Қазақстан халықтары Ассамблеясының бастамасымен жақында «Астана – бейбітшілік бесігі» деген тақырыпта оқушылар арасында жалпыреспубликалық диктант жазу шарасы өткен болатын. Оған республикамыздың әр өңірінен 400 мыңға жуық өрен қатысып, өздерінің сауатты жаза алатынын дәлелдеді.
Жалпы, балаға басқа ілімді үйретіп, жаһандық жаңалықтардан, ғылыми өзгерістерден хабардар етпес бұрын, сауатты жазуға дағдыландырудың маңызы зор. Өз тілінде қатесіз жаза алатын ұрпақтың өзге ғылымды игеруі оңай. Сондықтан болар, Ассамблеяның тосын ұсынысын білім саласындағылар да, ата-аналар да жақсы қабылдады. Бұл отандық білім үрдісінің қаншалықты дұрыс бағытта екенін, оқушылардың оқу бағдарламасын қаншалықты терең меңгергенін көрсететін көрсеткіш. Сонымен бірге, диктант жазу балалардың қалай көркем жазатынын, қолтаңбасының төселгенін бағалауға да мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары ата-аналардың ұл-қызын қазақша мектепке беріп, мемлекеттік тілді терең меңгеруіне мүдделік танытып отырғаны байқалады. Өйткені, мемлекеттік тілге деген сұраныс жылдан жылға артуда. Мемлекеттік қызметке тұратындардың қазақ тілін білуі қажетті талаптардың бірі болып отыр. Осыған орай, тек былтырғы жылы мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің 90 пайызға жуығы қазақ мектептерін таңдаған болатын. Енді Ассамблея ұсынған шара арқылы жас өрендердің қазақ мектепке барып қана қоймай, өз тілінде сауатты жаза алатынын да бағамдауға жол ашылғаны ата-аналарға да, білім ордаларына да ыңғайлы екенін айта кеткеніміз жөн. Шараның жақсы нәтиже көрсетуі қазақ мектептерінің кемшілігін теріп, ондағы білім сапасының төмендігі туралы жағымсыз пікір айтуға бейім қоғам мүшелеріне де сабақ болып отырған жайы бар.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын бағдарламалық мақаласында ел болашағын тек табиғи байлыққа байлап қою қате екенін, жастардың ұшқыр ойын шыңдап, жаңа идеяларының жүзеге асуына қамқорлық көрсеткен мемлекеттердің ғана келешегі кемел екенін көрсеткен болатын. Яғни, қазба байлыққа сүйеніп күн кешудің уақыты өтті. Ендігі дәуір озық ойлы жандардыкі. Сондықтан, жастардың қай салаға бейім екенін анықтап, өзгеше қырымен танылуына, өзіндік бастамаларымен көрінуі жол ашқан дұрыс. Шағын және орта кәсіпкерліктің негізін қалайтын да осы ойы озық жандар. Ендеше, алдағы уақытта әлемнің дамыған отыз озық елінің қатарынан көрінуді мақсат еткен Қазақстанда жастарды сауаттылыққа, білімділікке бастайтын тетіктердің бәрі қарастырылғаны пайдалы. Осы тұрғыдан алғанда Ассамблеяның қолдауымен жүзеге асырылған диктант жазу шарасы оқушыларды қызықтырып қана қоймай, елдегі білімнің деңгейін көрсетіп беруімен де құнды саналады.
Биылғы жылғы шараның ерекшелігі аз болмады. Ең бастысы, биыл диктант жазуға талап білдіргендер сапында қазақ тілділерден гөрі өзге ұлт өкілдері көп болды. Бұл Қазақстанды екінші Отаным деп санайтын этностардың мемлекеттік тілге деген құрметінің артып келе жатқанының айқын дәлелі.
Қазақстан бойынша өткен жалпы ұлттық ашық диктант шарасына биыл қатысқандар саны да жоғары болды. Соның ішінде өзінің сауаттылығын тексеруге 395 549 қазақстандық ұсыныс білдіріп, оның 120 мыңы, яғни, 30 пайызы тапсырманы өте жақсы деген бағаға жазды. Қатысушылардың 45 пайызы жақсы деген баға алса, 25 пайызы қанағаттанарлық деңгейде екенін көрсетті. Диктант жазғандардың 82 пайызы мектеп оқушылары, тілек білдірген студенттердің үлесі 10 пайыздың айналасында. Азаматтық және мемлекеттік қызметкерлер саны 9994-ті құраса, өзге этнос өкілдерінен қатысқандар саны 6664 адаммен түйінделіп отыр.
Мұндай бастама Ресейде де біраз жылдан бері қолданылып келеді. Мұндағы алғашқы шара 2004 жылдан бастау алып, Новосібір қаласында өткізілген еді. Шараның негізгі мақсаты – сауатты болудың әрбір адам үшін маңызды екенін дәлелдеу. Көрші ел ғана емес, білімнің маңызды, қажетті ілім екенін білетін әлемнің 76 елі, 1021 қаласы бастаманы үлкен қызығушылықпен жүргізіп келеді. 2016 жылы бұл ел ұшаққа мінгендер арасында да диктанттан жарыс өткізген. Шараға кейіннен теңіз қызметіндегі мамандар да қосылды. Осы қадамдардың өзі азаматтардың сауатты болуға ынталы екенін аңғартады.
Анар Жомартқызы
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024