Биыл Қазақтың ең соңғы ханы Кенесары Қасымұлының 220 жылдық мерейтойы. Ұлт тарихындағы айтулы тұлғаның мерейтойына орай Жамбыл облысы Меркі ауданындағы ескерткіш ашыла ма?
Осы және өзге де сұрақты «Хан Кенеге тағызым» қорының төрағасы Рахматілдә Рахманбердиевке қойған едік. Ол жергілікті билік Кенесары Қасымұлының ескерткішін орнатуға ешқандай қолдау көрсетпегенін айтты.
Бұған дейін журналистер облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың алдында ескерткішке қатысты үш рет сұрақ қойған еді. Әу баста облыс әкімі 2020 жылдың 17 желтоқсан күні «Ескерткішті ашуға қолдау көрсетеміз» деп уәде берді. Алайда арада екі жылға жуық уақыт өтсе де, Хан Кененің ескерткіші әлі ашылған жоқ.
Ал осы уақыт ішінде Бердібек Сапарбаев 92,9 млн теңгеге «Қазақ еліне мың алғыс» және 209 млн теңгеге «Біз біргеміз» монументін ашып тастады. Қос бірдей монументті қыруар қаржыға орнатқан әкім Кенесары ханға келгенде неге кежегесінен кейін кетті?
– Биыл Кенесары ханның 220 жылдық мерейтойы. Осы айтулы мерейтойға орай Хан Кененің ескерткіші ашыла ма?
– Біз ескерткіштің құжаттарын Мәдениет министрлігіне бекіту үшін жібердік. Министрлік бірініші қарылымын өткізіпті. Енді екінші қаралымда шешім шығарады дегенді күтіп отырмыз. Ал ескерткіштің өзі дайын тұр. Енді комиссия келісімін берсе, онда мыспен қаптау жұмысы қалады. Онда биыл ескерткішті толық орнатамыз.
– Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қандай қолдау көрсетіп жатыр?
– Әзірге ешқандай қолдауын көрген жоқпыз. Бірақ облыс әкімдігі Кенесары ханның атына көше атын беру туралы комиссияның шешімін шығарды. Облыстық ономастиканың шешімін республикалық комиссия қолдаған болатын. Енді қаулының үлгісі Ашық порталында жарияланса, Кенесары ханның Тараз қаласында үлкен көшесі пайда болады.
– Сапарбаев облысқа келе сала өзге ұлт өкілдеріне арнап «Қазақ еліне мың алғыс» және коронавирус инфекциясы аяқталмай жатып «Біз біргеміз» монументін ашып тастады. Облыс әкімінің алдында Хан Кененің ескертіші бірнеше рет көтерілді. «Ескерткішті ашамыз» деп уәде бере тұра құжаттардың әуре-сарсаңы бітпегені нені білдіреді?
– Бұл әкімнің өзіне керек болмағаннан кейінгі немқұрайлығы деп білемін. Кезінде қойылған сұраққа «Қолдау көрсетеміз, көрсетпейміз» нақты жауап берген жоқ.
– Қос монументтің құжаттары тез бітіп, Хан Кене ескерткішінің құжаттарының тым созылып кетуі жергілікті билікте жанашыр азаматтың болмауы ма деп ойлаймын…
– Иә, солай болып тұр. Қазір ескерткіштің құрылысын төре тұқымының азаматтары жүргізіп жатыр. Онда да қарапайым халық жалақысы мен зейнетақысынан ақша беріп көмектесуде. Әу баста Меркі ауданы әкімі Руслан Нұрсипатовпен сөйлесіп жүр едім. Кейін ол жауап беруді қойған соң «Қашанғы жалынып жүремін?» деп телефонмен хабарласуды қойдым.
– Кенесары ханның 220 жылдығына орай аталған ескерткіштің ашылғаны өте маңызды. Жергілікті әкімшілік тарапынан ешқандай қолдау болмағаны өкінішті екен…
– «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының» басшысы Қуаныш Даурембеков қана көмектесіп жатыр. Облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Дәулет Кәрібек министрлікке бір-екі рет хат жазғанымен мәселе шешілген жоқ. Өкінішке қарай ескерткіштің артынан түсіп, қолдау көрсетіп жатқан әкімшілік тарапынан ешкімді көріп тұрған жоқпын.
Қарапайым халықтың арқасында ескерткіштің орнын тегістеу үшін 130 камаз тас түсірілді. Ал аудан әкімдігі «Жер сендердікі. Білгендеріңді істеңдер» деп отыр. Аудан әкімдігінде болған жиында «Қолдау көрсетеміз» деп уәде берілген еді. Алайда жеме-жемге келгенде шенеуніктер ештеңе істеп отырған жоқ.
Енді Хан Кененің 220 жылдық мерейтойына орай қайткен күннің өзінде ескерткішті ашу керек деп отырмыз. Ең бастысы министрліктің қолдауын алсақ болды. Бізге әу баста ескерткен барлық талапты орындадық.
P.S.
Керей мен Жәнібек Шу өңірінде құрған мемлекеттің Хан Кененің Әулиеата сапары кезінде тарих сахнасынан жоғалғаны белгілі. Яғни қазақ хандығы Жамбыл облысының аумағында құрылып, Кенесарының қазасынан кейін осы өңірде жойылды. Тараз қаласының төрінде Керей мен Жәнібектің ескерткіші тұрса, Хан Кененің ескерткішінің Меркі ауданында тұруының символикалық мәні бар. Өкінішіке қарай мұны «Қазақ руханиятының жанашыры» деген жалған атақты иемденген Сапарбаев білмей отыр.
Серғали Асланбек, arasha
Коллажда пайдаланылған Б.Сапарбаевтың фотосы Sputnik/Владислав Воднев алынды
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024