Cенатқа жіберілген «Жер туралы» заң жобасында жер шетелдіктерге сатылмайды деп жазылды. Алайда жер қазақстандықтарға сатыла ма, жоқ па деген мәселе әлі ашық күйінде тұр.
Жердің Қазақстан азаматтарына қалай берілетінін үкімет жанында құрылған арнайы комиссия шешіп, заң жобасын мәжіліс қарауына жібереді екен. Ал оппозиция өкілдерінен құрылған кеңестің басым бөлігі жерді шаруаларға жалға беру керек деген ұстанымда болса, жер комиссиясының кейбір мүшелері жерді сату керек деп санайды. Бұл туралы Информбюро хабарлады.
Жер комиссиясының мүшесі Алмасбек Садырбаев «әр қазақстандықтың жер телімі болуы керек» деген ұстанымда. Шаруа жерге иелік еткен адам сол телімді баптап ұстайды, ал жалға берілген жердің қадірі кетеді дейді.
«Басым көпшілік осы қазақстандықтарға жерді беруге болмайдыға келтіріп сол жерде бір латифундистердің мүддесін қорғап жатыр да түбі келгенде. Сондықтан мен онымен келіспеймін. Өйтіп латифундистердің мүддесін қорғағанша, жалпы қазақтың мүддесін қорғайық, – дейді Жер комиссиясының мүшесі Амасбек Садырбаев.
Алайда өзге азаматтар белсендінің пікірімен мүлде келіспейді. Олардың айтуынша, жер сатылса, оның көп бөлігі бай-манаптардың қолына түсуі мүмкін. Ал бұл отанымыздан айырылумен тең дейді белсенділер.
«46 500 гектар, 1000 гектар Алмасбек айтқандай таратып берейік. Ол не істейді қазақ? Одан кейін алады да сатады. Қазақтың жерін сатып жіберіп, оны өзге бір байлар, қазақтың жеріне немқұрайлы қарайтын адамдар алып кете ме деген қауіп бар. Санамыз өспей таза орыс тілді дүбәра боп отырғанда, билігіміз бәрі қазақша сөйлегісі келмей отырғанда жер жекеменшігін болдырмауымыз керек. Иә, болашақта болса болар», – дейді шаруа Жексенқұл Әбдірахманов.
Осылайша жиынға келгендер өзара ортақ бір шешімге келе алмады.
Алмасбек Садырбаев комиссияда өз пікірлерімізді айтамыз, ал оны есепке алу, алмау үкіметтің пәрменінде дейді. Бірақ оппозицияның жиынында көптің пікіріне құлақ асатын үкіметтің де, парламенттің де бірде бір мүшесі көрінбеді. Біраз мәселе айтылды, талқыланды.
Ал айтқанымыз билікке жетпесе он алтыншы жылдардағыдай тағы митингке шығамыз деп бел буып отыр оппозиция өкілдері.