12-09-18 |
5790 рет қаралған
Ұстазыңды қадір тұт.
Ұстазыңды қадір тұт

Ел сыйлайтын дана да, қадір тұтар аға да ұстаздың тәлімін алады, тәрбиесін көреді. Ұстаз үшін шәкіртінің бәрі бірдей. Ол алдында отырған арманшыл балалардың бәрінен үлкен үміт күтеді, мықты маман боларына сенеді. Шәкіртінің кіп-кішкентай жетістігіне шын қуанбайтын ұстаз жоқ. Бірақ, бар уақытын мектепте өткізіп, бар күш-қайратын балаларға жұмсайтын ұстаздарға қатысты жылы сөз айтуға неге сараң болып кеттік?

         Қазір мұғалімнің беделі неге төмен дегенді мәселе етіп көтеру жиіледі. Өз мамандығымызға қатысты мұндай талқылаудың орын алуы біз үшін де ауыр. Бала мектепке келмей қалса да, сабағына селқос қараса да, нашар топқа қосылса да мәселенің бәрін мұғалімге тіреу, ұстазбен байланыстыру белең алды. Мұғалімнің міндеті – білім беру, ізгілікке, адамдыққа тәрбиелеу. Бірақ, біз қанша жанталассақ та берген біліміміз ата-аналар тарапынан пысықталмаса, көрсеткен өнегеміз отбасында жалғасын тауып жатпаса жақсы нәтиже күту бекер. Мектепте «сабақты жақсылап оқымасаң, ертең білікті маман бола алмайсың» деп нығарлап жібергенмен, үйде ата-анасы «осы сабақты оқымасаң да қатардан қалмайсың» деп баласын еркіне қойса біздің жанталасқанымыздан пайда жоқ. Мектеп пен отбасы үндесе жұмыс жүргізгенде ғана баланың сабағында ілгерілеу болады.

         Әрине, ата-ананың бәрі бірдей емес. Әркімнің баласы өзі үшін ең керемет, ең ұғымтал, ең дарынды болғанымен, мектепте мұғалім үшін оқушының бәрі бірдей екенін түсінбейтіндер, мойындағысы келмейтіндер бар. Тек өзінің баласына көңіл бөлсе, тек оның баласын мақтаса ғана мұғалім жақсы. Ал, ескерту жасаса, баланың кемшілігін айтса ұстазды жау санап, қатесін теретіндерді де көріп жүрміз. «Ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт» дейді халық даналығы. Ата-анасы қадір тұтпаған, жақтырмай отырған мұғалімді оқушының сыйлауы, әрине, мүмкін емес. Сондықтан, мұғалімге, мектепке деген көзқарасты өзгертудің қағидасы қарапайым. Ол үшін ең алдымен ата-аналармен арадағы байланысты жақсартып, ұстаз жұмысының қиындығын, жаңа заман балаларының көңілін табудың оңай еместігін түсіндіру маңызды.

         Бүгінде мемлекет тарапынан мұғалімнің мәртебесін көтеруге, біліктілігін арттыруға, материалдық жағдайын жақсартуға жіті көңіл бөлініп, ынталандыру тетіктері жан-жақты қарастырылуда. Жаңа бағдарламаны меңгеріп, шәкірттері жарыстарда топ жарған, білімінің жоғары екенін дәлелдеген ұстаздардың еленіп, марапат алған кезі көп. Яғни, мемлекет мектептердің талапқа сай жұмыс істеуіне, мұғалімдердің алаңсыз өз қызметімен айналысуына керектігінің бәрін жасап отыр. Алайда, мұғалім үшін шәкіртінің махаббатынан, ата-ананың құрметінен артық баға жоқ.

         Ал мұндай сенімге, беделге мұғалім қалай ие болады? Мұғалімдер құқығын қорғайтын «Ар-намыс» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ғалия Әміртаеваның, ең алдымен мұғалімнің жалақысы бейнетті жұмысына сай болуы керек. Жалақының аздығынан ер-азаматтар мұғалім болғысы келмейді, жастар та болымсыз айлыққа үлкен жүктемемен жұмыс істеуді жөн көрмейді. Содан болар, бұл мамандық түлектердің басқа мамандыққа балы жетпей қалған соң ғана еріксіз, амалының жоқтығынан баратын мамандықтарының бірі болып барады. Егер жалақы жоғарыласа саланың құрамын жақсартуға, білікті мамандарды тартуға мүмкіндік туар еді.

«Географиядан республикалық атаулы мектептің» жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ұлжалғас Есназарованың бұл ретте айтар пікірі бөлек. Мәселе мұғалімнің жалақысында да емес, түйткіл қоғамдағы ұстаздарға деген құрметтің төмендігінде. Қазір бұл салада жүргендер өз мамандығын шексіз сүйетіндер дейді тәжірибелі ұстаз.

Расында, барлық мәселені жалақының көлеміне тіреп қою дұрыс емес. Өйткені, ағылшын тілін жетік меңгерген, жаңартылған білім беру жүйесін оқыған, шығармашылықпен айналысатын мамандардың айлығы қазір жоғары. Яғни, еңбек еткендер, ізденгендер өзінің қабілет-қарымына қарай айлығын алып жатыр. Бұл нарықтың талабы. Егер жұмысын енді бастаған маманға лақ еткізіп жоғары жалақы тағайындаса өсу де, алға ұмтылу да болмас еді. Мемлекеттік қызметті бағалаудың жаңа талабына сай, енді айлық қызметкердің жұмыс нәтижесіне қарап төленуі тиіс. Сонда мамандарды бағалауда әділдік орнайды.

Ал, мұғалім мәртебесін арттыру үшін оларға мемлекеттік қамқорлық керек. Мұғалімдердің жеңілдікпен үй алуына, пайыздық жағынан төмен несиені рәсімдеуіне мүмкіндік берілсе нұр үстіне нұр. Бұрын ұстаздардың еңбегі ескеріліп жазғы демалыс кезінде шипашайда демалып, ем алуына жағдай жасалатын. Осы игі істі де жандандырып, жеңілдікпен жолдамалар берілсе мұғалімнің еңсесін тіктеп, өз қызметіне ризашылықпен қарауына түрткі болар едік.

Соңғы кезде баласының мүддесін қорғаған ата-аналардың мұғалімнің бетінен алып, көптің көзінше жұдырық жұмсауының талай куәсі болдық. Ата-ана баланы кімнен қорғап тұрғанын түсінбейді. «Ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт» дейтіндер аз қазір. Жеңіл ойлайтын, эмоцияның жетегінде кететін ата-аналар өзінің оғаш әрекеті арқылы бүкіл мұғалімнің беделін түсіріп отырғанын түсінбейді. Ал, ұстазының шарасыз күйін көрген шәкіртте оқуға деген ынта қайдан болсын. Сондықтан, баласы білімді болсын, мектеп бағдарламасын жақсы меңгерсін деген, ұл-қызының ертеңін ойлаған ата-аналар ұстаздың абыройын көтеруге атсалысуы керек. Өйткені, мұғалімін сыйлаған, ұстазының біліміне, сауатына күмәні жоқ бала ғана оның түсіндірген сабағын ыждағаттылықпен тыңдап, берген тапсырмасын екі етпей орындайды.

Ш.Лиясханқызы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.