arasha.kz

Сенатта жайылымдық жерлерді пайдалану туралы Заң мақұлданды

Сенатта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң мақұлданды. Мұнан соң құжат Мемлекет басшысына қол қоюға жіберіледі.

Жаңа Заңды таныстыру барысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин заң жобасының мақсаты елді мекендер тұрғындарының мал жаюына арналған жайылымдық жерлердің тапшылығын жою, сондай-ақ ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін жақсарту және жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды жетілдіру болып табылады деді.

Айта кетейік, Мәжіліс пен Сенат депутаттары ҚР Жер кодексіне, «Жайылымдар туралы» ҚР Заңына және жергілікті халық пен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету мен реттеуге қатысты басқа да ілеспе заңдарға 71 түзету енгізуді ұсынды.

Аманғали Бердалин негізгі түзетулерге тоқталды. Атап айтқанда, азаматтарға шалғайдағы мал шаруашылығын жүргізу және уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығымен мал жаю үшін жер учаскелерін беру нормасы алынып тасталады. Сондай-ақ заң жобасы жайылымдарды басқару және алқаптарды уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығын беру жөніндегі конкурсқа шығарылатын жер учаскелерінің тізбесіне енгізу кезінде пайдалану жөніндегі жоспарды есепке алу туралы талапты белгілейді.

Вице-министрдің айтуынша, заң жобасы жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жоспарлары негізінде халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жерді (жайылымдарды) резервте қалдыру мүмкіндігін енгізеді. Сондай-ақ, заңнамаға тек жергілікті халықтың ауыл шаруашылығы жануарларының асыл тұқымды басын ұстау мақсатынддағы қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған «қоғамдық жайылымдар» түсінігі енгізіледі.

Сонымен қатар жайылым пайдаланушылары мен олардың бірлестіктеріне мемлекеттік қолдау, оның ішінде суару құрылыстарына ақысыз негізде қол жеткізу түрінде де көрсетілетін болады. Соңында, жайылымдық жерлерді ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің басқа түріне беруге тыйым салынады және тұрғындардың жеке қосалқы шаруашылықтарда ауылшаруашылық жануарларын жаюына мүмкіндік береді.

Соңында, жайылымдық жерлерді жеке қосалқы шаруашылықтарда ауыл шаруашылығы жануарларын жаюға халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған ауыл шаруашылығы жерлерінің басқа түрлеріне беруге тыйым салынады.

«Депутаттар ұсынып отырған түзетулер Конституция нормаларына және қолданыстағы заңнамалық актілерге сәйкес келеді, сондай-ақ теріс әлеуметтік-экономикалық салдарға әкеп соқпайды және республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етпейді», – деп атап өтті Аманғали Бердалин.

Exit mobile version