arasha.kz

Әшімбаев журналистерді «жертөлеге қамап» қойды

 

Бүгін сенаттың жалпы отырысында журналистер үшін күтпеген жаңалық болды. ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев жаңалық тарататын журналистерді үшінші қабаттан «жертөлеге қамап қойыпты». Бұған қолына қалас ұстаған журналистер наразылық білдіріп, Сенат төрағасының өзінен түсініктеме алды.

Белгілі журналист Сағатхан Әшімбаевтың ұлы әкесінің әріптестеріне неге салқын қарады?

Сенат Аппараты басшысының орынбасары Максим Споткай мұндай шешімді видеооператорлармен ақылдасып қабылдағанын айтады. Алайда оның журналистердің пікірін мүлде тыңдамағыны қызық болды.

«Кейбір әріптестерімізге бұл мәселені талқыладық. Нақтырақ айтсақ телеарнаның опператорлары бізге ұсыныс жасады. Біз оны орындадық. Әрине бізге белгілі бір телеарна басшылығынан ешкім шыққан жоқ. Бірақ та осындай ұсыныстар болған. Ұсыныстың негізінде осы жерде арнайы баспасөз конференцияларын өткізетін болдық. Сіздерде ешқандай спикер қашпай, сұрақтарыңызға жауап беретін болады. Егер депутатпен бетпе бет сұхбат алғыңыз келсе, онда бірінші қабатқа көтеріліп, сұхбат алуға ешкім шектеу қоймайды», – деді ол

Журналистер Максим Споткайдан «Бұл шешімді Мәулен Әшімбаев біле ме?» деп сұрап еді, ол күмілжіп, нақты жауап берген жоқ. Ал Сенат төрағасы бұл шуды естімегенін айтты.

«Біз сіздер үшін баспасөз мәслихаттарына арналған арнайы орын әзірледік. Егер ол баспасөз мәслихаттары сіздерге керек болмаса, осы қабатқа келіп депутаттарға сауал қоя аласыздар», – деді Мәулен Әшімбаев

Әу баста Максим Споткай журналистер бұрын отырған пресс орталықты сенат қызметкерлеріне босатып бергенін айтқан болатын. Алайда Мәулен Сағатханұлы Максим Споткайдың бұл сөзін де жоққа шығарды. Алайда ол Сенат ғимаратында бөлмелер өте аз екенін жасырмады.

«Біздің Сенатта орын соншалықты көп емес. Аппаратқа, техникалық қызметтерге, депутаттар мен журналистерге орын жетіспейді. Сол себепті қазір бұл мәселе шешіліп жатыр. Баспасөзз мәслихаттарына келер болсақ, мен сіздердің алдарыңызға әрдайым шығатын болам. Мен ашықтық саясатын ұстанамын әрі сұрақтарыңызға жауап беремін», – деді ол.

Сенат төрағасы журналистерді 0-ші қабатқа түсіргелі жатқаны туралы ақпаратқа қарсы өз уәжін айтты. Оның сөзінше, журналистрге арналған орын – 1-ші қабат. Алайда лифттегі «В» атты батырманың 0-ші қабатты білдіретінін спикер білмегені қызық болды.

«Екінші қабатқа қайтқыларыңыз келе ме? Ол жағынан бұл жерде сізге уайымдаудың қажеті жоқ. Жазудың да. Бір-бірімізге өкпелемей-ақ қойсақ жақсы болар еді. Мен сіздерден ешқашан қашпаймын. Алдағы уақытта да өзара құрметті сақтасақ деймін. Қазір мен өз кабинетіме көтеріліп, аппарат басшылығы мен баспасөз қызметіне тиісті тапсырма беремін. Барсын, көрсін. Келесі бейсенбіге дейін мәселелерді қарастырамыз. Сөздеріңізді естідім. Сол себепті өздеріңіз айтып тұрған мәселеге көз жеткізіп алсақ дейміз. Біздің Сенатта «адекватты» адамдар жұмыс істейді. Кейін барып, өзім тексерем ол жерді», – деді ол.

Журналистер келесі аптада сенат басшылығы бұрынғы орынды бермесе, онда наразылық ретінде еденде отырып жұмыс істейтінін айтады. «Жаңа Қазақстан» құрап жатқан биліктің журналистерді шеттеткені қызық болды. Күні кеше Мәжілісте тосын жаңалық болып еді. Соған қарағанда Парламенттегі жайсыз шешімді Президент әкімшілігінде отырған шенділер шығарса керек.

Серік Жолдасбай, arasha

 

 

Exit mobile version