12-06-24 |
2500 рет қаралған
ШҚО әкімі бірқатар қызметкерге сөгіс берді.
ШҚО әкімі бірқатар қызметкерге сөгіс берді

Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев бірқатар маңызды тапсырмалардың орындалу барысын пысықтаған алқалы жиында таза ауызсумен қамту және «Таза Қазақстан» бағдарламаларының жүзеге асырылуына жауапты лауазымды тұлғалардың жұмысын қатаң сынға алды. Бұл бірінші кезекті ел Президенті жүктеген міндеттер екенін ұмытпауымыз керек.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Рамазановтың ақпаратын тыңдаған облыс әкімі жиынға бейнебайланыс арқылы қатысып отырған аудан әкімдерінің әрқайсынан, сондай-ақ залдағы өзінің орынбасарлары мен басқармалардың басшыларынан жұмыстың мән-жайын білді.

Белгілі болғандай, әкімдердің бәрі бірдей тұрғындарды таза ауызсумен қамтудың маңызын жіті түсінбейтін сияқты немесе бұл жұмысты орындауға аса күш салмай отыр. Соның салдарынан облыста 300-ден астам адам әлі күнге техникалық жұмыстардың аяқталуы мен таза ауызсудың жеткізілуін күтіп отыр. Себептер әртүрлі – коммуналдық шаруашылықтарда қаржының жетіспеуінен бастап жұмыс үдерісінің созылып кетуі мен жауапты мамандардың сылбыр әрекетіне дейін жобаны дер кезінде орындауға кері әсер еткен көрінеді.

– Жауапсыздықтың кесірінен үш жүзден астам тұрғын әлі күнге таза су күтіп отыр! Бұл уақытта олар құдықтан және басқа көздерден алған тіршілік нәрін тұтынуға мәжбүр. Ал ол судың таза екеніне ешкім кепілдік бермейді! Ендеше сол суды шынайы зерттеп, көрсетіңіздер, сіздердің мәселені шешпей созып жүргендеріңіздің салдарынан адамдардың қандай су ішіп отырғанын көрсін, – деді Ермек Көшербаев.

Сондай-ақ өңір басшысы елді мекендердің тазалығы мен қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу мәселесіне ерекше назар аударып, «Таза Қазақстан» тұрақты жүзеге асырылуға тиіс жобалардың бірі екенін атап өтті.

Аймақ басшысы кейбір лауазымды тұлғалар мен аудан әкімдері тазалық мәселесі маңызды міндеттердің бірі екенін әлі де дұрыс түсінбейтініне қынжылыс білдірді. Әкім бұл мәселеде ешқандай да себеп пен сылтау болмауға тиіс екенін қатаң ескертті. Әсіресе, ол бұл жұмысқа жауапты тұлғалардың сылбырлығын сынға алды.

– Кейбір лауазымды тұлғалар тіпті мәселені шешудің байыбына бара алмай отыр. Нақты ұсыныстар мен жобалар бар, жұмыс жүргізудің тәсілдері де бар, тіпті қоқысты өңдеуді ұйымдастыруға қажетті қаражат та бар. Ал олар қол қусырып басшылыққа қарап отыр! Бұл ұзаққа созылуы мүмкін, бірақ біз оған жол бере алмаймыз. Еліміздің Президенті бұл бір реттік акция емес екенін анық ескертті емес пе! Біз өңірдің тазалығы мен көгалдануын ұдайы назарда ұстауымыз керек, міне Мемлекет басшысы бізге осындай міндет қойып отыр. «Таза Қазақстан» ол отандастарымыздың алдындағы үлкен жауапкершілік екенін ұғынуымыз керек. Міне, сол себепті осындай жоғары жауапкершілік артылып отыр. Өз мемлекетімізді өзіміз құрамыз. Бұл орайда қоғамның, оның ішінде әр адамның қоршаған ортаға, өзі тұратын ауласына, көршісіне, жерлестеріне деген жауапкершілігін арттырып, мәдениетін қалыптастыру өте маңызды. «Таза Қазақстан» бұл – адамдардың бойының, ойының тазаруы, өзіне, отбасына және айналасына деген тазалығы…

Белсенді жұмыс істей алмаған қызметкерлерін қатаң сынға алған аймақ басшысы бірқатар лауазымды тұлға мен аудан әкіміне сөгіс берді.

Сонымен қатар Е.Көшербаев үш күн уақыт ішінде жұмыстың барысына нақты талдау жасап, барлық жобаларды осы жылдың тамызына дейін жүзеге асыруды шегелеп тұрып тапсырды.

Айта кетейік, өңірде халықты таза ауызсумен қамту және «Таза Қазақстан» жобалары іске асырылып жатыр.

Шығыс Қазақстанның елді мекендерін ауызсумен толық қамтамасыз ету үшін екі жылда 17,5 млрд теңгеге 16 жоба жүзеге асырылатын болады. Оның ішінде биыл 3440 адамды қамтитын сегіз жоба аяқталса, 2025 жылы 4060 адамды қамтитын сегіз жоба тиянақталады.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.