16-10-24 |
7880 рет қаралған
Қазақ тілін кемсіткен Черчесов үшін федерация үкіметке не деп жауап береді?.
Қазақ тілін кемсіткен Черчесов үшін федерация үкіметке не деп жауап береді?

Кешелі бері әлеуметтік желілерде футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің қазақ тілін кемсітуге тырысқаны туралы бейнематериал кеңінен таралып, қоғам тарапынан наразылық туғызды. Министрлік бұл жағдайға бей-жай қарамай, Қазақстан футбол федерациясына ресми хат жолдағанын мәлімдеді.

Хатта мемлекеттік тілдің мәртебесі Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Тіл туралы» Заңына сәйкес жоғары тұратыны және оған барлық азаматтың құрмет көрсетуі керектігі айтылған. Сонымен қатар федерациядан осы оқиғаға түсініктеме беру және С.Черчесовпен мемлекеттік тілге құрмет көрсету туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу талап етілген.

«Біз мұндай жағдайлардың қайталанбауын қамтамасыз ету үшін федерация тарапынан тиісті шаралар қолданылуы керек деп санаймыз. Сондай-ақ Қазақстан футбол федерациясы Министрлікке бағынысты ұйым емес екенін, тиісінше оның ішкі мәселелеріне араласа алмайтынын, дегенмен Қазақстандағы спорт саясатын қалыптастырып, жүргізетін ведомство болғандықтан, түсініктеме талап етуге құқылы екенін қаперге саламыз», – делінген хабарламада.

Осы жазба арқылы еліміздегі өзге федерацияларды да мемлекеттік рәміздерге, ұлттық құндылықтарға құрметпен қарауға және оларға қатысты орынсыз қалжыңның алдын алуға шақырамыз.

Фото: © Jurij Kodrun

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.