arasha.kz

Су тасқыны: Бозымбаев БҚО-да салынып жатқан тұрғын үй құрылысымен танысты

Премьер-Министрдің орынбасары Батыс Қазақстан облысындағы үйлер құрылысының барысымен танысып, халықпен кездесті.

Сапар барысында Қанат Бозымбаев БҚО әкімі Нариман Төреғалиевпен және өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкеновпен бірге бірнеше кенттерге – Қаратөбе ауданының Қоржын ауылына, Сырым ауданының Өлеңті мен Жымпиты ауылына, сондай-ақ Орал қаласының Жұлдыз шағын ауданын, Зашаған және Дерқұл ауылдарын аралады.

Қоржын ауылында 90 үш бөлмелі тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Мұнда электр және жылыту жұмыстары толығымен аяқталды. 79 үйде ішкі әрлеу жұмыстары аяқталды. Нысанда 6 мердігер компания жұмыс істейді. Олармен кездесуде Қанат Бозымбаев әрлеушілер бригадаларының санын көбейтуді және құрылысты сапалы аяқтауды тапсырды.

Сырым ауданының Өлеңті мен Жымпиты ауылдарында 68 типтік жеке тұрғын үй және 10 екі пәтерлі 3 бөлмелі үйлердің құрылысы жүргізілуде. Барлығы 45 үй тапсырылды, қалғандары пайдалануға дайын.

Орал маңында ауқымды құрылыс басталды. Мұнда тұрғын үй, соның ішінде су тасқыны кезінде жалғыз баспанасынан айырылған саяжай тұрғындары үшін салынуда. Жұлдыз шағын ауданында 17 құрылыс компаниясы 191 типтік үй салуда. Дерқұл шағын ауданында 103 үй тапсыруға дайын тұр, олар әрлеу жұмыстары сатысында тұр. Зашаған кентінде 70 үйде ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде, тағы 7 үйде – жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Вице-премьер әкімдікке құрылыс қарқынын жеделдетуді тапсырды. 

БҚО әкімі Нариман Төреғалиевтің айтуынша, үйлердің көпшілігі 1 қыркүйекке дейін пайдалануға беріледі. Ол сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 9 994 отбасы жалпы сомасы 3,7 млрд теңгеге 100 АЕК мөлшерінде бір реттік төлем алғанын, тағы 10 222 отбасыға келтірілген залал үшін өтемақы төленгенін хабарлады. Өтемақының жалпы мөлшері 3,68 млрд теңгені құрады.

Exit mobile version