20-09-18 |
2820 рет қаралған
Судья көмекшілерінің пайдасы зор.
Судья көмекшілерінің пайдасы зор

«Судья көмекшісі» лауазымы Ресейдің соттарында бұрыннан бар. Көмекшінің болуы ең алдымен судьялардың жұмысын жеңілдетеді. Қазылардың әрбір іске тыңғылықты дайындалуына ықпал етеді. Өйткені, көмекшілеріне сот процесін ұйымдастырудың көзге көрінбейтін ұсақ міндеттерін тапсырған судьяның іске қатысты заңдарды қайталауға мүмкіндік туады. Сонымен қатар, судьялардың көмекшісі сот ісінің ыстығы мен суығын қатар көріп, қазылық жұмысқа әбден төселгендіктен, олардан кейін мықты судья шығары талассыз. Содан болар, қазақстандық сотқа жаңа лауазымды енгізу мәселесі көптен бері қызу талқыға түсіп жүр еді.

ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Жақып Асановтың бастамасымен қолға алынған «Сот төрелігінің жеті түйіні» бағдарламасы аясында осы мәселе оң шешіліп отыр. Пилоттық жоба алғаш рет Алматы қаласы Медеу аудандық сотында іске қосылды. «Судья көмекшісі» пилоттық жобасы қазақстандық сот жүйесін халықаралық қалыпқа тағы бір қадам жақындатады деген сенім бар. Пилоттық жобаны іске асыру үшін Медеу аудандық сотының таңдалуы да тегін емес. 2018 жылдың бірінші жарты жылдығында Медеу аудандық сотында 24 мың 496 іс қаралған. Өткен кезеңде сот 19 мың 794 шешім қабылдады. Жалпы, аяқталған істердің саны 21 мың 746 болса, бұл көрсеткіш аталған соттың жүктемесі басқа қалалық соттарға қарағанда айтарлықтай артық екенін көрсетеді.  Ал, судья көмекшілері осынша көп істің сапалы да жедел қаралуына жәрдемін тигізуі тиіс.

Алматы қалалық сотының төрағасы Нұрғазы Әбіқанов «Судья көмекшісі» пилоттық жобасының тұсауын ресми түрде өзі кесті. Медеу аудандық сотында өткен таныстырылымға Алматы қаласындағы барлық аудандық соттардың төрағалары, БАҚ өкілдері қатысып, жоба жайлы жан-жақты ақпарат алып, жаңа қызметке тас түйін дайындықпен келген еліміздегі алғашқы «Судья көмекшілерімен» танысқан болатын.

 Нұрғазы Әбенұлы судья көмекшісі қызметін атқаруға лайықты деп тапқан сегіз қызметкер де ішкі резервте тұрған, болашағынан үлкен үміт күтетін, ізденгіш жастар. Төрағаның айтуынша, судья көмекшісі лауазымына іріктелгендердің барлығы дерлік сот қызметінің қыр-сырына қанық, сот жүйесінде айтарлықтай еңбек өтілі бар, бірқатары судьялыққа үміткерліктен өткен сот мамандары екен. Осы орайда, Нұрғазы Әбдіқанов: «Судьялардың көмекшісі қызметіне үміткерлерді іріктеу оңай болған жоқ. Үміткерлердің біліктілігі, мемлекеттік қызмет саласындағы еңбек өтілі, мемлекеттік тілді жетік меңгеруімен қатар, орыс тілі мен ағылшын тілін білуі, мінез-құлқы бәрі-бәрі ескерілді. Осылайша, қойылған талаптар мен сынақтардан сүрінбей өткендер алдағы 1-тамыздан бастап қызметке кіріседі. Бір көмекші 2-3 судьяға көмектеседі, яғни, аудандық соттардың 22 судьясы көмекшімен қамтамасыз етіледі. Жаңа қызмет иелері алаңсыз жұмыстарын істеуі үшін барлық жағдай қарастырылған. Арнайы кабинеттер бөлініп, жиһаз, кеңсе бұйымдары, компьютер т.б жабдықталған» – деп атап өтті.

Ал, Медеу аудандық сотының төрағасы Әсет Боранбаев «Бір кабинетте бірнеше судья көмекшісі отырады. Бұл жаңа қызметкерлердің бір команда болып, ауызбіршілікте жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Осылайша, олардың өзара тәжірибе алмасып қана қоймай, жобаға бір кісідей атсалысуына жағдай жасадық. Қажетті оқулықтармен де қамтамасыз етудеміз. Сондай-ақ, бөлменің жарық әрі жайлы болуын да ескердік» – деді.

Біздің назарымыз бірден кабинеттегі кеңсе жиһаздарының жылы жасыл түсіне ауды. Қабырғалардағы қанатты сөздер де жас қызметкердерге жігер берері анық. Кабинет пилоттық жобаның басты кейіпкерлеріне де ұнады. Олар алғаш рет жаңа қызмет орындарына жайғасып, өздеріне артылған сенімді ақтауға барын салатындықтарын жеткізді. Байқағанымыздай, жаңа міндет жүктелгендердің барлығы жастар екен. Осы ретте, Алматы қалалық сотының төрағасы қызметкерлерге сәттілік тілеп, бұл оларға еліміздің сот жүйесін дамытуға үлес қосуға берілген зор мүмкіндік екен айтты. Судья  көмекшілерінің қызметі төрт бағытта жүзеге асуы тиіс. Яғни, көмекшілер судьяларға бірінші, құқықтық ұйымдастыруға, екінші ақпараттық бағыттағы жұмыстарды, үшінші құжаттармен қамтамасыз ету шараларын, төртінші процессуалдық бағыттағы қызметтерді жүзеге асыруға қолғабыс ететін болады. Судья көмекшісі азаматтар мен заңды тұлғалардың түрлі даулы өтініш, шағымдарын заң шеңберінде сараптау, сот отырысы хатшыларының қызметін қадағалау, сот қызметінің бағыттары бойынша аналитикалық есептерді жасау т.б қызметтерді жүзеге асырады.

 Әрине, бұл судьялардың жүктемесін жеңілдетуге, сәйкесінше судьялардың сот отырысына көбірек көңіл бөліп, тараптардың уәждері мен қарауындағы істі барынша терең саралауына мүмкіндік берді. Сондай-ақ, бұл судьялардың қағазбастылығын да айтарлықтай азайтпақ.

К.Жәркенқызы  

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.