21-03-24 |
8370 рет қаралған
Табыс әділ бөлінсе ырыс артады.
Табыс әділ бөлінсе ырыс артады

Мемлекет монополияны жойып, табыстың әділ бөлінуін қамтамасыз етеді. Ең басты мақсат – елде әділеттілік орнату. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасындағы негізі ұстаным болды.

Мемлекет басшысы 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Ұлттық қор – балаларға» атты жобаны іске асыруды ұсынған болатын. Былтыр үкімет пен Парламенттің қос палатасы арнайы заң жобасын қабылдады. Осылайша, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50% балалардың есепшотына түсе бастады.

Қаржы министрлігінің дерегінше, наурыз айына дейін 775 адамнан өтініш түскен. 18 жасқа толған азаматтар арасынан 422 азаматтың өтініші мақұлданып, олар өздеріне тиесілі қаражатты баспанаға және білім беру ақысын төлеу үшін қолданған. «Тұрғын үйді жақсарту үшін 16 016 доллар және білім беру үшін 26 062 доллар төленді. 2024 жылдың басында нысаналы талаптарға қатысушылардың саны 6 919 131 адамды құрады, оның ішінде 304 815 адам 2024 жылы 18 жасқа толды (толады)», – делінген министрліктің хабарламасында.

Қазақстанның Ұлттық банкі мен Қаржы миистрлігінің дерегінше, бұдан былай Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысы (50%) жыл сайын 18 жасқа дейінгі барлық жастағы балалар арасында бөлініп отырады. неді. Яғни, әр балаға бөлінер қаржы инвестициялық табыс түсімінің көлеміне қарай, мұны орта есеппен алсақ, 1 жастан 18 жасқа дейінгі уақыт ішіндегі болжамды сома шамамен 3,5 мың доллар. «Бұл сома капитал нарығының құбылмалылығын ескере отырып есептелген және әлемдік экономиканың конъюнктурасына байланысты түзетілуі мүмкін», – деді Қаржы министрі. Дегенмен, бұл болжамды мәлімет. Үкімет қордың инвестициялық табысы алдағы жылдары көбейеді деген ойда. Мәжілісінің депутаты Ерлан Стамбеков Ұлттық қордағы қаржылық операциялар АҚШ долларымен жүргізілетіндіктен инфляциядан қауіптенбесе болады деген пікірде. «Ақша баланың есепшотына доллармен түседі. Әлемде қаржылық операциялардың 84%-дан астамы АҚШ доллары арқылы жасалатындықтан, оның бағамына қатысты аса қатты өзгеріс болмайды. Екіншіден, Қазақстанның Ұлттық қорының қаражаты шетелдік банктерде сақталады. Бұл да сенім туғызады», – дейді депутат.

Айта кетейік, 2022 жылы 5 маусымда еліміз республикалық референдум арқылы саяси-әлеуметтік өзгерістерге дауыс берді. Референдум барысында қабылданған заңдар арқылы Конституцияға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ата заңның 6-бабының 3-тармағы «Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады» деген жаңа түзетулермен қайта жазылды.

Президент сол жылдың күзінде халыққа арнаған Жолдауында «Біз Ата Заңымызда жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі деген басты қағидатты бекіттік. Бұл құр сөз емес. Бұл – барлық реформаның арқауы. Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек», – деп атап көрсетті.

Бұл тұтас халыққа қажет өте пайдалы норма. Заң ғылымдарының кандидаты Айыпқан Мұхамадиевтің айтуынша, 6-баптағы өзгеріске сәйкес, Қазақстанның барша азаматы жердің астындағы да үстіндегі де мол байлықтың иесі болып саналады. Енді оған ешкімнің таласы жоқ. Алайда, бұл өзгерістің бастамасы ғана дейді заңгер. «Бұл оң өзгеріске көпшілік әлі мән бермей отыр, өйткені ел тұрғындары жердің асты-үстіндегі байлықтың пайдасын әлі де шынайы сезіне қойған жоқ. Себебі осы уақытқа дейін Үкімет, Парламент 6-баптағы ерекше елге пайдалы норманы дамыту, қолданысқа енгізу жайлы заңдарды әлі де қабылдамай отыр. Тіпті, ондай заң жобасын дайындау жайлы да сөз айтылмай жатыр. Мұны тездету керек»,–дейді заңгер.

Әрине, Қазақстандағы биліктің бастауы – халық. Республиканың бар байлығы – өз азаматтары. Десе де, ел тұрғындары осынау игілік пен мұраны сезініп, болашаққа сенім қарауы үшін заңнаманы да жетілдіре түсу керек екенін айтады сарапшы. «Осы табиғи байлықтар, ресурстар халыққа тиесілі деген жаңаша бастаманы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жиі айтуда, бірақта неге екені белгісіз билік бұл басты заңды ширатып, анықтап, құқықтық реттеу жолын әлі де жасамады. Егер де заңдармен халықтың нақ меншік иесі екені белгіленіп қадағалауы, әркімнің өз үлесін алу жолдары көрсетілсе, туған ел мен жерге жанашырлықпен, үнемділікпен, сүйіспеншілікпен қарау патриотизм артады деп ойлаймын. Бұл Мемлекет басшысы айтып жүрген озық ойлы ұлт қалыптастырудың бірден бір айқын жолы болар еді», – дейді Айыпқан Мұхамадиев.

Расында да еліміздегі жер асты және жер үсті байлықтарды игерудегі мүмкіндік пен әлеует әлі толық ашыла қойған жоқ. Жер үсті байлығын былай қойғанда Қазақстан аумағанда барланбаған 5 мыңнан астам кен орны бар. Демек, әлемдік нарық пен адамзат игілігіне қажет пайдалы элементтердің түрін игеру болашақтың еншісінде. Мемлекет басшысы былтыр халыққа Жолдауында сирек кездесетін осынау қазба байлықты игеруге басым бағыт беріп, Үкіметке 2026 жылға қарай зерттелетін аумақты 2,2 млн шаршы шақырымға дейін ұлғайту жөнінде міндеттер қойды. Геологиялық барлау жұмысын кеңейту өндіріс көлемін артырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын құру, экономиканың дамуына айтарлықтай ықпал етеді деп күтіліп отыр.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.