әділетті қоғам орнатуды көздеген біздің еліміз де таяу уақытта Парламент пен мәслихат депутаттарын таңдауға мүмкіндік алды. Саяси маңызы бар шараның әсіресе Алматы қаласында үлкен тартыс, қызу белсенділікпен өткені белгілі. Бұл өз кезегінде қала әкімдігіне айтулы шараны тыңғылықты, заңды, тиянақты ұйымдастыру міндетін жүктеді. Алматы қаласының әкімдігі осы ретте барлық құзырлы органдарды бір мақсатқа жұмылдыра отырып, сайлаудың талапқа сай өтуіне мұрындық болды.

Еліміз үшін тарихи, саяси маңызы бөлек доданы қолға аларда ең алдымен ақпараттық насихат жұмыстарына кең көлемді көңіл бөлген орынды. Соған орай қаласы әкімдігі «Алматы» телеарнасында, «Алматы ақшамы» және «Вечерняя Алматы» басылымдарында арнайы айдар ашып, сайлау тәртібін түсіндіруге басымдық берді. Бұдан бөлек қаладағы жеті ауданның ресми сайттары мен әлеуметтік желідегі парақшаларында сайлауға қатысты заңнама талаптарын таныстырып, түсіндіретін түрлі ақпараттық деректер орналастырылды.

Әділ, таза өткен сайлау мемлекеттік жүйенің тиімділігін арттыруға; саяси элита мен жетекшілерді іріктеуге; үкімет пен басқарушы саяси партияның әрекетін бағалауға; мемлекеттің қызметіне қоғамның бақылау жасауына мүмкіндік беруге; саяси жанжалдың алдын алуға ықпал етеді. Ал бұл үдеден шығу үшін сайлау жалпыға бірдей, тең, ерікті түрде өтуі шарт. Міне, осыны бағдар еткен Алматы қаласының әкімдігі саяси доданың алдында сайлаудың маңызын, мәнін түсіндіріп қоймай, азаматтардың сайлауға қатыссам деген ынтасын оятты, сайлаушыларға өз дауысының маңызды екенін ұқтыруға тырысты. Соның нәтижесінде Алматыда сайлауға түсуге ниет еткендер саны өзге өңірлермен салыстырғанда айтарлықтай көп болды. Насихат жұмыстарының жүйелі жүргізілуі азаматтардың өзіне деген сенімін арттырғанын осыдан-ақ бағамдауға болады. Алматы қаласында додаға қатысуға ниет еткендер арасында әр салада еңбек етіп жүрген қызметкерлерден бөлек, студенттер де, көп балалы аналар да, кәсіпкерлер мен зейнеткерлер де болды. Әртүрлі ұлт өкілдерінің додаға қатысуға ниет етуі оңтүстік астанадағы ұлттар достығының мығым екенін, ірі қалада ешкімнің тіліне, дініне, ұлтына қарап бөлінбейтінін нақты дәлелдесе керек.

– Мен Алматы қаласы Алатау ауданынан Парламент Мәжілісіне депутаттықтан үміткер ретінде тіркелдім. Мұндай қадамға бару үшін өзіңе деген сенімнің болуы ғана емес, өз идеяңның, өзіңнің қоғамға керектігіңді сезіну маңызды. Осы кезге дейін өзім тұратын Алатау ауданының тұрғындарымен бірлесіп әкімдікке көптеген ұсыныстарымызды жеткіздік. Талай игі істерді Алматы қаласының әкімдігімен бірге жүріп жасадық. Әкімдік жастар тарапынан айтылған пікір, ұсыныстарға үнемі қолдау білдіріп, қолтығымыздан демеп отырды. Осындай қолдауды көрген соң шағын ауданның ғана емес, елді дамытуға ықпал ететін жобаларымды үлкен мінберлерде айтуға талап жасадым, – дейді сайлауға Алатау және Әуезов ауданындағы учаскеден қатысқан үміткердің бірі Ғани Дауталиев.

Жас кәсіпкерді қоғамдық жұмысқа ынталандырған, қабілетін шыңдауына ықпал еткен – Алматы қаласы әкімдігі тарапынан қолға алынған түрлі жобалар. Егер әкімдік жұртшылықтың пікірімен санаспағанда, елдің талап-тілегін тыңдамағанда, ынталы жастарды демеп, жәрдем бермегенде жоғары мінберлерге ұмтылып, сайлауға түсуден үмітті жандар мұншалықты көп болмас еді.
Дода кезінде әкімдік ақпараттық-насихат жұмыстарын бұқаралық ақпарат құралдарымен бірге белсенді жүргізді. Халық БАҚ арқылы күнделікті жағдайда бақылап отырғандықтан сайлауға қатысты шынайы, дәл, нақты мәліметтердің көпшілікке жетуіне атсалысты. Мәселен заңгерлерді шақырып азаматтардың сайлаудағы құқығы мен міндеттері түсіндірілсе, прокуратура өкілдері сайлаудағы қандай заңбұзушылықтар үшін жауаптылық барын тәптіштеп көрсетіп берді. Өйткені сайлау барысындағы құқықтық олқылықтар көбінесе дауыс берушілердің азаматтық құқығын білмегендіктен орын алып жатады. Мысалы, кейбір азаматтар өз учаскесіне барудың орнына басқасына барады. Ал тіркелмеген адамның дауыс беруіне сайлау комиссиясының мүшелері рұқсат бермейді. Бақылаушылар да арнайы тіркеліп барып сайлау барысын қадағалауға міндетті. Сондай-ақ, саяси додада кез келген адамның сауалнама жүргізіп, өз бетінше статистикалық қорытынды жасауына жол берілмейді. Осының бәрі әкімдік ұйымдастырған дөңгелек үстел, брифинг, қоғамдық қабылдауларда толыққанды айтылды.

Шара алдында құрылған «Адал сайлау үшін» штабы да доданың заңға сәйкес өтуіне атсалысты. Штаб жетекшісі Бауыржан Мақұлбаевтың айтуынша, азаматтар тарапынан қойылатын сауалдар көп болғандықтан штаб жанынан байланыс орталығы ашылған. Бұл орталық азаматтардың күнделікті қойған сауалдарына жедел, тыңғылықты жауап беруде көп көмек берген.
Сондай-ақ, Алматы әкімдігі Мәжіліс пен Мәслихат депутаттарын сайлауда сайлау учаскелері туралы ақпарат беретін Call-орталықты да іске қосқан болатын. Бұл орталықтың да халықтың құқықтық сауатын көтерудегі ролі жоғары. Алматыдағы Аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Жанна Асанованың айтуынша, Call-орталыққа топтастырылған мамандардың өзі алдын ала іріктеуден өтіп, білімін жетілдіру дәрістеріне қатысқан. Мамандар сайлау туралы заңның негізгі баптары, сайлау заңын бұзғандарға берілетін жаза, сайлауға қатысу мен сайлауды бақылау тәртібі бойынша жан-жақты дәріс алған. Мамандардың сөйлеу мәнеріне, ойын еркін жеткізуіне де басымдық берілген. Осылайша өз сайлау учаскесін тексеріп, дауыс беруге қатысу тәртібі туралы көбірек білгісі келген алматылық 221-10-01 бірыңғай нөміріне хабарласып, байланыс-орталығынан тегін кеңес алуына жол ашылды. Әкімдіктің сайлау барысында Call-орталықты ұйымдастырудағы мақсаты халықты саяси науқанға қатысты кеңінен ақпараттандыру және қала тұрғындарын сайлауға қатысты мәселелер мен процедуралар бойынша кеңес беру арқылы шараға тарту болатын. Әкімдіктің тыңғылықты ұйымдастырған шаралары оң нәтиже бергенін уақыт көрсетіп отыр.

Exit mobile version