01-02-24 |
5620 рет қаралған
«Шынайы патриотизм әділетті қоғамда орнайды» – экономист.
«Шынайы патриотизм әділетті қоғамда орнайды» – экономист

«Жаңа адамдар» қозғалысы Елтаңба туралы қазақстандықтардың пікірін білу үшін, Астана мен Алматы қалаларында әлеуметтік сауалнама жүргізіпті. Оған қатысқан 500-ден астам азаматтың жауабы, сауалнама қорытындысы ойландырады. Өйткені, көпшілік адам еліміздің рәмізін есіне түсіре алмай қиналғанын көрдік.

Бір жағынан сауалнама жүргізген жастар бір біріне өте жақын, ұқсас суреттерді көрсетіп, сұрақ қойған. Ол бір есептен кейбір адамдарды шатастыруы, жаңылыстыруы да мүмкін. Десе де ол мемлекетіміздің басты рәмізі ғой. Кез келген сәтте міне, мынау деп көрсетіп, тап басатындай таңбамыз ғой.

Әрине, әрбір мемлекет өзінің рәміздеріне, Елтаңбасына, Туына, Әнұранына мақтануы, қуануы тиіс. Қазақстанның кез келген азаматы баласына, ұрпағына соны ұқтырып, үйрету қажет. Менің ойымша, Қазақстанда Ту мен Әнұранның дәріптелуі өте жақсы, өз деңгейінде. Ал Елтаңбаға келсек, ондағы басты атрибуттар – жылқы, шаңырақ. «Қазақстан» деген еліміздің атауы жазылған. Дегенмен, ондағы екі жылқының басы екі жаққа қарап тұрғаны меніңше дұрыс емес секілді. Көптеген мемлекеттің елтаңбасында арыстан бейнеленген, мысалы Морокконың елтаңбасында екі арыстан бір біріне қарап тұрады. Бәлкім бізде де солай бір біріне қарап тұрғаны жөн бе еді деп ойлаймын.
Жастарды, ел тұрғындарын патриот емес деп кіләлап жатамыз. Бірақ, адам қандай жағдайда патриот болады? Біздің елде білімге, тәрбиеге бөлінген қаржыны қымқыру ісі тоқтамай тұр. Мұндай жағдайда жастардан не талап ете аламыз? Сондықтан, әділетті қоғам орнатпай, шынайы патриотизмге қол жеткізуміз де күрделі мәселе. Мемлекет басшысы айтып жүрген Әділ мемлекет, жаңашыл қоғамның маңызы өте жоғары. Жемқорлықтың тамырына балта шауып, қоғам тұтас жаңарған кезде нағыз патриотизм болады.


Экономист,
Сапарбай Жобаев

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.