Біз
әлеуметтік
желіде
07-04-25 |
140 рет қаралған
Салықтан жалтару тоқтайды: Үкімет көлеңкелі бизнесті анықтауға кірісті.
Салықтан жалтару тоқтайды: Үкімет көлеңкелі бизнесті анықтауға кірісті

Қазақстанда салықтан жалтаруға енді жол берілмейді. Бұл туралы Мәжілісте сөйлеген Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді. Оның айтуынша, Премьер-Министр Олжас Бектеновтің қатысуымен өткен кеңесте салық мәселесі басты тақырыптардың бірі болған. Премьер-министрдің нақты мәлімдемесі: «Қазақстанда қол сұғылмайтын компаниялар жоқ. Барлығы салық төлеуге міндетті» – бұл жолы жай ескерту емес, бизнеске бағытталған қатқыл сигнал.

Қазір елімізде бюджет жыл сайын жүздеген миллиард теңге жоғалтады. Үкіметтің айтуынша, бұл шығынның басты себебі – көлеңкелі экономика. Кәсіпкерлер арасында кең таралған үш негізгі салықтан жалтару әдісі бар: бизнесті бірнеше ЖШС немесе жеке кәсіпкерге бөліп, ҚҚС-тан жалтару; жалған шығындарды көрсету арқылы шегерім жасау; және салық базасын әдейі төмендету. Құрылыс саласында, мысалы, пәтердің шынайы нарықтағы бағасы жасанды түрде төмен көрсетіледі. Қаржы министрі Мәди Тәкиев нақты мысал келтірді: бір құрылыс компаниясы табысын бірнеше жалған мердігер ұйымға бөліп, салық төлеуден әдейі жалтарған. Мұндай компаниялар жиі үшінші тұлғалардың атына тіркеліп, ешқандай төлем жасамайды. Енді мұндай «айла-шарғылар» салық органдарының бақылауына алынады.

Көлеңкелі айналымы ең жоғары салалар — қоғамдық тамақтану, құрылыс және бөлшек сауда. Мейрамханалар мен сауда орындары кассалық операцияларды жасырып, құрылысшылар мүлік бағасын төмендетіп, салық төлемеуге тырысады. Алдағы айларда ҚҚС тіркеу шегі төмендетіледі, бұл – орта бизнестің де заңды төлеуші болуына әкеледі. Онлайн төлемдер мен кассалық операцияларды бақылау күшейтіліп, адам араласуынсыз автоматтандырылған жүйе енгізіледі. Бұған дейін салық органдары жиі айыппұлмен шектелсе, енді жүйелі заң бұзушылық үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылмақ.

Осы тұста, Үкіметтің бұл қадамын тек бақылау мен қысым ретінде емес, әділетті бәсекелестікке жол ашатын мүмкіндік ретінде бағалаған жөн. Себебі «ақ» жұмыс істейтін компаниялар көп жыл бойы заң бұзатындармен бір нарықта теңсіз жағдайда жұмыс істеуге мәжбүр болды. Бұл олардың даму қарқынын тежеп, сенімді жүйенің орнауына кедергі келтірді. Енді Үкімет бұл әділетсіздікті жоюға бел буып отыр. Бұрын бюджет тапшылығы халық пен шағын кәсіпкерлер есебінен жабылатын. Енді көлеңкелі бизнесті заңға бағындыру арқылы сол жүктемені азайту көзделіп отыр.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің сөзімен айтқанда, салықтан жалтару – енді кешірілетін жағдай емес. Бұл – бизнестің таңдау сәті: не заңға бағынып, адал бәсекеге қатысу, не жауапкершілікке тартылу. Бұл реформаны болашақ жоспар деп емес, қазірдің шындығы деп қабылдау қажет. Түптеп келгенде, бұл — экономиканы тазарту мен халыққа әділ жағдай жасау жолындағы маңызды қадам. Ал кімнің қандай жолды таңдайтыны – өз еркінде. Бірақ енді мемлекет қарап отырмайды.

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.