arasha.kz

Сен жалғыз емессің, ұстаз!

Алматы қаласындағы білім беру мекемелерінің басын қосып, ұстаздардың құқығын қорғап келе жатқан «Ұстаз» кәсіподақ ұйымының ұраны – «Сен жалғыз емессің!» Кәсіподақ ұйымының әр мұғаліммен бірге екенін, пікірін тыңдауға, қолдауға, қорғауға әрқашан әзір екенін аңдататын бұл сөздің түпкі мақсаты мен ақиқатына мұғалімдердің әлдеқашан көзі жеткен. Оның үстіне, Алматы қаласының әкімдігі де кәсіподақтың жұмысын жандандыруға, бірлесіп іс-шаралар атқаруға үнемі көңіл бөліп келеді.

          Алматы қаласының Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева да кәсіподақтар көтерген мәселені шетке ысырмай, заңдық тұрғыдан шешілуіне ықпал етуде. Ұстаздарға қатысты мәселе, арыз-шағымдардың басым бөлігі білім басқармасына, мектеп басшылығына бағытталатыны түсінікті. Мәселен «Ұстаз» кәсіподақ ұйымына алматылық педагогтардан жылына 2500-ге жуық ауызша және жазбаша арыз-шағым, ұсыныс түседі. Ұстаздар осы шағымдарын жолдай отырып өз дауысын жоғарыдағылардың еститініне, мәселесіне көңіл аударатынына сенеді. Мұндағы кәсіподақтың ролі қалалық білім басқармасы мен ұстаздар арасын жалғауға, алтын көпір болуға бағытталған. Бұл міндетті кәсіподақ жылдар бойы талапқа сай атқарып келеді.

          Биылғы халыққа есеп беру жиынында Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев та білім беру ошақтарындағы жағдайды бақылауында ұстап отыратынын, ондағы оқушылардың сапалы білім алуы ғана емес, мұғалімдердің де алаңсыз жұмыс істеуі  жіті назарда екенін алға тартқан болатын. Досаев сондай-ақ адами капиталды дамыту, педагогтардың талап-тілегін тыңдап, нақты қадамдар жасау әкімдіктің негізгі жұмысы деп атап көрсеткен еді. Әкім қаладағы басқармалар мен аудандық бөлім басшыларының бәріне «Ең алдымен елді тыңдап, олардың жағдайына терең үңілу керек! Өз сөзінің ауада қалғанын түсінген халықтың болашаққа сенімі төмендейді» деген-ді.

          Қала әкімінің тапсырмасына сай мемлекет құрылым жетекшілері кәсіподақтармен етене араласып, бірігіп жұмыс істеуді дәсүрге айналдырды. Өйткені, әкімдікке аяғы жетпеген, басқармаларға барып арыз-мұңын айтуға тәуекел етпеген азаматтар алдымен кәсіподақтарға шағымданады. Кәсіптік одақтар жетекшілігіне – әр саланың белсенді, сауатты, табанды азаматтары топтастырылатыны белгілі. Өз араларынан шыққан әріптестеріне педагогтардың шешіліп сыр айтатыны, көмек күтетіні де сондықтан.

          «Ұстаз» кәсіподақ ұйымының жетекшісі Серікжан Байғұттиновтің айтуынша, арыз-шағымдардың жедел әрі әділ шешілуінде қалалық, аудандық білім мекемелерінің еңбегі айтарлықтай.

– Кез келген даудың, кемшіліктің алдын алған тиімді. Ұйымға түскен арыз-шағымдарды сараптап, мониторинг жасау қашанғы әдетіміз. Осындағы ұстаздардың қойған сауалы, өтініші, талабына қарап мектеп ұжымдарында қандай кемшіліктер барын, нені жетілдіру керектігін, педагогтар қандай көмекке зәру екенін түсінгендей боласың. Мұндай шағымдар алдағы уақытта да түспес үшін, ең бастысы, ұстаздар осындай олқылықтан болашақта зардап шекпес үшін білікті мамандарды шақырып дәріс өткізгеннің, заң нормаларындағы жаңашылдықтар бойынша түсіндіру сабақтарын жүргізгеннің пайдасы орасан, – дейді  Серікжан Кәдірәліұлы.

Серікжан Байғұттиновтың айтуынша, «Ұстаз» кәсіподақ ұйымында аранйы заңгер бар. Дегенмен, білім саласындағы жаңа бастамалардың тың өзгерістерді Алматы қаласының Білім басқармасымен бірлесіп жүргізу жолға қойылған.

Жалпы елімізде Оқу-ағарту министрлігі – ең көп жаңғыртулар жүзеге асыралатын, үнемі өзгерістер мен толықтырулар қолға алынатын сала. Онсыз да жүктемесі жоғары, жұмысы ауыр педагогтардың қолданысқа енді енгізілген жаңашылдықтарды бақылап, қалт жібермей қадағалап отыруға мүмкіндігі жоқ. Содан келіп ұстаздар арасында түрлі түсінбеушілік, сенімсіздік пайда болады. Осыны ескерген кәсіподақ ұйымы Алматы қаласы Білім басқармасының заңгерлері мен жетекші мамандарын мектеп ұжымына жиі шақырып, ұстаздар көкейіндегі сан сауалға анық, сауатты жауап алуға жағдай жасайды. Тіпті басқарманың құқықтық мәселелерге жауапты бас маманы кәсіподақ ұйымдарында көшпелі отырыстар ұйымдастырып, мұғалімдер бағдар етер басты мәселелер бойынша кеңес беруді дәстүрге айналдырған.

          Алматы әкімдігі мен Алматы қаласының Білім басқармасы кәсіподақтың сайтының жандануына, әлеуметтік парақшаларында сапалы, қажетті түсіндірмелердің жариялануына да үлес қосып келеді. Сала мамандары ұстаздар сайты пен әлеуметтік желі парақшаларындағы «Сұраңыз, жауап береміз» деген айдардың тұрақты қонағына айналған. Осындағы көп сұраққа берілген жауапты тыңғылықты оқып, көңіліне тоқыған ұстаздардың өз құқығының тапталуына жол бермесі талассыз.  

          Бүгінге дейін бір жүйеге түскен бұл жұмыс талай ұстаздың құқықтық сауатын ашып, блімін көтерді. Соның арқасында педагогтар күмәнді жағдай орын алып, сұрақ туындаса сайттағы заңгерлерге сауалын жолдап, сауатты кеңес алатынын біледі. Бүгінгідей ақпараттық заманда кәсіподақ пен оның мүшелері арасында жедел байланыс орнатудың маңыздылығы айтпаса да түсінікті. «Ұстаз» кәсіподақ ұйымында да мұғалімдер шұғыл хабарласып, өзіне қажетті мәселені анықтап алуы үшін жедел желі іске қосылған. Мұнда заңгерлер әр қоңырауға жауап беріп, өз құзырына кірмейтін сұрақтар туындаған жағдайда қалалық немесе аудандық білім бөліміне хабарласып, мәселені кешіктірмей реттеуге қол жеткізіп отыр.

          Кәсіподақ ұйымының тағы бір іргелі істері ұстаздардың білімін көтеретін, біліктілігін арттыратын курстар, семинарлар ұйымдастырумен ұштасады. Бұл жерде де әкімдіктің көмегі ұшан-теңіз. Себебі, мұндай шараларды өткізуге жайлы орын керек. Алматы қаласында ғимараттарды жалға алудың ақысы жоғары екені кім-кімге де белгілі. Әкімдік осы мәселенің оңтайлы шешілуіне қол ұшын береді. Сонымен бірге, мұндай танымдық сабақтарда дәріс оқитын мамандардың да елге танымал ғана емес, өз саласының білгір маманы, кәсіби шебері болуы маңызды. Ал шеберлік сыныптарын өткізіп жүрген мамандардың да қаламақысы арзан тұрмайды. Бұл жерде де әкімдік пен Білім басқармасының басшылығы мамандармен келісімге келіп, дәріс бағасын көтермеуге ықпал етуде. Тек биылғы жылы Алматы қаласындағы 890 педагог осындай маңызды семинарларда дәріс тыңдап, білім көкжиегін кеңейткен екен.

          Алматы мектептеріндегі ұстаздардың еңбек демалысын сапалы, тиімді ұйымдастыру ісінде де әкімдік кәсіподақ ұйымына қолдау білдіріп келеді. Себебі, жыл бойы бала тәрбиесімен тынымсыз айналысқан ұстаздардың қолайлы бағада демалғаны дұрыс. Бұл шараның жолға қойылуына қала әкімшілігі тұрақты көңіл бөліп отыр.

Exit mobile version