Бұл туралы марқұмның отбасы мүддесін қорғайтын адвокат Мейрман Шекеев мәлімдеді.
Адвокаттың айтуынша, апелляциялық шағымдарды Шыңғыс Белғожаев пен Думан Ысқақтан басқа барлық сотталғандар мен олардың қорғаушылары берген.
– Апелляциялық шағымдар түсті. 21 маусым күні сот үкімі жарияланған болатын. Осы күннен бастап және сотталғандар үкімнің жазбаша көшірмесін алған сәттен бастап, оларда шағым түсіруге 15 күн уақыт бар. Қазіргі таңда барлық сотталғандар мен олардың адвокаттары апелляциялық шағым берді, тек Шыңғыс Белғожаев пен Думан Ысқақтан басқа. Істі қарау күні туралы сот қосымша хабарлайды, – деді адвокат.
Сондай-ақ ол екі қыз бен екі жігіттің үкім кезінде прокурорға қатысты шығарылған жеке қаулыға да шағым бергенін айтты.
Еске сала кетейік, 2024 жылғы 4 қазанда Шерзаттың отбасына тиесілі дүкенде жанжал болып, ол қан-жоса төбелес пен жігіттің өлімімен аяқталған. 12 қазанға қараған түні белгісіз біреулер Шерзаттың отбасы тұратын үйді өртеп жіберген. Ал 9 желтоқсанда Шерзаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың мәйіті табылды. Тергеу барысында тоғыз адам, соның ішінде бір жасөспірім ұсталған. Басты айыпталушы — Абзал Шынасыл.
2025 жылғы 5 маусымда Талғар қалалық соты үкім шығарып, Абзал Шынасылды 23 жылға бас бостандығынан айырды.