Қазақстан Сенатында Ұлттық экономика министрі, вице-премьер Серік Жұманғарин қатысқан брифингте тосын жағдай болды.
BES.media журналисі министрліктің дерегі бойынша бюджетке 200 млрд теңгеден астам салық төлемеген компанияны атауын сұраған кезде Жұманғарин бұл сұраққа қатаң реакция танытып, микрофонды сөндіріп, журналистермен әңгімені тоқтатып, залдан шығып кетті. Қосымша сұрақтарға жауап берілмеді.
Бұған дейін министр Қазақстан компанияларының кеңселерін Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) юрисдикциясына көшіруіне байланысты бюджеттің едәуір салық шығынға ұшырағанын мәлімдеген болатын. Ол мұндай схемалардың салықтан жалтару үшін қолданылып жатқанын айтып, реформалар қажеттігін атап өткен еді.
АХҚО қатысушыларына белгілі бір шарттармен салықтық жеңілдіктер, оның ішінде дивидендтерге салынатын салықтан босату сияқты мүмкіндіктер қарастырылған. Ұлттық экономика министрлігі бұл тетіктерді қайта қарау мәселесін көтеріп жүр, себебі оларды негізінен ірі компаниялар пайдаланады. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, керісінше, қаржы орталығының ел экономикасының орнықты дамуына қосатын үлесін жоғары бағалап, «ойын ережелерінен» бас тартпау керектігін айтқан.