Бүгін Алматы облысында «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының қаржылық қолдауымен ерекше қажеттіліктері бар балалар мен олардың ата-аналарына арналған «All Ability Camp» спорттық лагерінің бірінші маусымы басталды. Лагерь бағдарламасы 10-17 жас аралығындағы психикалық және физикалық дамуында кедергісі бар балалар мен жасөспірімдерге арналған.
Бұл бейімделген және паралимпиадалық спортты насихаттауға, ерекше балалардың әлеуметтік ортаға бейімделуіне, балалар мен ата-аналарды спортпен шұғылдануға ынталандыруға бағытталған бірегей жоба. Лагерьде болу және мамандар дайындаған бағдарламаға белсенді қатысу балаларға толыққанды өмір сүруге қиындық туғызатын психологиялық кедергілерді жеңуге, сондай-ақ жеке өсудің маңыздылығын түсінуге көмектеседі. Сонымен қатар, лагерьге бірге келген ерекше балалардың ата-аналарына психологиялық қолдау шаралары көрсетіледі.
Көшпелі спорт лагері жазғы демалыс кезіндегі төрт маусымды қамтығалы отыр. Лагерь әр маусымда 50 ерекше бала мен 50 ата-ана, сондай-ақ 50 волонтерді қабылдай алады. Барлық маусымды есептесек, қатысушылардың жалпы саны 640 адамды құрайды.
Бағдарлама бейімделген дене шынықтыру құралдары мен әдістерін қолдануды және паралимпиада федерацияларының жаттықтырушыларының қатысуын көздейді. Балалар мен ата-аналарды ынталандыру және қолдау үшін «ДЦП Life» қорының психологтары мен жаттықтырушыларының авторлық сессиялары пайдаланылатын болады. Лагерь бочча, теннис, футбол, шахмат және садақ ату сияқты спорт түрлерін қамтиды.
«Биыл «Самұрық-Қазына» АҚ 15 жылдық мерейтойы аталып өтілуде. Бұл шара Қордың балаларға жасап отырған тағы бір ерекше сыйлығы деп білерсіздер. Лагерге қатысып отырған 200 ерекше қажеттіліктері бар балаланың 100-і Қорға қарасты компаниялар тобындағы өндірістік кәсіпорындарда қызмет ететін отбасылардағы ерекше балалар. «ДЦП Life» қорының қамқорлығындағы ерекше балалармен бірге олар жақсы демалып, лагерьден күш-қуат алады», – деді «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева.
Жобаның бастамашылары – «ДЦП Life» Орталық Азия қоры – балаларды паралимпиадалық спорт түрлерімен таныстыру арқылы олардың дүниетанымы кеңейеді, ата-аналар балаларының даму көкжиегін көреді, балаларына көмектесу және қолдау үшін мотивация мен ресурстарға ие болады деп үміттенеді.
«Біз бас серіктес – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорына жобаны қолдағаны және іске асыру мүмкіндігі үшін алғыс айтамыз. Бұл еліміздің әлеуметтік дамуына және Қазақстандағы ерекше балалар мен жасөспірімдердің өмір сүру жағдайларын жақсартуға қосылған зор үлес», – деп атап өтті «ДЦП Life» қорының директоры Зәуре Итенова.
«All Ability Camp» спорт лагері ерекше қажеттіліктері бар балаларға әлеуметтік дағдыларды нығайтуға, эмоционалдық және физикалық дамуға, сондай-ақ өз әлеуетін іске асыруға тамаша мүмкіндік береді.