Қытай көсемі Дэн сяо пин саяси сахнаға қайта оралып, реформа мен сыртқа есік ашу бағытын жолға қойғанда, саяси аласапыраннан жаңа ес жиған қытай зиялыларында орайдан пайдаланып шетелге кету ойы туындағаны анық. «Жарақат әдебиетінің» уәкілдік туындысы саналатын ақын, сценарист Бәйхуаның 1980 жылы экрандалған «Бейнетті махаббат» кино хикаяты осы тақырыпты арқау еткен. Шығарманың Бас кейіпкері шетелге қоныс аударған суретші жаңа республика құрылғанын естіп патриоттық сезімі оянып отанына оралады. Бес жұлдызды қызыл туды алғаш көргендегі әсерінен арыла алмай, жаңа туған қызына Шиң шиң (жұлдыз) деген есім береді. Бырақ қуанышы ұзаққа бармайды. Алапат саяси науқандар басталып, қапасқа қамалып, тәні де, жаны да бірдей жараланады. Заман оңалғанда қызы күйеуімен бірге шетелге кетуге бел байлайды. Қаншама бейнет көрседе отанына деген махаббатын жоғалтпаған әкесі қарсы болады. Сонда қызы әкесіне: “Cен отаныңды сүйесің, тауқымет тартсаңда сүйесің… отаның сені сүйе ме?!” – деп зілді сұрақ қояды. Содан бастап бұл сөз көзқарақты қытай жұртының қоғамдық әділетсіздікке тап болғанда айтатын тәмсіл сөзіне айналады.
«Есікті айқара ашу» кезінен басталған қытайлықтардың шетелге кету ағыны тоқсаныншы жылдардың басында шырқау шегіне жетеді. Қытайдың орталық телеарнасы сексенінші жылдардың басында Америкаға қоныс аударған музыкант Цаугүйлинның өмірбаяндық романы «Нью Йоркқа барған бейжиңдіктерді» телесериалға айландырып, 1994 жылдың басында көрерменге ұсынады. Сериалдың бас кейіпкері музыкант Уаңчимиң виолончельин арқалап, әйелімен бірге Нью Иоркке бақыт іздеп келеді. Кедейлер районынан үй жалдайды. Көше бұзақыларының шабуылына ұшырап бар жиған-тергеннінен айырылады. Күнкөріс үшін әйелі тоқыма тоқып, өзы Қытай ресторанына қара жұмысқа жалданады. Жанкешті еңбектің арқасында ақша жинап, кәсіп ашады. Бірақ байыған сайын аралары алшақтай береді. Уаң ресторанның әйел қожайынымен әуейі болады. Әйелі серіктес шетелдіктің сезімін қабыл алады. Арттарынан келген қыздары оларға ерегесіп үй бетін көрмейтінді шығарады. Сыныптасымен махаббаттасады. Көп өтпей жігітінің әкесімен көңіл қосады. Өз өзіне келген Уаң семьясын сақтап қалу қамына кіріседі. Әйелінің көңілін қайтара алмайтынын білгенде, тым болмаса қызының бетін бері бұруды ойлайды. Ньюйорктың адам көп жүретін көшесінен, Африкадағы кедей балаларға жылу жинап отырған жерінен табады. Қызы сыпайы түрде әкесінен қайрымдылықпен айналысып жүргенін, жұмысына кедергі келтірмеуін өтінеді. Өзіне, әлде басқаға айтқаны белгісіз, “Менің қызым аш-жалаңаш балаларға көмектесіп жүр, ал менің қызыма кім көмектеседі?!” – дейді Уаң шарасыз күйде. Аталмыш сериал Қытай тарихында шетелде түсірілген алғашқы отандық өнім саналады. Ең мықты кадрлардан жасақталған шығармашылық топ оқиғаның шынайылығын арттыру үшін осындай жолды таңдаған. Көптеген көркемдік деталдарды шебер пайдаланған. Оқиғаның бет алысы төңкерілген шелекті сабалап отырған көше музыкантының ритм қағысы арқылы берілсе, әр серианың алдында қайталанып отыратын “Егер сен оны сүйсең Нью Йоркке жібер, себебі ол жер – жұмақ, егер оны жек көрсең Нью Иоркке жібер, себебі ол жер – тозақ” деген бет ашар сөзі адамды екі ұдай сезімге қалдырады. Батысша киінген Уаңның қымбат көлікте Мао заманындағы төңкеріс әндерін тыңдап келе жатқан эпизот сериалдың негізгі идеясын, құндылықтар ортасында таңдау жасауға мәжбүр болған кейіпкердің ішкі қайшылығын аша түседі. Сериал күткендей Қытай қоғамында ерекше аңыс тудырады. Содан бастап батысқа, Америкаға көзсіз табынатын тенденция азайып, отанға қайту науқаны басталады. Жазушы Цаугүйлин «Бейжиңдегі Нью Йорктіктер» деген атпен романның жалғасын жазады.
Қоғамдық өзекті мәселелерді экрандап, ел назарын аудару Европа мен Америкада бұрыннан бар дәстүр. Экономика мен руханиятты тең ұстайтын, «Жұмсақ күштің» сиқырын әбден меңгерген қытайлықтардың түйткілді мәселені көркемдік деңгейге көтеріп, қалай бір жақтылы еткенін жоғарыда баяндадық.
Кейінгі кезде Қазақ қоғамында да жастардың шетелге кетуі, қыздардың жат жұрттықтарға тұрмысқа шығуы көбейген. Жұрт аңысы әлеуметтік желідегі құр байбаламнан ары аспай тұр. Африкалық зәңгінің артынан кеткен қара көздың, отбасын алып Сирияға жиһатқа барған тақуаның, Корейяда қара жұмысқа жегілген ауыл қазағының күйініш-сүйінішін, тағдыр талайын сондай қадам жасауға итермелеген әлеуметтік экономикалық, мәдени себептерді қоғам толық сезінбеген. Сезінбейтін себебі, олардың экрандағы толық қанды көркем бейнесі жасалмаған. Жасалмайтын да түрі бар. Өйткені, қазыргі кино өндірісін жаулап алған КВН мен той сахнасынан шыққан кинокештер ондай міндетті арқалауға қауқарсыз. Нарықтық кезеңде өнерге талпынған олар аға-буын киногерлердің тәжірибесінен үйренуден гөрі жағасына жармасуға бейім. Құдалық, қыз алып қашу, ене мен келін қатынасы сияқты заман көшінен қалған, өзектілігін жоғалтқан дүниелерден арзан шоу жасаумен әлек.
Жастардың жақсы не бөтен ниетпен шетелге кетуі, Қазақстан жағдайынан алғанда ұлттық идеологияның дәрменсіздігінің көрінісі. Ұлттық тәрбиеге, рухани қауыпсіздікке немқұрайды қараудың салдары. Осы бастан кино, телевидения, интернет желісі сияқты мәдени тетіктер арқылы тілдік әрі рухани бір тектілікті дәріптемесек, ресми тілде сөйлейтін шенеуніктерге, “Өз таксиісін қомсынатындарға”, жергілікті халықтың тілі мен мәдениетін білмеседе баяшат өмір кешіп жатқан өзге ұлыс өкілдеріне: “Отаның сені сүйеді, сен Отаныңды сүйесіңбе?!” – деп өткір сұрақ қоймасақ, болжаусыз ақуетке ұрынарымыз хақ.
Есбол Үсенұлы