29-08-19 |
3000 рет қаралған
Семей полигонын жапқан кім?.
Семей полигонын жапқан кім?

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Н.Назарбаев атындағы ядролық қаруды таратпау және жаһандық қауіпсіздік сыйлығы берілді. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың Cемей полигонын жабу туралы 1991 жылғы жарлығы да жарияланды.

Осы күнге орай, ақын Мырзан Кенжебайдың Семей полигонын жабуға қатысты жазылған мақаласын жариялап отырмыз.

arasha.kz

 

Халық арасында «ерте ме, кеш пе, әйтеуір Ақиқат, Әділет ешқашан ашылмай, айтылмай қалмайды, түптің-түбінде ол жеңіп шығады» деген тұжырым бар. Оған әркім әртүрлі ой айтады. Алайда, әлемнің небір кемеңгер ойшылдарынан қалған бұған қарама-қарсы дерлік «Ақиқат та, Әділет те ең әлжуаз, нәзік бірнәрселер. Олар ұдайы өздерін қорғап, сақтап отыруды қажет етеді. Олар ешнәрсені, ешбір жауыздықты, ешбір қаскөйлікті, қорлық-зорлықты өз күшімен жеңіп шыққан емес» деген де пікірлер бар. Тіпті, Ақиқат, Әділет деген киелі ұғым үшін ең алғашқы болып күрескен адамдардың аты-жөні де ұмыт болып кетіп жататынын бүгінгі ұрпақ – өзіміз де талай рет көріп те, байқап та жүрміз. Соның бір ғана дәлелі мына бір жағдаят дер едік.

Ресей патшалығының қоластына кірген 3 ғасыр ішінде қазақ халқы басынан өткерген сансыз қасірет-қайғының бірі – Семей  алқабында Кеңестік Ресей қазаққа деген қаскөйлікпен 40 жыл бойы өткізген ядролық сынақ жарылыстары болатын. Ұтыры келгенде айта кетейік, сол 40 жыл бойы Қазақстанның Семейден басқа да бірнеше аймақтарында жерасты, жерүсті жарылыстарының түр-түрі жасалып келді. Бірақ жұртшылық назарын аудару үшін бір ғана полигонның аты аталып, қалғандарынан қалың қазақ бейхабар болып келді. Иә, Семей полигоны қазақтың ең ауыр қасіретінің бірі болды. Қазір ондағы жарылысты тоқтатқанымызға да 20 жылдың жүзі болды. Әзірше, соны атап өтейік, бүгінгі, ертеңгі ұрпағымыздың есіне салып отырайық деп жатқан ешкімді көріп те, естіп те отырған жоқпыз.Оның орнына Астананың 20 жылдығына даярлық жүруде.

Кешірім Бозтаев

Сонымен Семей полигонын жабу керек деген мәселені ең алғаш көтерген кім еді? Әлгінде Ақиқат, Әділет дегенде міне осыны айтпақ едік. Ол кезде мұндай әңгімені көтерген адамды «бәлені бастаушы», «ел бірлігін бұзушы», «Одақта алауыздық туғызушы» деп атаған кейбір ақсақалдардың  көзі тірі. Олар бүгінде басқаша «сайрайды». Міне, сол «бәлені бастаушы», яғни, Семей полигонын жабу туралы алғаш үн көтерген асыл да абзал азамат КПСС-тің сол кездегі Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаев болатын! Ол өзі көтерген осынау мәселе бір-ақ күнде өзінің басын жұтуға молынан жететінін сол кезде сіз бен бізден әлдеқайда жақсы білді. Біз қазір Семей полигонының жабылуы қалай басталды дегенде әңгіме тиегін 1989 жылғы ақпанның 28-ші жұлдызында «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы құрылғанынан, оны ақын Олжас Сүлейменов басқарғанынан бастаймыз. Әрине, бұл жерде Олжекеңнің қалың елдің алдына шығып сөз сөйлегенін,  іс-шаралар (қазіргі тілмен айтқанда шоу)  өткізгенін өлеңдер оқығанын жоққа шығарғалы отырған жоқпыз. Алайда, бұл ұлы істің бастамасы туралы әнебір жылы «Казахстанская правда» газетінде (9-шілде, 2010 ж) журналист В. Пигаваев жариялаған «Под грифом, «Совершенно секретно» деген мақала көкейдегі көп нәрсенің көзін ашып, Кешірім Бозтаев сынды асыл азаматты тағы бір еске алмасыңа лаж қалдырмайды екен. Ол мақала:

«Міне, бір кездері Семей облыстық партия комитетінің, бірінші хатшысы болған Кешірім Бозтайұлы Бозтаев қол қойған Семей сынақ алаңында атом қаруларын жарып сынауға қарсы жазылған мына хаттың Мәскеуге жөнелтілгеніне де жиырма жылдан астам уақыт өтіпті»-деп басталады да ол заманда Мәскеуге мұндай қарсылық пікірі бар хат жазудың өзі орасан зор ерлік екені айтылады. Енді осынау шифрлы (құпия) хаттың мәтініне назар салыңыз:

         Өте құпия.№1-ші данасы.

          Мәскеу. Кремль.

          КПСС Орталық Комитетінің Бас Хатшысы М.С.Горбачевке.

«Қазақстан Компартиясы Семей облыстық комитеті СОКП ОК-не мына жағдайды хабарлайды: 340 мың тұрғыны бар Семипалатинск қаласына таяу жатқан сынақ алаңында 1949 жылдан бері ядролық қару сынақтары жүргізілуде. Бұл сынақтар әуелі – ауада, сосын 1963 жылдан бастап жер астында жүргізілуде.

Қазір арада 40 жыл өткенде бұл полигонның айналасындағы жағдай мүлде өзгерді. Яғни, полигон қалың ел орналасқан аймақтың қақ ортасында қалды. Ал бұл жағдай сынақтар жасау барысында еш ескерілмеуде. Бұл маңда жылына 14-18 ядролық жарылыстар жасалады, олар осы жердегі ғимараттар мен инженерлік желілерді істен шығарып, жүздеген, мыңдаған адамдар, басқа да жан-жануарлар  ауырып, су ішетін құдықтар бұзылуда. Сонымен қатар, полигон аймағындағы топырақ қабаты қатты өзгеріске ұшырауда, әрбір үшінші жарылыс сайын жер бетіне радий белсенділігі жоғары газ тарайды, оны тоқтату  іс жүзінде мүлде мүмкін емес.

Ядролық сынақтар туралы жұртшылық арасында әртүрлі пікірлер таратылып, тұрғындар арасында моральдық-психологиялық күйзеліс байқалуда және олардың осының бәрін сынақ тудырған кесел, дерттермен байланысты деуі де негізсіз емес.

Осындай ауыртпалық жағдайға алаңдап отырған облыстық партия комитеті СОКП ОК бұл жарылыстарды тоқтатуды немесе оның қуатын кемітіп, жарылыс аралықтарын сирексітуді,  одан әрі жарылыстарды басқа бір қолайлы жақтарда өткізуді тиісті министрліктер мен мекемелерге тапсыруын өтінеді.

Қазақстан Компартиясы облыстық комитетінің бірінші хатшысы К. Бозтаев. 20 ақпан, 1989 жыл.

Бұл жерде осы хаттың тарихын газетке жариялаған журналист В. Пигаваевқа алғысымызды айтуымыз керек. Ол Семей полигонын жабу туралы алғаш үн көтергендер туралы өзіне мағлұм жәйттерді былайша баяндайды:

Мен қызмет бабымен,  обкомның үгіт-насихат бөлімінде 1978 жылдан бастап сол полигонның саяси бөлімімен тығыз байланыста болдым. Ол жылдары біз бұл жерде еліміздің ядролық болат қалқаны құйылуда деген сөзді мақтана айтқанымызды жасыра алмаймыз. Және мұнда атом қарулары сыналуда деген сияқты түрлі әңгімелер мен жорамалдардың алдын кесіп тоқтау салып отыруға тырысқанымызды да мойындауымыз керек. Ал «жұртты адастырушыларды» «демагогтар» деп атайтынбыз. Бүгінде соның бәрін еске алуға да ұяламыз. Амал нешік.

Бірақ «қап түбінде біз  жатпайды». Полигонға жақын ауылдар мен аудандарда, тіпті, Семейдің өзінде де адамдар арасында бұрын-соңды құлақ естіп, көз көрмеген ауру, дерт, кесел түрлері көбейді. Ана, бала өлімі жиілеп кетті. Өлім-жітім көбейді.

Сөйтіп, арада қаншама жылдар өтсе де ядролық сынаққа қарсы алғаш бас көтеріп, қарсылық білдірген кім деген талас әлі де толастамауда. Мақала авторы  жерде Кешірім Бозтаевтың әлгіндей хат жазуына сол кезде Семейде мұғалімдердің білімін жетілдіру курсына уақытша келіп жатқан мұғалімдердің облыстық партия комитетіне жазған қарсылық хаты түрткі болған сияқты деген жорамалды да айтып өтеді. Олар бұл хатында осы уәлаяттағы (облыстағы) радиацияның мөлшерін білгісі келетінін, дүкендерде ет, сүт, көгөніс, жеміс-жидек жетіспейтінін де еске салған көрінеді. Сондай күндердің бірінде В. Пигаваев пен идеология жөніндегі хатшы Григорий Мищенконы обкомның бірінші хатшысы Кешірім Бозтаев шақырып алып бұдан әрі төзуге болмайтынын айтып СОКП ОК-нің Бас хатшысы Михаил Горбачевқа дереу хат (шифровка) даярлауға пәрмен береді.

«Тәуекел. Мен сол хатқа өзім қол қояйын»-дейді К.Бозтаев. Хат дәл сол күні М. Горбачевтің үстелінің үстінде жатады. Көп ұзамай КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасының орынбасары, әскери-өнеркәсіп комиссиясының төрағасы И.С. Белоусов бастаған үкімет комиссиясы да келіп жетеді.

Міне, бұл Семейдегі ядролық полигонды  жабудың бастамасы ғана еді дейді автор. Бұл жерде біздің бұған қосарымыз мынау ғана: Сол кезеңде Мәскеуде М.Горбачев пен АҚШ президенті Р. Рейган ядролық қаруды қысқарту туралы кездесу өткізіп соның нәтижесінде Американың Невада штатындағы (көпшілігі үндістер тұратын) ядролық алаңды, Қазақстандағы Семей полигонын (көпшілігі  қазақтар тұратын) жабу туралы уағдаластыққа қол қойылған-ды. Және КСРО жағынан құрылған комиссия – Неваданың, ал АҚШ жағынан құрылған комиссия – Семейдің полигоны жабылуын қадағалайтын болды. «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы осы кезде дүниеге келген болатын. Сол жылдары Олжекең «Избиратель» деген газет ашып, мен де сол газетте қызмет істеген едім. Бұл қозғалыс үкімет тарапынан да, жұртшылық тарапынан да орасан зор қолдау тауып, оның есепшотына миллиондаған қаржы науадан құйылғандай құйылып жатты. Ол қаржы туралы ел ішінде алуан түрлі алып-қашпа қауесет те жоқ емес. Ол өз алдына бөлек тақырып. Бұл жерде осы күні арамызда орын алған кейбір келеңсіз жағдайды айта кетуді де ерсі дей алмаймыз. Жоғарыда келтірілген әңгімелерге қарап отырып, Семей полигонын жаптыруды алғашқы болып қолға алған азамат Кешірім Бозтаевтың аты аталмайтыны көкіректе көмулі жатқан көп нәрсені қозғамасқа амал  қалдырмайды. Әрине, көп ақиқаттың айтылмауына, айтылса бұрмаланып, тіпті, әлдебіреулердің атын шығаруға пайдаланылып кетіп жатқанына небір қушыкеш, пысықай, алаяқ, жағымпаздардың заманы туып тұрғаны да кінәлі шығар. Ондай мысалдың талай түрін келтіруге де болады. Әсіресе, қылышынан қан сорғалап тұрған сонау 30-шы жылдары халық ағарту комиссары болып тұрғанда бүкіл мәжіліс, жиналысты қазақша ғана өткізіп, мен қазақша түсінбей отырмын деген білдей орыс қызметкерін түтіп жей жаздаған Темірбек Жүргеновтің аты аталмайды да біреу жиналысты қазақша бастап ашып бергенін жер-көкке сиғызбай мақтап жатқанын көргенде ішіңді ит тырнағандай болады. Бүгінгі тарихты оқыған балаларымыз үш жүздің басын қосқан Абылай деген хан екен деп ойлайды. Тағы бір мысал. Қазақтың айтыс өнерін жаңғыртуды сонау Кеңес заманында күн тәртібіне көтеріп, ол туралы іргелі-іргелі ғылыми зерттеулер жазған  адамдардың бүгінде аты-жөні де атала бермейді. Оның орнына Жүрсін Ерман деген айтыстың атасы атанды. Халқымыздың асылзат  өнері айтыс бүгінде саясат пен біреулердің күнкөрісінің құралына айналғаны тағы рас. Ал айтысқа қатысушыларды «Жүрсіннің жүйріктері» деп атайтын болды. Енді бір жазушы әйел әлдебір тәуелсіз сарапшы дейтіндерден Франц Кафканың бейнесі салынған медаль алып, өзін-өзі алғаш рет Ф.Кафка сыйлығын алған қазақ қызымын деп жариялады.

Иә, Ақиқат, Әділдік ешқашан да әділетсіздік, жағымпаздық, алаяқтық оңай олжа, оңай атақ-даңқ, жауыздық сияқты өздігінен келмейді. Сөзіміздің басында айтқанымыздай ол екеуі адамдардың ар тазалығына, шыншылдығына зәру, олар әрқашан өздерін қорғаштап, сақтап отыруды қажет ететін ең үрзада, ең пәкизат жаратылыс.Не туралы, кім туралы айтсақ та Ақиқат, Әділет деген киелі ұғымды алға тартып айтқанға не жетсін.

Мырзан Кенжебай, ақын

Дереккөз: Abai.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.