14-09-18 |
3490 рет қаралған
Тәрбиеде кеткен кемшіліктің салдары ауыр.
Тәрбиеде кеткен кемшіліктің салдары ауыр

Осыдан екі жыл бұрын ҚР Президенті Н.Назарбаевтың нұсқауымен  «Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы» атты қаулы қабылданды. Елдегі отбасылық институттардың әлсіреуі мемлекет басшылығын осындай шешімдер қабылдауға итермеледі. Қаулының қабылдануына түрткі болған себептер көп. Солардың бір парасына тоқталсақ, олар төмендегідей түйткілді мәселелерге келіп тіреледі.

Елдегі некесіз туған балалар санының артуы мен ажырасулардың, тұрмыстағы зорлық-зомбылықтардың көбеюі, кәмелеттік жасқа толмаған балалардың құқықтарының бұзылуы, олардың арасындағы қылмыстың артуы, отбасындағы кикілжің, оның салдарынан болатын балалардың әртүрлі  психикалық ауытқушылықтары мемлекеттік басқару тетігіндегі жауапты тұлғалардың алаңын туғызды. Соңғы статистикалық деректер 2015 жылғы ажырасушылар санының үлесін 28 пайыз десе, келесі бір жыл арасында бұл көрсеткіштің үлесі 45 пайызға бірақ секірген. Республика аумағында толық емес отбасылар саны күн санап артып келеді. Алименттен жалтарып, бәленбай баласын аш-жалаңаш қалдырып кете баратын ер-азаматтар көбейді.

Алимент төлеу ісі бойынша, деректерге назар салсақ, 2016 жылдың жыл басындағы жағдай бойынша 279 мың іс сот қарауына түскен, оның ішінде әйелдерге салынатын алимент үлесі 0,8 пайызды құраған. Бірақ нақты деректер осы көрсеткішке енген ешбір әйелдің өз жауапкершілігін әлі өтемей жүргенін көрсетеді. Бұдан бөлек, ер азаматтардың да басым бөлігінің сот шешімі шығарған алименттерін төлей алмай жүргендері белгілі болған.
Өкінішке қарай, қыздарды күштеп алып қашу оқиғалары да республика аумағында азаймай отыр. Зайырлы құқықтық деп саналатын мемлекетте мұндай қылмыстар орын алмауға тиіс еді. Алайда, мемлекеттің осындай бағыт-бағдарына жүрдім-бардым қарайтын кейбір азаматтар қыздың рұқсатынсыз оны некеге, жыныстық қатынастарға мәжбүрлеп қылмысқа саналы түрде баруда. Бұл азаматтардың мемлекет заңдарын жете білмейтіндігін, білсе де құрметтемейтіндігін, сыйламайтынын көрсетеді. Мемлекет заңдарын сыйламау өзін-өзі сыйламаудан басталады. Мұндай құқықтық сауатсыздықтар ел билігінің алдына үлкен жауапкершіліктер жүктеп отыр. Қазіргі таңда республиканың барлық аймағында профилактикалық-түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Алайда, кадрдың аздығы мен халық санының көптігі профилактикалық шаралардың өз дәрежесінде атқарылмай жататынынан да хабар береді.
Елдегі ерлер мен әйелдердің денсаулығының күрт нашарлап кетуі де мемлекет үшін өзекті мәселе. Мемлекетке сапалы ұрпақ, саналы азаматтардың тәрбиеленуі маңызды. Себебі ел ертеңі осы келешек ұрпақ. Қазіргі статистикалық деректер некеге тұрғандардың 18 пайызының бала сүйе алмайтынын көрсеткен. Бұның бәрі әрине, ең алдымен тұрмыстық әлеуметтік жағдайдың сын көтермейтіндігінен.

Қазақстан Республикасы өзінің Конституциясында көрсеткендей, осы мемлекеттің кез келген азаматын тегін медициналық еммен қамтамасыз етуге тиіс. Және бұл заң ешқашан мемлекет тарапынан бұзылған да емес. Кез келген отбасы өзі үшін де, бала-шағасы үшін де жергілікті мекен-жай бойынша барып, тегін медициналық тексерістерден өтіп, тегін медициналық ем қабылдай алады. Өкінішке қарай, көптеген отбасылар осындай мүмкіндіктерін пайдалана бермейді. Өз денсаулығына өте жауапсыз қарайды. Бала-шағасын да дер мезгілінде дәрігерге көрсетпейді. Мұның бәрі ұрпақтың сапасына тікелей әсер етеді.

Ерлі-зайыптылар өз отбасын құрғаннан бастап сол шаңырақтың әр мүшесі үшін жауапты. Міне, жеке адамдардың осындай керітартпа, жүрдім-бардым мінездерінен ұрпақ сапасы, ұлт сапасы төмендеді. Ер азаматтардың ішімдікке салынуы, жұмыссыз жүруі бұл проблеманы тіпті екі еселеп жіберді. Соңғы жылдары бұл дерекке әйелдер арасындағы маскүнемдікті қосыңыз. Осының бәрі келіп, мемлекет үшін ауқымды мәселеге айналып отыр. Ішімдік араласқан отбасында тек қана әйел мен еркек емес, бүкіл бала-шаға да күйзеліске, қиындыққа тап болады. Олардың психикасы бүлінгені өз алдына, денсаулығы, күтімі, тәрбиесі бәрі кезек күттірмей қолға алуға тиіс өзекті жайға айналады. Міне, осындай өте өкінішті немқұрайлылық қоғамның дамуын кешеуілдетіп отыр.

Соңғы жылдары бұл мәселелерге жас қыздар арасындағы жүктілік қосылды. Елде қаламаған жүктілікті үзу көрсеткіштері көбейді.  Статистикалық мәліметтер қазір елдегі әрбір бесінші жүктіліктің үлесін аборттардың санының артуына себепкер ретінде көрсетіп отыр. Бұның бәрі ата-аналардың жас қыздар тәрбиесін бетімен жібергенін көрсетеді. Медицина қызметкерлері жас қыздардың көбінің қазіргі медицинадағы дамыған контроцепцияларға жүгінбейтінін айтады. Егер олар дәрігерге дер уағында көрініп, өз проблемасын алдын ала айтса мұндай келеңсіздіктердің азаятыныны анық. Кәмелеттік жасқа толмай жүкті болып қалу  әсіресе, ауылдық жерлерде кеңінен таралған.

Соңғы деректер Қазақстанда 2,5 миллионнан астам 18 жасқа дейінгі жасөспірім қыздар мен жас қыздар тұратынын айтады, ол көрсеткіш  республикадағы барлық әйелдердің бесінші бөлігі.  Кейінгі есептер соңғы бес жылда кәмелеттік жасқа толмағандар жүктілігі бойынша 35 051 жағдай тіркелгенін алға тартты, осы уақыт аралығында  15 – 18 жас аралығындағы қыздар арасында 10 000-ға жуық  аборт жасалған. Деректер  15 – 18 жас аралығындағы  қыздар арасындағы аборт саны өте жоғары көрсеткішке ие, бұл  жылына шамамен 2 мың аборт жасалады деген сөз. Мемлекет қабылдап отырған  2030-жылға дейінгі тұжырымдамада осы мәселеге кеңінен орын берілген. Алдағы уақытта ұлт болашағына алаңдайтын, соны жақсарту жолында еңбек етіп жүрген кез келген мемлекеттік мекеме жастар мен жасөспірімдер ісін қатаң қолға алмақ. Олармен жекелей арнайы бағдарламалар арқылы жұмыстар жүргізілмек.

Гендерлік саясат мәселесі қолға алынғалы бері мемлекетте ауқымды, кешенді жұмыстар көп атқарылды. Солардың бірі отбасындағы зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мәселесі. Бұл мәселе аясында бүкіл республика бойынша арнайы комиссия, арнайы комитеттер жұмыс істейді. Рас, қазіргі қоғамда отбасылардағы зорлық-зомбылық және қатыгездік жағдайлары жиілеп кетті. Статистика отбасындағы әрбір  үшінші әйелдің зорлыққа ұшырап,  өз өмірін ұрып-соғуға, сексуалдық мәжбүрлеуге немесе қатыгез қатынастардың өзге де түрлеріне ұшырайтынын анықтаған.  2015 жылы Ішкі істер министрлігінің есебі бойынша,  әйелдерді қорлық-зорлықтан  қорғау бөлімдеріне 50 мыңнан астам әйел көмекке жүгінген, олардың 3,6 мыңнан астамы заң және психологиялық көмек алу үшін дағдарыс орталықтарына жіберіліпті. Республикада жыл сайын отбасында құқық бұзушылықтар жасап, бір-біріне зорлық-зомбылықтар жасағаны үшін, дене жарақаттарын салғаны  үшін 45 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылады, 10-ға  мың жуық  адамға қатысты әкімшілік қамауға алу түрінде жазалау шарасы тағайындалған.

Ішкі істер министрлігінің есебінде бір-біріне қорлық, зорлық көрсеткенен опат болып, өте қайғылы жағдайларда қайтыс болып кетіп жатқан деректер де өте көп. Отбасындағы кикілжің тек қана екі ересек адамға ғана кесірін тигізбейді. Ол сондай-ақ сол отбасындағы балаларға да өз жарасын салады. Ондай отбасылардағы  2 жаспен 16 жасқа дейінгі әрбір екінші бала отбасындағы жазалаудың  нысанына айналады екен. Отбасындағы тәрбиесі дұрыс болмаған бала сыртқа шыға сала, сыртқы әлем, оны қоршаған ортасынан да қысым көреді. Ондай қараусыз баланы айналасы да жәбірлеуге дайын тұрады. Өз қатарласатары, одан ересек балалардың, тіпті ұстаздардың қысымына тап болып, зорлық-зомбылыққа ұшыраған бала тіпті кей жағдайларда амалсыздықтан өзіне өзі қол жұмсауға дейін барады. Өкінішке қарай осындай өзекті мәселелер әлі де болса өз күшінде қалып отыр. Мектептегі зорлық-зомбылыққа душар болу фактілері де күн сайын артуда. Жоғарғы сынып оқушылары тарапынан қысым көріп, тіпті зорлану фактілері де тіркелген. Естеріңізде болса, жалғыз әжесінің қарауындағы оңтүстікқазақстандық баланың ересек балалар тарапынан зорлық көруі былтыр республика көлеміндегі шуға айналған. Бұл көпшілікке жария болған бір ғана оқиға. Ал республиканың шалғай жерлерінде жұрт наразынан тыс орын алып жатқан қысым-зорлық, зомбылықтар қаншама?!
ҚР Білім және ғылым министрлігі де бұл бағытта біршама ауқымды шаралар өткізуде. Республика көлемі бойынша өткізілетін әртүрлі отбасылық марафондары, отбасылық фестивальдар осы мекеменің тікелей мұрындық болуымен жүзеге асады. Минстрлік ата-аналармен арнайы жұмыстар жүргізіп, әр отбасының жұмылып жұдырық болуға тиіс екендігін, жанұяда береке-бірлік болған жағдайда ғана бала өзін батыр, өзін білімді, өзін бәрінен мықты сезінетінін жеткізуде. Былтыр аталмыш министрлік мынадай бір мәліметті жариялады: министрліктің  балаларға көрсетілген зорлық-зомбылық фактілері бойынша жүргізген зерттеу нәтижесі балалардың 68 %-ы  өз үйінде өздерін қауіпсіз сезінбейтінін айтыпты. Бұған әрине, көптеген ата-аналар сенбейтіндіктерін айтып, өз наразылықтарын білдіріп жатты. Қалай десек те, бұл балаларда осындай сенімсіздік барын көрсетті. Яғни, бұл әр баланың өте жоғары дәрежеде қамқорлықты талап ететінін білдіреді. Демек, біз  балаларды ешқашан өз назарымыздан тыс қалдырмауға тиіспіз.  Мүмкін болса өз баламыздың ғана емес, өзге де тұрмыс үйлесімін таба алмай жүрген отбасылардың да балаларына қамқорлық танытқан абзал шығар. Өтйкені, қазіргі Қазақстанның неке және отбасы жағдайында өгей әке, өгей шеше ұғымы қалыпты түсінік ретінде қалыптасты. Бірақ бұл бәрібір жаны жүрегі, сезімі бар жас бүлдіршін үшін түсініксіз әлем. Сондықтан да, өгейлік ұғымы бәрібір өкінішке қарай, өз дегенін істейтін жағдайларда жоқ емес.
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексімізде бүгінде жаңа толықтырулар мен өзгертулерге ие болған. Қазіргі таңда осы заң аясында мемлекет ана мен баланың құқығын барынша қорғауға ат салысуда. Білімді, сауатты аналар үшін кез келген мекеменің есігін ашты. Қазір мемлекеттік қызметте жүрген арулар көп. Және олар ер азаматтармен қатар иық тірестіре жүріп еңбек етуде. Гендерлік саясат Қазақстан әйелдеріне үлкен мүмкіндіктер ашты. Бүгінгі таңда осы заңдар аясында көптеген арулар жеке және шағын кәсіпкерлікпен айналысып, өз кәсібін дөңгелентіп отыр.

Елімізге әлемнің озық тәжірбиелері енгізілді. Әйелдер қауымы қазір респубилика ғана көлемінде емес, халықаралық ареналарда да өз мүмкіндіктерін дәлелдеуде. Дүниежүзілік экономикалық форумдарда төбе көрсетіп, Қазақстан әйелдерінің қабілет-қарымын көрсетіп жүр. Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған «Отбасы және әйелдер ісі жөніндегі» ұлттық комиссия да өз жұмысын дөңгелентіп отыр.  Қазақстан гендерлік саясатты іске асыру жолында мынадай игіліктерге қол жеткізді. Сайланбалы билік органдарында әйелдер саны артты, әйел депутаттар қатары көбейді. Барлық мемлекеттік және әкімшілік қызметтерде әйелдердің үлесі еселенді.  Одан бөлек, барлық үкіметтік емес органдарда, қоғамдық қорларда, әртүрлі альянстарда қыз-келіншектердің белсенділігі артты.  Қазақстанның еңбек нарығы  білімді де білікті йелдер қауымымен толысты. Мұндай иігілікті қадамның бәрі біз мақаламыздың басында айтқан өзекті мәселелердің шешілуіне себепкер болады. Әйелдердің отбасына, анаға, балаға, қоғамға деген мейірімі ерекше. Ендеше, елдік істерде әйелдерге артылған жүк пен олардың атқаратын міндеті де ерекше.  Қазақстандық қыз-келіншектердің экономикалық мүмкіндіктері кеңейген. Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия  бүкіл ел аумағындағы әйелдер кәсіпкерлігінің артуын тікелей қолдау, демеушілік білдірді. Аталмыш комиссия әйелдер құқығын кез келген мәселеде қолдап, қорғауға дайын екендіктерін көрсетуде. Қазір әйелдердің белсенділігі бірінші кезекте, елдегі  шағын және орта кәсіпкерлікте ерекше көрінеді.   Бүгінгі таңда бизнестегі әйелдер үлесі 50 % -дан артқан. Қыз-келіншектер  кәсіпкерлігі көтерме және бөлшек сауда саласын да да жоғары, олардың үлесі кәсіпорындардың жалпы санының 60,5 % құрайды.

Мемлекет тарапынан қабылданып жатқан әртүрлі бағдарламалардан әйелдер қауымы тыс қалған емес. Білім беру салаларында да әйелдердің белсенділігі артқан. Әйелдер үшін сапалы білім алуда  қолжетімділік пен  теңмүмкіндіктер қарастырылған. Статистикалық деректер қазіргі уақытта  38 жоғары оқу орнында  «Білім беру», «Гуманитарлық ғылымдар», «Әлеуметтік ғылымдар, бизнес және экономика» салаларында гендерлік теңдік мәселелері қаралатын 60 элективтік курс даярланып, қолданысқа енгізілгенін мәлім етті.
Одан бөлек, мемлекеттік білім беру гранттары бойынша  да жоғары оқу орындарында білім алып жатқан 129 мың адамның,  60 %-ын қыздар құраған.   «Болашақ» стипендиясы шеңберінде  де шетелдерде қазақстандық қыз-келіншектер білім алып жүр. Әйелдер қауымына көрсетіліп жатқан мұндай игіліктер болашақта да дами бермек. Ендеше, қазақстандық кез келген  қыз-келіншек сапалы өмір сүріп, сауатты ұрпақ тәрбиелеуі тиіс.

Айбарша Сатыбалды,тәрбиеші

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.