19-06-24 |
6440 рет қаралған
Су тасқыны: Полиция майоры Президенттің марапатына ие болды.
Су тасқыны: Полиция майоры Президенттің марапатына ие болды

Бүгін Ақордада президенттің қатысуымен су тасқынымен күреске белсене атсалысқан азаматтарды салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. Марапатқа ие болған азаматтың бірі полиция майоры, Әйтеке Би ауданының учаскелік полиция инспекторы Дарқан Кемелтаев.

29 наурызда Ырғыз өзенінің су деңгейінің көтерілуіне байланысты Талдысай ауылында су басу қаупі туындады. Күндіз полицейлер ауылды аралап, тұрғындарды үйлерінен кету керектігі туралы ескертіп, эвакуациялық пункттерге де жеткізген. Осыған қарамастан кейбір ауыл тұрғындары эвакуациядан бас тартып, үйлерінде қалуды жалғастырды.

Олардың өмірі мен қауіпсіздігіне алаңдаған учаскелік инспектор Дарқан Кемелтаев таң атқанша ауылда кезекшілікте болған.  Таңертеңге қарай, шамамен сағат 4-терде, су күрт көтеріле бастады және ауылға кірді. Ауылдағы ірі мұз блоктары мен су тасқынынан жарық сөніп қалды. Көшелер су басқандықтан, Дарқан аулалардың үстінен секіріп, үйлерінде ұйықтап жатқан адамдарды оятып, үйден өз бетімен шыға алмағандарға көмектесе бастады. Кейіннен тұрғындарды эвакуациялауды ұйымдастырды.

Президент су тасқынымен күреске үлес қосқан азаматтарға алғыс білдіру барысында, сын сағатта еліміз ырысты ынтымағын таныта білгенін айтты.

«Біз табиғи апат кезінде жұрт болып жұмылдық. Біртұтас ел екенімізді көрсеттік. Құтқарушылар, әскерилер, ішкі істер органдары мен әкімдік қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істеді. Олар Отан алдындағы парызын мінсіз атқарды. Бір сөзбен, антқа адал болды, – деді Мемлекет басшысы.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.