Бес жыл бұрын саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып, осы уақыт ішінде саяси себептермен қудаланған 300 мыңнан астам адам ақталды. Сонымен қатар 2,5 миллионнан астам материалдың «құпия» белгісі алынды, деп мәлімдеді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу шарасында сөйлеген сөзінде.
«Тарихымыздағы ақтаңдақтарды жою – өткен және келешек ұрпақ алдындағы қасиетті борышымыз. Соңғы жылдары бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізілуде. Бес жыл бұрын саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Үш жыл бойы көптеген сарапшылар мен ғалымдар мемлекеттік және ведомстволық архив құжаттарын мұқият зерттеді. Нәтижесінде саяси себептермен қуғындалған 300 мыңнан астам адам ақталды. 2,5 миллионнан астам материалдан құпия белгі алынды», – деді ол.
Комиссия жұмысының нәтижесінде зерттелген құжаттарға негізделген 72 томдық жинақ жарық көрді. Сонымен қатар, Алашорда қайраткерлеріне қатысты қозғалған істерден құралған 12 томдық еңбек жарияланды. Бұл жинаққа бұған дейін ғылыми айналымға енгізілмеген архивтік материалдар алғаш рет қосылған.
Президент архивінің жанынан ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргінге қатысты материалдарды зерттейтін арнайы орталық құрылды. Орталыққа бұрын құпия болған 700 мыңнан астам қылмыстық іс тапсырылды. Тоқаевтың айтуынша, бұл – Қазақстанда бұрын-соңды жүргізілмеген ауқымды жұмыс.
«Айта кету керек, басқа елдерде мұндай көлемді зерттеулер әлі де жүргізілген жоқ. Бұл – қажырлы еңбектің нәтижесі. Зерттеу жұмысына белсене атсалысқан барлық азаматтарға, оның ішінде Комиссия мүшелеріне шынайы ризашылығымды білдіремін. Олардың еңбегі міндетті түрде жоғары бағаланады. Қазір ғалымдар жиналған деректерді жүйелеп, бірізге түсіріп жатыр. Бұл – ұлтымыздың келешегі үшін аса маңызды жұмыс», – деді Мемлекет басшысы.