Біз
әлеуметтік
желіде
16-04-25 |
1150 рет қаралған
Сancel culture: Magnum кейсінен бизнес сабақ алды ма?.
Сancel culture: Magnum кейсінен бизнес сабақ алды ма?

Соңғы жылдары Қазақстанда cancel culture, яғни, құқықтық, этикалық нормаларды бұзған танымал тұлғалар мен брендтер, компанияларға қарсы жаппай бойкот жариялау, өнімдерінен бас тарту мәдениеті қалыптасып үлгерді. Оның ішінде елімізде әсіресе тіл заңнамасын бұзған азаматтарға қоғам аяушылық танытпай отыр. Мәселен, жақында танымал сауда бренді Magnum дүкендер желісіне қатысты үлкен дау-дамай тұтанды.

Оқиғаның қалай өрбігенін баяндасақ. Асылхан есімді тұтынушы атаулы дүкеннен азық-түлікке онлайн тапсырыс берген. Ал тауарды жеткізген Еркін есімді курьер тапсырыс берушінің орысша сөйлегеніне қарап, «өтініш, қазақша айта бересіз бе» деген. Бұл қарапайым талапты ескермеген тұтынушы әлеуметтік желіде жазба қалдырып, оған орысша сөйлеу ыңғайлы екенін әрі қазақша білсе де, өзі қай тілде сөйлегісі келсе, сол тілде сөйлейтінін жеткізген. Мұны оқыған Magnum менеджері екі қазақтың қазақша сөйлеуін қолдаудың орнына, курьерді жұмыстан қуып жіберген. Бұл оқиғаны естіген қоғам белсенділері Magnum дүкендеріне бойкот жариялап, тауарларын алмауға шақырды. Бұл дау қоғамға бірнеше жыл бұрынғы «Мухоряпов дауын» еріксіз еске түсірді. Естеріңізге сала кетсек, кәсіпкер Рамиль Мухоряпов та тілге байланысты кәнсіл мәдениетінің құрбанына айналған еді. Артынша ол қазақ тілінде елден кешірім сұрап, тіпті, бүгінгі күні қазақша жобаларды қаржылай демеп, қолдап келеді.

Үкімет орындата алмаған заң талаптарын қоғам орындата ма?

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ тіл саясатының жүйелі дұрыс жүргізілмеуінен қоғамда түрлі әлеуметтік шиеленіс орын алғаны белгілі. Естеріңізде болса, тілге қатысты тұтынушы құқықтарын алғашқылардың бірі боп кәсіпкер Кенесары Қаптағаев пен ұстаз Мақсұт Оразай жүйелі түрде көтеретін. Тіпті, сатып алынған теледидардың нұсқаулығы қазақ тілінде болмағасын алғашқы құқықтық прецедент те болған. Бертінде тіл мәселесі түбегейлі шешілмеген соң, тіпті «Тіл полициясы» сияқты топтар да пайда болған.

Заң жағына келсек, Констиутция бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Сондай-ақ, «Тілдер туралы» заң мен «Тұтынушылардың құқын қорғау туралы» заңдарда қазақ тілінде міндетті ақпарат беру мәселесі қамтылады. Іс жүзінде көптеген кафе-мейрамханаларда қазақша ас мәзірі, дүкендердегі заттарда тиісті таңбаламалар жоқ боп шығады. Балаларға арналған ойын-сауық орталықтарында, караоке, боулингте қазақша әндер қойылмайды. Ал мұның арты қоғамды дүр сілкіндірген Мухоряпов дауы, «Пинта» немесе Магнум кейстеріне әкеп соғуда.  

Заңгерлер де тілге қатысты талаптарды күшейту керегін айтады. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 75-бабына сәйкес тіл заңнамасын бұзғандарды жазаға тартуға болады. Бұл бап бойынша 10 АЕК айыппұл салынады, бір жыл көлемінде бұл құқық бұзушылық қайталанса, айыппұл 20 АЕК-ке дейін өседі. Бұл әрине мардымсыз қаржы. Яғни, жол жүру ережелерін бұзғандай қомақты айыппұл салынбаса, еліміздің кез келген өңірінде тіл нормалары бұзыла беретіні тағы да жасырын емес. Тілдерді дамыту басқармаларының да құзыреті шектеулі. 

Журналист, PR маманы Айбар Олжай тілге қатысты талаптың қоғам тарапынан күшейіп бара жатқанын алға тартады:   

— Қазір бізде қоғамның үлкен трансформациясы жүріп жатыр. Ол ұлттың өзін өзі идентификациялауы, түпкі санасына қайтып оралуы, белгілі бір сананың оянуы тіл мәселесінде үлкен көрініс тауып отыр. Менің ойымша, бұл 2-3 жылға созылатын мәселе деп ойлаймын. Одан кейін біздің қоғам мүлдем басқа боп шығады. Қазір ескі прициптер мен психологияның сына бастаған кезеңі. Буын ауысып жатыр. Осы күнге дейін тілге қатысты біраз мәселе жылы жабылып келді де, тіпті, белгілі бір табу, яғни талқылауға болмайтын тақырып ретінде қабылданды. Қазір қоғам бұдан бас тартқан сияқты. Кез келген тақырыпты талқылауға болады және оның шешімін іздеу керек сияқты.

Медиа сарапшының айтуынша, тіл мәселесі бұл жерде адами құқықтар, тұтынушы құқы ретінде дұрыс көтерілді.

— Мухоряповтың кейсі болды, одан кейін «қазақша ән қоймаймыз» деген «Пинта» кейсі, қазір Magnum кейсі шықты… Мұның барлығы қазақ тілінің тұтунушылық қолдану мәселесіне келіп тірелген болатын. Бұл жерде өте қарапайым нәрсе бар. Заң бар. Визуалды жарнама туралы заң, Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заңның 25, 26-баптары бойынша қай тілде тұтынушы қызмет алғысы келсе, сол тілде қызмет көрсету бойынша мәселелер реттелген болатын. Өкінішке қарай, бизнес тез трансформация істей алмады да, көптеген мәселелер ескі күйінде қалып қойды. Бірақ қоғам өзгерді, бизнес бұл тұста не боп жатқанын түсінбеді. Соңғы Magnum кейсі Қазақстандағы жалпы бизнестің тіл мәселесіне келгенде жауапкершіліктен бөлек, өздері үшін үлкен қауіпті де сезінгендей болды. Бұдан кейін мұндай кейстер қайталанбауы да мүмкін. Себебі барлық компаниялар өте сақ болады әрі бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарайды.

Қоғамның тамырын басып отырған Айбар Олжай бұл мәселені іштей біледі. Себебі ірі компаниялар білікті сарапшыдан ақыл-кеңестер алып тұрады. Оның айтуынша, көптеген компаниялар тренингтер өткізіп, сайттарында қазақша ақпарат бар ма, жоқ па, соны қадағалап, сөйлеу мәнері бойынша да тиісті іс-шаралар атқарып жатыр екен.

Бұл орайда PR маманы:  

— Magnum сияқты үлкен бизнестің өзі қазақ қоғамы тарапынан осындай бойкотқа тап болғанда, кез келген бизнестің күйреп кете алатынын алпауыттардың бәрі түсінді. Бизнестің өзі ақырындап ес жиып келе жатыр. Шағын бизнес үлкен бизнеске қарайды. Ірі бизнес бәрін ретке келтірген соң, бұл мәселе де оңтайлы шешіледі. Қазақ халқы әлемдік үлкен кәнсел мәдениетке өз үлесін қосып жатқан ең креативті ұлт деп айтуға болады. Соңғы кәнсел мәдениет бойынша әлемде боп жатқан жаңалықтардың соңғы тізбегі осы Қазақстанға, оның ішінде қазақ халқына тікелей байланысты. Менің айтып жүргенім, біз кәнсел мәдениетті дамыта алдық және өзіміздің пайдамызға шеше білдік.

Сарапшының айтуынша, бұл жағдайда біз екі мәселені шешіп отырмыз. «Біріншіден, өзіміздің қазақ тілінде сөйлейтін азаматтардың тұтынушы құқықтарын қорғау, яғни өз тілінде белгілі бір тауар сатып алу немесе қызмет алу мәселесі. Екіншіден, әйел теңдігі. Бізде небір әйел мәселесіне қатысты болған кризис оқиғалар патриархалды қоғамның көзқарасын өзгертіп келе жатыр. Біз өзімізде осы кәнсел мәдениетті дамыта отырып, бұдан екі нәрсе аламыз. Ең алдымен, елімізде өз құқығын білетін, өз тілінде қызмет алатын көзі ашық қоғам болады, екіншіден, абьюзерлік, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін түбегейлі шешеміз. Бізге осы екі мәселені шешу керек еді. Осы кәнсел мәдениет бұл жағынан бізге жақсы көмектесті. Компаниялар бұдан сабақ алуда. Сең қозғалды. Енді процесс тез жүретін болады», — деп ойын түйіндейді.

Әйел құқықтарын бойкотпен сақтай аламыз ба?

Расында да, Қазақстанда кәнселлинг әйел құқықтарына қатысты дауларда да көп көрініс тапты. Алысқа бармай-ақ танымал актер Шәріп Серіктің басынан өткен жағдайды айтуға болады. Әлеуметтік желіде оның қызға қол көтерген видеосы тараған соң, ол Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің Бұзақылық бабы бойынша жауапқа тартылды. Ал актер жұмыс істеген Salem Intertainment компаниясы өкілдері онымен бүкіл келісімшартты бұзғанын мәлімдеді. Осыған орай актер қатысқан сериалдардың жалғасы түсірілмейтін болды. Ал кинотеатрларда жүріп жатқан «Патруль: соңғы бұйрық» комедиясынан актер қатысқан тұстар қиылып тасталды. Бұл жеке тұлғаға қарсы жасалған кәнсел, яғни бас тарту мәдениетінің айқын көрінісі.

Әлемдік деңгейде мұндай бойкотты Голливудтың танымал продюсері Харви Вайнштейін басынан өткізген еді. Айтпақшы, cancel culture термині де 2017 жылы продюсердің үстінен Ума Турман, Анджелина Джоли сияқты атақты актрисалар арыз жазып, қоғамда үлкен дау-дамай туындаған соң ғана кеңінен таралған еді. Бүкіл әлемде әйелдер #MeToo қозғалысы аясында басынан кешкен харрассмент оқиғаларын ашық жариялай бастады. Ал Вайнштейн 23 жылға сотталып, кезінде өзі негізін қалаған продюсерлік компаниясынан қуылды. Оның шығармашылығынан көпшілік баз кешті.

Әрине АҚШ пен батыс елдеріндей бұл құбылыстың Қазақстанда қаншалықты институционалды деңгейде дамып жатқаны қазірше белгісіз. Бірақ бұл құбылыс қысқа мерзімді эмоциялық, жеке наразылықтар деңгейінен шығып, жалпыұлттық деңгейге өсіп кеткені анық. Ірі компаниялар да қоғамдық наразылықты елемей отыра алмайтынын түсінді. Ұлттық мәселелерге келгенде бейтарап болу, үнсіз қалу да өз алдына бір позиция екенін ұқты. Әсіресе үлкен дау-дамай, дағдарыс кезінде үнсіз қалу өте қауіпті. Өкінішке қарай, үлкен компаниялардың топ-менеджментінде көбіне орыстілді азаматтар отырған соң, қоғамда салмағы ауыр, дауысы басым қазақ аудиториясымен санасу кемшін. Ал бұл қоғаммен коммуникацияда ортақ тіл таба алмаудың қиын салдарына әкеп соғуы әбден мүмкін. Бірақ бұл дауды бәсекелес компаниялар да өз пайдасына сәтті қолданып кетті. Мәселен, бірқатар сауда желілері өз дүкендерінде қазақша әндер қойып, қызметкерлеріне ұлттық камзол кигізіп, тұтынушыларды жылы шыраймен қарсы алып жатты. Екінші жағынан, бұл дау «клиенттің айтқаны қашанда дұрыс» қағидасынан бөлек, «қоғам әрқашан бақылап отырады» деген жаңа қағидатты алға шығарды.

Кәмшат ТАСБОЛАТ

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.