Біз
әлеуметтік
желіде
11-04-25 |
510 рет қаралған
Салық мәдениеті – Әділетті Қазақстанға бастар жол.
Салық мәдениеті – Әділетті Қазақстанға бастар жол

Салық төлеу – бұл тек заң алдындағы міндет қана емес, сонымен қатар ел дамуына қосылған үлес, азаматтық жауапкершілік және әділетті қоғам құрудың басты тетігі.

Қазақстанда салық мәдениеті әлі де қалыптасу сатысында тұр. Адамдар мен кәсіпкерлер салықты көбіне жүк ретінде қабылдайды, ал шын мәнінде бұл – ел болашағына жасалған инвестиция. Дамыған елдерде салық төлеу – әлеуметтік мәдениеттің ажырамас бөлігі. Ол мемлекеттің азаматтарға жасаған қызметтерінің, яғни мектеп, аурухана, жол, қауіпсіздік жүйелерінің негізгі қаржыландыру көзі. Мемлекет пен азамат арасындағы сенімнің негізгі көрсеткіші – салық. Егер азаматтар салық жүйесіне сенбесе, олар төлеуден жалтаруға тырысады. Бұл – экономиканың тұрақсыздығына, көлеңкелі сектордың ұлғаюына, заңға бағынатын кәсіпкерлердің әлсіреуіне әкеледі.

Кәсіпкерлер салықты ашық түрде төлеу арқылы инфрақұрылым, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау сияқты салалардың дамуына тікелей үлес қосады. Мысалы, бір кәсіпкер өз салықтарын толық төлесе, сол ақша ауылдағы мектепті жөндеуге, жаңа жол салуға немесе дәрігерлердің жалақысын көтеруге жұмсалуы мүмкін.

Көлеңкелі экономика – бұл ашық қоғамға қарсы әрекет. Ол инвестициялық климатты нашарлатып, әділ бәсекелестікті жояды. Бизнесті бөлшектеу, салықтан жалтару сияқты әрекеттер тек заң бұзушылық қана емес, сонымен қатар елге опасыздықпен тең.

Төленбеген салық – салынбаған мектеп, жөнделмеген жол, құрал-жабдықсыз аурухана. Мемлекетке қаражат түспесе, әлеуметтік жобалар іске аспайды. Мұндай жағдайда қарапайым халық зардап шегеді.

Салық реформасы – тек салық кодексін өзгерту емес, бұл – қоғамның салыққа деген көзқарасын түбегейлі өзгерту. Мемлекет бизнестің ашық жұмыс істеуіне жағдай жасап отыр. Бірақ сонымен қатар кәсіпкерлерден заңды орындауды, көлеңкелі схемалардан бас тартуды талап етеді.

Әділетті Қазақстан – бұл салықтан жалтармайтын, әділ әрі ашық экономикасы бар мемлекет. Әр азамат өзінің табысынан салық төлеу арқылы ел болашағына үлес қосады. Бұл – заң талаптары ғана емес, ар-ождан мәселесі.

Салық жүйесі – кез келген мемлекеттің тірегі. Ол тек мемлекеттік аппаратты емес, бүкіл қоғамды – білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, инфрақұрылымды қаржыландыратын басты көз. Салық төлеу – азаматтың ел алдындағы міндеті ғана емес, өзінің болашағына, ұрпағының өмір сүру сапасына салған инвестициясы. Қазақстанда салық мәдениетін қалыптастыру – ұзақ мерзімді, жүйелі жұмысты талап ететін күрделі процесс. Бұл тек заң шығарушы органдардың немесе салық комитетінің жұмысы емес, бұл қоғамның тұтас көзқарасын өзгертуді қажет ететін мәселе. Әрбір кәсіпкер мен азамат салықты ауыртпалық ретінде емес, мемлекетпен арадағы сенім көпірі деп қабылдауы керек.

Салықтан жалтару арқылы бүгінгі қиындықтан уақытша құтылуға болады, бірақ ол ертеңгі күні әлдеқайда күрделі проблемаларға әкелуі мүмкін – сот істері, айыппұлдар, беделдің түсуі, тіпті бизнеспен қоштасуға да тура келеді. Керісінше, адал жұмыс істеп, міндетін ашық орындаған кәсіпкер – елдің дамуына нақты үлес қосушы.

Егер біз әділетті қоғам, сенімді экономика және тұрақты болашақ құруды қаласақ, онда салық жүйесіне деген көзқарасты түбегейлі өзгертуіміз керек. Бұл – мемлекетке сенудің, мемлекеттің де өз халқына адал болуын талап етудің бастамасы.

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.