17-07-20 |
1010 рет қаралған
Сөзге деген жауаптылық төмен.
Сөзге деген жауаптылық төмен

«Журналистика факультетінің керегі жоқ, журналистік қызметке бес жыл оқытпай-ақ, курстарды тәмамдаса жеткілікті» деген пікірлерді соңғы кездері жиі естиміз. Осы сөзді нақтылай түскендей, өз журналистік «мектебін» ашып, ынталы жатардан сөз шеберлерін дайындайтындар қатары да көбейіп кеткен.  Бұқаралық ақпарат саласында аздаған тәжірибесі бар мамандардың тарихы тереңнен тартатын білдей бір факультетті алмастыруы қаншалықты мүмкін? Әмбебап журналист қана емес, барлық саладан хабары бар, білікті маман болуды үйрететін факультетке қатысты күмәннің көбейгені қалай?

Шыны керек, бұрын тек пайда табуды мақсат еткен ақылы, жекеменшік оқу орындарының бәрі заң, экономика, ақпараттық қауіпсіздік мамандарын дайындауға ынталы болатын. Кейінгі кезде осы қатарға журналистика да қосылды. Қазір аты белгілі жоғары оқу орындарының барлығы дерлік журналист дайындайды. Ал олардың деңгейі қандай деген сауалға нақты жауап беру қиын.

Бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек етіп жүрген журналистердің басым бөлігін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің түлектері құрайды. Жалпы республика бойынша тілшілерді әзірлеудің қара шаңырағы да осы оқу орны. Ақпарат айдынына білікті мамандарды ұсынып отырған бұл білім ошақтарының кез келгені қаперінде ұстар бір жайт – жауаптылықпен, сөз жауаптылығымен тікелей байланысты. Дәл қазіргідей ақпараттық заманда бізге осы жағы кемшін болып тұр.

Журналистика факультетінің керегі не дейтіндер тілшілік қабілетті шыңдайтын курстар мен арнайы білімсіз-ақ ақпарат таратушыға айналған логгерлерді мысал ретінде алға тартады. Бірақ, журналист тек көргенін, естігенін көрсетумен шектелмейді. Кез келген оқиға орнынан жедел ақпарат таратуға дағдыланған блоггерлер журналистиканың жанрларынан түлде хабарсыз. Көпшілігінің ұсынатыны заметканың, репортаждың деңгейінен аспайды. Көпшілігі сұхбат жасауға әуес. Онда да қойылған сұрақтардың өресі сұхбат берушінің деңгейінен көп төмен болып жатады. Өйткені ізденіс жоқ, тәжірибе жетіспейді. Ал журналистика факультетінде арнайы оқытылатын этика, мораль тақырыбы оларға мүлде таныс емес. Сондықтан да қазір әлеуметтік желіде зорлық көрген бүлдіршіннің бейнесі ашық көрсетіліп, қатігездік бүкпесіз жарнамаланып жүр.

Сол секілді бүгінгі арзан сөзбен атын шығарып, сөзді қару ету арқылы ел арасына іріткі салып отырғандарды көргенде жауаптылықтың қаншалықты төмендегенін аңғарғандай боласың. Өкініштісі, өз танымалдығын көтеру үшін болмағанды болғандай етіп, алмағанды алғандай етіп жазатындар қаншама жанның арына дақ түсіретінін көзіміз көріп отыр. Осының өзі бізде өз ойын айту мен өзгенің намысына тиюдің ара жігі әлі толық ашылмағанын көрсетеді.Соның кесірінен бүгінде ар-намысыма тиді, жеке басыма қол сұқты деген себеппен сотқа жүгініп, өз құқығын қорғауға тырысатындар саны артқан.

Алматы қаласы Жетісу аудандық сотының төрағасы Тұрысбек Мыятбековтің айтуынша, қазір бұл бап қылмыстық кодекстен алынып, әкімшілік құқықбұзушылық санатына айыстырылған. Алайда сот саласында көп жылғы тәжірибесі бар судья бұқаралық ақпарат өкілдерінің тексерілмейтін ақпарат ұсынып, кейде елді дүрліктіруге себеп болып жататынына қапалы. «Қазір өзіңді қызықтырған ақпаратты табу аса қиын емес. Ғаламтордан іздегеніңнің бәрін оңай табасың. Бірақ өзі жазатын мәселенің ақиқатына үңілетіндер аз. Әрине, ресми басылымдар, мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының әр деректі тексеріп, үлкен сүзгіден өткізетіні байқалады. Олар жылдар бойы қалыптасқан тарихына, абырой-беделіне нұқсан келтіргісі келмейді. Соны түсінгендіктен, біз де жаңалықтарды тек осындай аты белгілі, салиқалы басылымдардан оқуға тырысамыз. Ал әлеуметтік желілер мен сайттарда жауаптылық төмен. Тексерілмеген, күмәнді ақпараттардан аяқ алып жүре алмайсыз. Блогерлерге тыйым болмай тұр. Өкініштісі, халық соларға көбірек сенеді» деген қазы сөз жауаптылығын көтерген дұрыс деген пікірде.

Мәселен жақында Жамбыл облысындағы бір мемлекеттік қызметкер істі болып, жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Осы хабарды жекеменшік сайттар «Жемқорлықпен істі болған адам неге бостандыққа шығады?» деген мазмұнда таратты. Оны оқыған қарапайым халық мәселенің байыбына бармай, сотты да, мемлекеттік қызметкерлерді де сынның астында қалдырды. Шын мәнінде бостандығынан шектеу деген жеңіл жаза емес. Түзеу мекемесінде жазасын өтемегенмен, оның пробациялық бақылауға алынып, адымының қысқаратыны кім-кімге де белгілі. Оның үстіне, сыбайлас жемқорлықпен істі болған азаматтарға белгіленген жаза да әртүрлі. Сот жазалаушы орган емес. Ол керісінше жаза тағайындағанда азаматтың қылмысы үшін өкінгендігін, жазаны жеңілдетер не ауырлатар мән-жайларды есепке ала отырып, үкім шығарады. Әрі судьяның заңнамана шеңберінен шыға алмайтыны тағы белгілі. Ал жаңағыдай жаңсақ пікірді тек сот, құқықтық саладан хабары жоқ, мәселені терең зерттемеген жандар айтады.

Міне, төртінші билік өкілдері осы мәселеге мән беруі, халыққа жедел ақпарат таратып қоймай, көпшіліктің санасына оятуды мақсат етуі керек.

Руслан Мәлікұлы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.