20-10-18 |
2310 рет қаралған
«Сенім» орталығының қолдауын көргендер көп.
«Сенім» орталығының қолдауын көргендер көп

Өмірде шалыс басқандардың өзін-өзі жоғалтуы оңай. Тығырыққа тірелгендердің көбі тірлігін қайта бастауды, қателігін қайталамауды ойламайды. Көпшілігі қиындықтан құтылудың жалғыз жолы – өмірмен қоштасу деп түсінеді. Бүгінгі суицид дерегінің санын көбейтіп жатқандар да осындай жандар. Ал, оларға олқылығын түсіндіріп, ортаға қосу үшін жүйелі жұмыс керек. Және игі шараны арнайы орталықтарда іске асырып, білікті мамандардың көмегіне жүгінгенде ғана жұмыс нәтижелі болмақ. Дағдарыс орталықтарының ішінде Ақмола облысында орналасқан республикалық «Сенім» орталығының қызметі өнімді.

Ақмола облысы Зеренді ауданынан «Сенім» әлеуметтік-психологиялық сауықтыру орталығының ашылатыны туралы хабарды жергілікті тұрғындар жылы қабылдай қойған жоқ. Қалай дегенмен де мұнда ем қабылдауға, көмек алуға келетіндердің барлығы өткені бұлыңғыр, келешегі күмәнді тұлғалар. Көпшілігі нашаға тәуелді болып туыс-туғандарынан қол үзген. Олар орталықтың тәртібіне бой ұсынып, емді дұрыс қабылдаса жақсы. Ал, есірткіге деген қызығушылықпен қайта қылмыс жасап, өңірдің берекесін алса не болмақ? Олардың артынан жергілікті жастардың ермесіне кім кепіл? Тұрғындарды алаңдатқаны да осы еді. Сондықтан, «Сенім» орталығының ұжымына алдымен өңір халқының пікірін өзгерту қажет болды. Арнайы жиындар өткізген мамандар жамандықтан ешкімнің де сақтандырылмағанын, көмек сұрап келгендердің өмірден өз жолын табуына бәріміздің де көмегіміз керектігін түсіндіруге тырысты. Орталықтың мақсат, міндетімен танысқан соң мұнда жұмыс істеуге, бірігіп шаралар ұйымдастыруға ниеттілер қатары артты. Міне, сол қиын күндердің бәрі қазір артта қалды. Он үшінші жыл үздіксіз еңбек етіп келе жатқан «Сенім» орталығы бүгінде еліміздің әр түкпірінен қолдау күтіп келген 859 жанға демеу болғандарын мақтанышпен айтады.

Көмек алғандардың арасында нашақорлықтан құлан таза айығып кеткендері баршылық. Арасында қанша қолдау көрсетіліп, сауықтыру шаралары жасалса да есірткіге деген тәуелділіктен құтыла алмағандар да табылды. Шын мәнінде, есірткіге бой үйрету соншалықты тез. Крісінше, оның зардабынан құтылу ұзақ уақытты алады. Өйткені, есірткіге тәуелділік адам санасын билейтін психологиялық дерт.  Ал, тәуелділіктен құтылуда нәтижеге жету үшін мамандар түрлі тәсілдерді қолға алуда. Соның бірі «Раздольный  күзі» танымдық шарасы.

Бұл шараның форматы ашық есік күні іспеттес. Сол кездің өзінде ұйымдастырушылар бұл кешті өткізуді жыл сайын дәстүрге айналдыруды, және тәрбиелік мәнін барынша қарастырып, көпшілікке ой салуды мақсат етті. Әсіресе, орталықтың көмегімен есірткіге тәуелділіктен арылып, түзу жолға түскендерді қонақ ету басты талаптың бірі болды. Шын мәнінде, қиындықты жеңе білген жандарды көру, олардың әңгімесін тыңдау, ақыл-кеңесіне құлақ түру емделуге келген нашақорларға үлкен күш, жігер, ертеңгі күнге сенім береді.

«Раздольный  күзі» мейрам  ғана  емес, орталық  жұмысының  жылдық  қорытындысын  шығаратын  сынақ  саналады. Әр  жылдың  өз  ерекшелігі  бар. Жетістік  пен  кемшілік  таразыға  салынып, пікірталас  қызу  өрбиді. Биылғы «Сенім» орталығы ұйымдастырған шараға есірткіні өткен күндердің еншісіне қалдырған, рухы мықты  он  бес  азамат  қатысты. Олар өз сөзінде өмірге қайта әкеліп, жүректеріне сенім ұялатқан орталықты туған үйлеріндей санайтынын айтты. Мұндағы жетістіктің кілті тек медициналық жақтан сауықтыруда емес, бос уақытты тиімді ұйымдастырудың, жаңа кәсіпке баулудың кілтін таба білуде.

Республикадағы бірегей орталық меңгерушісі Сұлушаш Бекмағамбетова, өндіріс шебері Болат Бектеміров, мәдени жұмыстарды ұйымдастырушы Ольга Мищеринаның айтуынша, мұндағы оңалту бағдарламасы «Қазақстан  Республикасының  нашақорлық  және  есірткі  бизнесіне  қарсы  күрес  стратегиясының»  талаптарына  негізделген. Іске  басшылық  етіп  алынған  7  бағыттың  міндетті  түрде  жүзеге  асырылуы мекеме қызметкерлерінің  ғана  емес, осында  қабылданған  қыз-жігіттердің  де  ортақ  жауапкершілігін  күшейтеді. Бұл орайда еріктілік, өзін-өзі басқару, қызмет көрсету, өзара  ынтымақ  пен  көмек, психотерапиялық  және  еңбекке  тарту  процестеріне  белсенді  қатысу, есірткіге тәуелділіктен  құтылуға  тырысу  талаптары  қатаң  сақталуға  тиіс екен. Мұның  айтарлықтай  қайтарымы  барлығы  көрініп  тұр. Өткен  алты  жылда  18  бен  45  жас  аралығындағы 314  адам  орталықтың  құзырында  болса, соның  65-і  тұрақты  ремиссияда, яғни  есірткі  қолданбайтындар  санатына  жатқызылған. Ал, қазір  осында  тұрып  жатқан  29  азаматтың  болашаққа  сенімі  зор  деп  айтуға  болады. Орталықтың  «Сенім»  деп  аталуы  да  көп  жайларды  аңғартқандай.

Қос қабатты ғимараттағы таза жатын бөлмелер, психологиялық  кабинеттер, компьютер сыныбы, тренажер  залы, мәдени  шаралар отауы, кітапхана, асхана, тұрмыстық  бөлмелер  мемлекет тарапынан өмірде оқыс басып, опық жеген жастарға қаншалықты жағдай жасалып отырғандығын көрсетеді. Осы игіліктердің бәрі тегін. Бірыңғай  телефондық  кеңес  бөлмесінің  жұмысында  тыным  жоқ. Ондағы  тегін  байланыс  жүйесі  еліміздің  кез-келген  қаласымен  хабарласуға  мүмкіндік  береді. ЖиҺаз  және тігін цехтары жаңа  құралдармен, қажетті  материалдық  жабдықтармен  қамтамасыз  етілген. Орталыққа  қажетті  заттардың  барлығы  дерлік  осында  дайындалады, әрі тапсырыс  бойынша  өнімдер  шығарылады екен. Аталған  цехтарда  кәсіби  біліктілігін  жетілдіргендерге  арнайы  куәлік  пен  сертификат  тапсырылады. Бұл  ертеңгі  күні  жұмысқа  орналасу  мәселесін  жеңілдететіні  белгілі. Сондай-ақ, биыл  бау-бақшадан  да  тәп-тәуір  өнім  жиналыпты.

         Гүлнар Мәлікқызы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.