Біз
әлеуметтік
желіде
29-05-25 |
1140 рет қаралған
Шымкентте кәсіпкерлер мен әкімдік қақтығысы ушықты.
Шымкентте кәсіпкерлер мен әкімдік қақтығысы ушықты

Шымкенттегі «Қиял әлемі» саябағын бұзу әрекетінің соңы жанжалға ұласып жатыр деп жазды Ertenmedia. 

Жылдар бойы осы жерде кәсіп етіп, күн көріп отырған шағын бизнес өкілдері әкімдік жіберген ауыр техниканың жолын бөгеп, сүру жұмысына ашық қарсылық көрсетті. Оқиға ушығып, полиция араласуға мәжбүр болды.

Кәсіпкерлер әкімдік шешіміне түбегейлі қарсы. Олардың қолында 4 гектар жерді 49 жылға жалға алу туралы заңды құжат бар. Жал мерзімінің аяқталуына әлі 19 жыл қалған.

Соған қарамастан, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков бастаған әкімдік өкілдері «жер заңсыз пайдаланылды» деген себеппен былтыр сотқа арыз берген. Ақыры сот кәсіпкерлерді емес, әкімдікті жақтап шықты.

Жағдайға наразы жұрттың айтуынша, әкімдік бұл жерде жасыл-желек аймағын ашуды жоспарлаған. Бірақ кәсіпкерлердің мәселесі назардан тыс қалды…

Саябақтағы аттракциондар мен сауда орындарында 300-ге тарта адам жұмыс істейді. Көпшілігінің банкте несиесі бар, бұған дейінгі табысы арқылы соны өтеп отырған. Жұмысы тоқтаса, олар қарызға батып, әлеуметтік жағдайы күрт нашарламақ.

Кәсіпкер Айман Әшірбаева: «Әкімдік бізді көшіргісі келсе, алдымен басқа жер тауып берсін. Ол жерде құрылыс жүргізіп, көшкенше уақыт керек. Бізге онсыз да оңай емес, бір күнде кәсібімізден айырып отыр», – деп ашынады.

Қала әкімдігі болса, 30 нысан заңсыз салынғанын айтып, барлығын бұзуды жоспарлап отыр.

Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Мерлан Керімжановтың сөзіне сенсек, «әуелден жерді беру тәртібі бұзылған». Бірақ нақты қандай тәртіп бұзылғаны түсініксіз күйінде қалды.

Шымкенттегі кәсіпкерлер қазір әкім Ғабит Сыздықбековтен әділ шешім күтеді. Олар қала басшылығы шағын кәсіпті тұншықтырмай, алдымен халықпен ақылдасып, ымыраласса дейді. Өйткені сүрілгелі тұрған тек дүңгіршектер мен аттракциондар емес, жүздеген отбасының жалғыз табыс көзі.

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.